Тәуелсіздік күні қарсаңында «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері елордадағы «Қаламгерлер» аллеясында «Алаш» қозғалысының көшбасшыларына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
«Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тәуелсіздік – ұлт рухының діңгегі» акциясы – Азаттық жолында құрбан болған «Алаш» қозғалысының ұлы қайраткерлеріне көрсетілген құрмет.
«Жастар рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, тәуелсіздік халқымыздың қастерлі құндылығы екенін жастар қауымы жақсы түсінуі тиіс.
«Тәуелсіздік – еліміздің әрбір азаматы үшін қасиетті ұғым. Соның арқасында Қазақстан жемісті жетістіктерге қол жеткізді. Бостандық ұлттық рухымыздың өзегі екенін жастар қауымы терең түсінсе дейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Алаш қайраткерлерінің дербес мемлекет болып, жер жүзімен терезесі тең қатынас орнату жөніндегі арман-мақсаты жүзеге асты. Тәуелсіздікті нығайту және мемлекеттілікті қорғау тарлан тарих пен болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз екеніне сенімдіміз», деді Нұржан Жетпісбаев.
Осындай іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өтті.