Биылғы «Қанды қаңтар» бәрімізді әбігерге түсіріп, әрбірімізді ойландырып кетті. Себебін іздеп сансыраған жұрт. Жауап түрлі нұсқада айтылып жатыр. Заң орындарының да ресми жауабы шығар. Есіме 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан түсті. Оның да ұйымдастырушысы әлі күнге белгісіз. Арада 36 жыл жатыр жосылып. Ит әуремен, желпініп жалаң мақтанумен өтіп кеткен өмір-ай. Бұл не? Ұйымдастырушысы неге анықталмайды әлі күнге? Ә-ә, айтқандайын, 1986 жылғы Желтоқсан ызғары мен 2022 жылғы Қаңтар қырғынының егіздің сыңарындай ұқсайтын жері аз емес. Егер 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдары анықталса, бәлкім 2022 жылғы «Қаңтардағы қанды оқиға» болмас па еді?
Қазақта сөз бар: «Қолмен істегенді баспен көтеру керек!». Мойындау сөзі. Басқаша айтсақ, арылу! Өз қылмысын мойнына алу, мойындау, арылуға жоқ бір ұрпақ болдық қой біз. Бұрын сөзге тұрған қазақ едік. Бүгінде сөзді елемейтін болдық. Біздің бүкіл трагедиямыз осы қолмен істегенді баспен көтеруден айнығанымыздан. Берік ұстанымның жоқтығынан!
Мен бүгін 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты халықтан кешу сұрап, арымның алдында арылуға тәуекел етіп отырмын. Не үшін? Кезіндегі «Социалистік Қазақстан» газеті журналисі бола жүріп, қанды оқиға жайында жалған ақпарат бергенім үшін. Бүгінгі «Егемен Қазақстан», кезіндегі «Социалистік Қазақстан», одан әрідегі «Социалды Қазақстан», тым әріге барсақ «Еңбекші қазақ», «Еңбекшіл қазақ»... қиын уақыттарды басынан өткерді. Мұнда арылуға себеп яки арылуды сұрайтын материалдар жетіп артылады.
Желтоқсанға байланысты сол жылдары (1989) екі комиссия құрылды. Бірі – тәуелсіз комиссия. Оны Мұхтар Шаханов басқарды. Екіншісі – мемлекеттік комиссия. Оны Қадыр Мырзалиев басқарды. Мәселе біреу, комиссия екеу. Неге? Шамасы, ол кезгі Орталық комитет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Мұхтар Шахановтың тау тасқынындай екпінінен қаймықты. Шаханов ашар ақиқат тым ащы еді. «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза екі комиссияның бірінің төрағасы Қадыр Мырзалиевтен сұхбаттасуды тапсырды. Жағдайды жұрттың бәрі біліп болған. Жұрт білетін шындықты алдымен журналистер біліп алатыны белгілі. Мен тапсырманы орындағым келмей қиқаңдадым. Өйткені Қадыр Мырзалиев Орталық комитеттің сөзін айтады. Ал Мұхтар Шаханов халықтың сөзін сөйлейді. «Сұхбат алсам, Мұхтар Шахановтан алайын...». Менің уәжіме Шерхан аға: «Шахановтың ығымен кетер болсақ, Өзбекәлі Жәнібековті құлатып аламыз. Онсыз да Колбин оны тығырыққа тіреп жүр», деді. Менің дымым құриды. Халықшыл хатшыны құлату – халықты қасіретке айдау. Ақыры, басшы екеуміз бір шартқа тоқтадық: «Қадыр Мырзалиев комиссияның есебін дайындап жазып алып келеді. Мен оны қызулы сұрақтармен сұхбатқа айналдырамын». Солай еттік. Сұхбат бұрынғыға қарағанда Желтоқсан оқиғасы бойынша бірсыпыра ілгерілеушілік. Бірақ ақиқатты ақи-тақи айта алған жоқпыз. Қайта, сұхбатым бұқаралық комиссия төрағасы Мұхтар Шаханов шырылдап жүрген шындықтың алдын алып, оны жұмсарту, тіпті тосқауыл қою сияқты болып шықты. Ертеңіне «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде «Көңіл кірі қайтсе кетеді?» аталатын сұхбат «жарқ» ете қалды. Орталық комитет органы жариялаған бұл материалды, о құданың құдіреті, аудандық, ауылдық газеттерге дейін (қабырға газетінен басқасы) екі күннің ішінде басып тынды. Жартылай да болса шындық айтылды. Жартылай шындық – шындық емес, шындық атымен ақиқат алдына керме тарту болды да шықты. Газет шыққан күні таңертеңгілік Мұхтар Шаханов телефондады. Мен сұрағына қарай бар шындықты жасырмай айттым. Аздап қынжылыс білдірген Шаханов трубканы жауып, әрі қарай жұмысына кірісті. Мұқаңның Желтоқсан ақиқатын айтуда еңбегі ерен.
Дегенмен, Шаханов комиссиясы да Желтоқсан ақиқатын толық аша алған жоқ. Басы ашылмаған басты сұрақ – ұйымдастырушы кім? Ол сұраққа күні бүгін жауап жоқ. Тұп-тура «Қаңтар қанды оқиғасы» секілді. Өмірде сыйласқан Қадыр ағаға үш рет өтінішпен қайырылдым. Бірі – И.Сапарбаевтың 60 жылдығына орай Жетісай жеріне келген күні. 2005 жылы 1 қараша күні. Өмірінің соңында Түркістанға Райымбек Сейтметовті еске алуға келген сапарында. Өтініш біреу: «Біз Желтоқсан көтерілісіне байланысты «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде 1989 жылы 5 желтоқсанда жариялаған жартыкеш шындық, жарымжан саясат сойылын соғып, жасаған екеуара сұхбатымыз үшін халықтан кешу сұрау. Үшеуінде де алған жауабым: «Құлбек, не мені өлмейді деп жүрсің бе?» – деген бірауыз сөз!
Жылда Желтоқсан айналып келгенде, осы «Көңіл кірі қайтсе кетеді?» аталатын сұхбатымыз еске түседі. Туған халқымыз алдында, Желтоқсанда опат болғандар аруағы алдында өлердей қысыламын. Ол аздай енді «Қаңтар қанды оқиғасы» тағы басымыздан өтіп отыр. Мына жарық жалғанда қазақтың дара ақыны Қадыр Мырза Әлі де жоқ. Біз боз бастанғалы қашан.
Оқырманға ұсынылып отырған сұхбат үшін Қадыр аға да, ол кісімен бірге мен де барынша жауапты, мейлінше ұяттымыз деп білемін. Халқымыз ақиқатқа сусаған сол бір қаралы күндері жазып, жариялаған «Көңіл кірі қайтса кетеді?» аталатын сұхбатты кешегі «Социалистік Қазақстанның» жалғасы – «Егемен Қазақстан» газетіне қайыра ұсына отырып, Қадыр аға аруағын алға ұстап, тең жауапкершілікпен, екеуміздің атымыздан қазақ халқынан басымды иіп кешу сұраймын! Желтоқсан көтерілісін ақиқатын ақи-тақи ашпай, тіпті жасырып, жартылай ғана шындықты сұхбат жариялап, халықты алдарқатқанымыз үшін! Біз ол жартыкеш шындығымызбен айқайлатып тақырып қойып, өзара сұхбаттасқанымызбен, ел көңіліндегі кірбің кете қойған жоқ. Халықты алдауға болмайды! Халық киесінен бәріміз, әрбіріміз қорқуымыз керек. Халық алдында біліп-білмей жасаған кінә, күнәмізді ашық айтып, арыла білуміз керек! Сонда үлкен-кіші имандылыққа келеміз. Сонда толқын-толқын қазақ елін құрайтын, буын-буын ұрпақты имандылық рухында тәрбиелей аламыз. Әйтпесе, халық ырысының қаймағын сыпырып жеп, «маңқыт, аузыңа саңқытпен ...» еш мұратқа жетпейміз, ел болмаймыз! «Жауды жеңген – жарты батыр, Өзін жеңген – шын батыр». Міне, біздің әрбірімізге керекті идеология! Өз жүрегіңнің түбіне терең бойла, Қазақ елі!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
«Егемен Қазақстан» газетінің ардагері