• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Елорда 20 Желтоқсан, 2022

«Тіл шебері-2022» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

504 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен «Тіл шебері-2022» республикалық байқауы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дәстүрлі шара жыл сайын жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді, өз саласының кәсіби маманы танылған мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылып келеді. Байқаудың мақсаты - қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілердің пулын құру, оларды қолдау, насихаттау, мәртебесін көтеру.

Шараға Астана қаласында орналасқан мемлекеттік органдардан 3 мемлекеттік қызметшілерден тұратын барлығы 14 топтан құралған 42 үміткер қатысты.

Байқауда Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Абзалбек Ғабит Мұхамеджанұлы құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау шартына сай қатысушылар «Елтаным», «Сөзтаным», «Ойтаным» кезеңдері бойынша бақ сынады. Олардың үш тілді меңгеру деңгейі мен тілдік норманы сақтауы, орфографиялық және орфоэпиялық сауаттылықтары бағаланды. Жеңімпазды Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ілеспе аудармашы Әлпейісова Камал Әбілқасымқызы төрағалық еткен арнайы құрылған қазылар алқасы анықтады.

Қазылар алқасы мүшелерінің ортақ шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасы Бас жүлде иегері атанды.

І орынды Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің командасы;

ІІ орынды Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі командалары;

ІІІ орынды Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі командалары  иеленді.

Барлық қатысушылар Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының алғыс хатымен, «Тіл шебері-2022» дипломымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.