Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин І Орталық Азия медиа форумы қатысушыларына Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сіздерді І Орталық Азия медиа форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұқаралық коммуникациялар қарқынды дамыған қазіргі заманда медиа саласында тәжірибе алмасу және өңірдегі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу аса маңызды. Аймақтағы танымал журналистердің, сарапшылар мен медиа менеджерлердің басын қосқан форум мамандардың кәсіби пайымдарын бірлесе талқылауға мүмкіндік беретін бірегей пікірталас алаңы. Осы өлкедегі мемлекеттердің жан-жақты ықпалдастығы бауырлас халықтардың бай тарихы мен ортақ мұрасына негізделген. Биыл ағайын елдердің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр», делінген Президент құттықтауында.
Бұдан соң, Мемлекет басшысы ХХІ ғасырда Орталық Азияны бірлесе дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою рәсімінің осы мерейлі жылда өтуінің зор символдық мәні туралы айтқан.
«Біз жаһандану дәуірінде өңірлік ақпараттық кеңістікпен шектеліп қалмауымыз керек. Бірлескен медиа өнімдер жасап, ортақ құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеу аса маңызды. Сол арқылы Орталық Азия елдерінің жасампаз идеялары мен жарқын істерін әлемге танытамыз», делінген құттықтауда.
Бүгінгі форумда Президенттің Орталық Азия елдері туралы хабар тарататын ортақ телеарна ашу және арнайы сайт құру туралы ұсынысы жеке талқыланады.