Жаһандық індеттен ел енді ес жиғандай. Әйтсе де медицина саласын әлі де әбігерге салуда. Мәселен, Жетісу облысында дәрігер тапшылығы қатты біліне бастады. Қазір өңірге 202 маман қажет. Ол мамандардың 157-сін қаладағы емханалар күтіп отырса, қалғанына ауылдағы ағайын кіріптар. Бүгінде облыста жастар арасында әртүрлі ауру дендеп барады. Оның алдын алатын ақжелеңді абзал мамандар аз.
Қараңызшы, өңірдегі ауыл тұрғындарын скринингтен өткізу қорытындысында 1 мыңға жуық науқас анықталған. Бүгінде медициналық тексеруден 32 мыңға таяу адам өткен екен. Бұл үрдіс әлі де жалғасады. 18-29 жас аралығындағы жастар арасында да науқастар саны едәуір. Сол себепті арнайы скринингтерден өткізіліп жатыр. Коронавирус індеті де аяқтан тартып тұр.
Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес ауыл тұрғындарының скринингі 4 мақсатты топ бойынша жүргізіліпті. Алдымен «Жастар» – 18-ден 29 жас аралығында, одан кейін «Еңбек-1» – 30 бен 44 жас аралығы, орта буын «Еңбек-2» – 45 пен 65 жас аралығы және «Зейнеткер» 66 жастан жоғары қарт адамдар тексерістен өтуге құқылы. Бұдан бұрын облыста скринингпен 30-70 жас аралығындағы тұрғындар толық қамтылған екен. Бұл ретте бізді қуантқаны – ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызмет түрлерінің кеңейтілгені.
Мәселен, бүгінде глаукома, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, асқазан-ішек жолдарының және бүйрек жетіспеушілігі, өкпе туберкулезі, сүт безінің қатерлі ісігі аурулары ерте сатыда анықталады. Яки алыстағы ауыл тұрғындары емге жүгінуге ерте бастан қамданса болады деген сөз. Алдын алу, ерте диагностика және уақтылы емдеу кез келген сырқатпен күресте өте маңызды. Осы ретте облыста тұрғындарды профилактикалық тексерулермен кеңірек қамту мақсатында 8 жылжымалы медициналық пункт жұмылдырылған. Осындай мүмкіндіктермен барлық аудандық аурухана қамтамасыз етілген екен. Қазіргі уақытта аудандарда 3 жылжымалы медициналық пункт пен 5 автобус бар. Бірақ... Осы «бірақ» дегеннен шығады. Мұндай медициналық тексеру жұмыстары жылына бір-екі рет қана ұйымдастырылады. Төрт түліктің соңында жүрген кейбір ауыл азаматтары жылжымалы медицинаның келгенін де естімей қалады. Әрі сырқаты қозғанда жанын қоярға жер таппай қалатын жандарға анда-мұнда бір соғатын көмектің пайдасы шамалы. Оларға еміне шипа беретін маман жақын маңда болғаны тиімді.
«Коронавирус індеті кезінде ауыл тұрғындарының дені үйінде емделді. Баяғы дала медицинасының тәсілін пайдаланып, сырқатты жеңгендер де бар. Ауылдағы жалғыз дәрігер қайсымыздың ауруымызбен алысады. Дерт меңдесе аудан орталығына сабыламыз. Онда да емдеп қатырмайды. Дәрігерлердің жетіспейтіні білінеді. Әйтеуір дәріханадан дәрімізді алып қайтамыз. Ковидпен ауырғандар әлі де оның азабын тартып келеді», дейді Ескелді ауданына қарасты Қаратал ауылының тұрғыны Досымбек Қанатбек.
8 маусымнан бері Жетісуда 2 554 адам КВИ-мен науқастанған екен. Күннен-күнге дертті жандар артып келеді. Сырқаттанушылық 5 жағдайдан 16 жағдайға дейін өскен. Ауырғандардың арасында толық екпе курсын алмағандар (ревакциналау) 65 пайызды құраса, мүлдем екпе алмағандар 35 пайызды құрап отыр. Одан бөлек, өңірде толық геномдық секвенирлеу нәтижесінде «Цербер» субгенетикалық желісі табылған.
«Жаңа «Цербер» штамының белгілері омикронның бұрынғы кіші түрлерінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Ауру көбінесе жіті респираторлық аурудың жеңіл түрінде болады. Қызудың көтерілуі, буын ауруы, аздап мұрыннан су ағу, әлсіздік болуы мүмкін, кейбірінде ішек аурулары болады. Штамм тез жұғуымен ерекшеленеді, алайда аса қауіпті емес. Науқастарды диагностикалау және емдеу басқа COVID-19 штамдарынан ерекшеленбейді. Инфекциядан қорғаудың тәсілі – COVID-19-ға қарсы вакциналау мен ревакциналаудың аяқталған курсы», дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев.
Иә, індет үсті-үстінен бастырмалатуда. Бұл ретте әуелгі ауыртпалық дәрігерлерге түсетіні даусыз. Аудандағы 2-3 маман ауылдан ағылып келетін жұрттың қайсысына жетеді? Маман тапшылығын айтпағанда, облыс бойынша медициналық мекемесі жоқ ауылдар әлі де жетерлік. Кейбір аудандарда медицина мекемесі мүлде болмаған. Енді бірі апатты жағдайда. Едендері тесіліп, төбесі құлап тұрғандары да кездеседі.
Мәселен, 40 мың тұрғыны бар Ақсу өңірінде аудандық ауруханадан басқа екі аурухана бар. Бірі – Матайда, екіншісі – Қапал ауылында. Қалғандары – дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункттер. Сонымен Ақсуда барлығы 41 медицина мекемесі бар. Ауданға енді 12 медициналық пункт керек. Осы жағдай барлық ауданға қатысты. Ескелді аудандық ауруханасының директоры Сәуле Рыспекқызының айтуынша, оларға да 12 медицина пункті керек. Биыл үшеуі салынса, тағы 9 медицина мекемесіне қажеттілік туындауда. Ал жауапты мамандар «әр ауданға жылына осындай блокты-модульді пункттен 2-3-тен салып алсақ, барлық елді мекенді қамтитын едік» дейді.
Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансенгіровтің айтуынша, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін мамандарды баспанамен қамту, балаларын балабақшаға орналастыру сияқты әлеуметтік қолдау қарастырылған.
«Қазіргі уақытта Президент тапсырмасымен ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Онда денсаулық сақтау саласын жаңғырту келесі жылдан бастау алады. Жетісу облысы бойынша жоспарға 59 нысан енді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік пункт және 5 медициналық пункт бар. Сондай-ақ биыл облыстың 6 ауданында 12 блок-модульдік конструкция орнатылуда. Оның 5 нысаны қазіргі уақытта қолдануға берілді. Бұл орталықтар Көксу, Ескелді және Алакөл аудандарында орналасқан. Қалған 7 нысан желтоқсан айының басына дейін пайдалануға беріледі», деді А.Жансенгіров.
Оның айтуынша, медициналық мекемелерде «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Ұсынылған бос жұмыс орындарына апта сайын талдау және жаңарту жүргізіледі. Үміткердің біліктілік деңгейіне және кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талаптарға сәйкес персоналды іздеу және іріктеу жүзеге асырылады. Биыл облыстың медициналық ұйымдарына 82 дәрігер келіп, «Enbek.kz» порталы арқылы қабылданған.
Облыс бойынша емханаға тіркелген азаматтардың саны – 666 489 адам. Осы ретте 6 737 облыс тұрғыны емхана ауыстырған екен. Иә, әрбір адам жақсы маманға қаралғысы келетінін ескерсек, аурухана ауыстырған азаматтарды түсінуге болады. Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекенжайын, жұмысын немесе оқу орнын өзгерткенде, басқа жаққа қоныс аударғанда, тіркелу емханасы қайта құрылып немесе қызмет көрсетуді тоқтатқанда да ауыстыруға болады. Сонымен қатар жылына 1 рет еркін таңдау бойынша тіркелу құқығы бар.
«Емханаға тіркелу үрдісінің маңызы зор. Себебі кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде қызметтерді жоспарлы пайдалану үшін емханаға тіркелу қажет. Осы жылдың тіркеу науқанына 17 емхана қатысты, оның 1-і жаңа, жекеменшік медициналық ұйымдар», дейді Гүлзира Таипова.
Жалпы, тіркелетін емхана үйге жақын орналасу қажет. Бұл дәрігердің уақтылы үйге келіп жедел көмек көрсетуіне қолайлы. Екіншіден, бір отбасының бір емханаға тіркелгені жөн. Емханаға тіркелу, өткен жылдан бастап электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылатын болды. Тіркеудің автоматтандырылуы емханаға «сырттай» тіркелу фактілерінің алдын алды. Оған тіркеуге қатысты шағымдардың күрт азаюы дәлел.
Тағы бір айта кететін жайт, жалпы өңір бойынша 129 583 адам сақтандыру мәртебесін алмаған. Алайда сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азамат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Бірақ жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы Saqtandyry Bot арқылы білуге болады.
Жалпы, 2021-2022 жылдары біліктілікті арттыру үшін облыс дәрігерлері Түркия, Ресей, Беларусь сияқты шетелдерде білімін жетілдіріп келді. Бұл ретте алдымен акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, психиатрлар секілді мамандардың маңызы зор. Бүгінде облыста 361 медициналық ұйым көмек көрсетеді.
Жетісу облысы