• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Желтоқсан, 2022

Кеңжолақты интернет ауылға қашан жетеді?

393 рет
көрсетілді

Мәжілісте өткен Үкімет сағаты «Қазақстан Республикасының елді мекендеріндегі байланыс мәселелері» тақырыбына арналды. Бұл мәселе бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады.

Отырысты ашқан Мәжіліс төр­аға­сының орынбасары Павел Казан­цев Мемлекет басшысының сай­­лауалды бағдарламасында байланыс пен интернетті дамыту мәсе­лесіне ерекше мән беріл­генін атап өтті. Сонымен қатар бағдарламада 5G байла­ныс са­пасының ең жоғары стан­дар­тын енгізу және байланыс инфра­құрылымын жан-жақты дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойылып отыр.

Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етудегі мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараға тоқталып, депутат­тардың сауалдарына жауап берді.

Министрдің айтуынша, Қазақ­станда 6 406 елді мекен бар. Оның 4 733-і кеңжолақты мобильді интернетке қосылса, тұрғын саны 260 мыңнан асатын 1673 ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілмеген.

«Барлық елді мекеннің 34 па­йы­­зы ADSL технологиясымен, яғни мыс сыммен қосылған, сон­дай-ақ оптика жүйесімен 26 пайы­­зы қамтамасыз етіліп отыр. Со­ны­­мен қатар тұрғын саны 260 мың­нан асатын 1673 ауыл кеңжолақ­ты ұялы бай­ланыс интернетпен қамтыл­ма­ған. Байланыс сапасын көтеру мақ­сатында жыл сайын «базалық стан­ция­лардың» санын көбейтіп жатыр­мыз. Бүгінде 43 мыңдай база­лық станция орнаттық. Жыл сайын 4 мың жаңа станция іске қосылады.

Заңнамалық өзгеріс арқы­лы операторларды байланыс инфра­құрылымына инвестиция салуға ынталандыру тетіктері бекітілген. Атап айтқанда, әрбір байланыс технологиясы үшін ең төменгі сапа параметрі белгіленген. Нақты айтатын болсақ, 3G-ге секундына 1 Мбит, 4G-ге секундына 5 Мбит айқындалды. Бұл механизмге сәйкес бекітілген сапа көрсеткішін бірінші рет бұзғаны үшін айыппұл сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен 1000-ға көтерілді. Бұл талап қайта бұзыл­са, 200 АЕК-тен 15 мыңға дейін жетеді. Шынын айту керек, бұрын айыппұл мөлшері аз болған. Сол себепті операторларға, бас­ты жауапкершілікті алмай, жай ға­на айыппұл төлеп жүре беру ың­ғайлы еді», деді Б.Мусин,

Сала басшысы «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Соның аясында елді мекендерді, автожолдарды кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету, олар­дың сапасын жақсарту бойынша бірқатар іс-шара көзделіп отыр. Жобаның мақсаты – интернет­ке 100 Мбит/с қосылатын теле­ком­­муникациялық инфра­құры­лыммен қамтамасыз ету.

«2027 жылы кеңжолақты ин­тернеттің үй желілеріне қосылу деңгейі 100 пайызға, сондай-ақ рес­публика бойынша 5G технологиясы 75 пайызға жетеді. Ал экономикада ішкі жалпы өнімдегі байланыс көрсеткіші 2 пайызды құрайды. Ұлттық жоба аясындағы басты іс-шараның бірі – оптиканы 3 мың елді мекенге жеткізу. Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп интернет жеткізу үшін кіші және орта операторларды субсидиялау, яғни шығынын өтеу үшін арнайы грант береміз. Келесі қадам – республикалық және облыстық жолдардың бойын­да талшықты-оптиканы жүргізу.

Осы инфрақұрылым негізінде жол бойында кеңжолақты ұялы бай­ланыс интернеті, яғни 4G қамта­масыз етіледі. 20 қалада 5G ұя­лы байланыс желісін енгізу және салу қолға алынады. Еліміз­дің операторларын 4G, 5G техноло­гия­ларына инвестиция салуға ын­таландыруға төлем ставка­ларын нөлге түсіру бойынша іс-шара жүргізіледі. Осы орайда елі­міздің аумағында 2027 жылға дейін 3,5 мыңнан астам базалық станция қойылады», деді Б.Мусин.

Сонымен қатар Бағдат Мусин байланыс сапасын жақсарту үшін әзірленіп жатқан заң нормаларына тоқталды. Атап айтқанда, барлық байланыс операторына көппәтерлі үйлердің инфрақұрылымына интернет желісін қамтама­сыз ету мақ­сатымен телекоммуни­кация­лық жабдықтарды орналастыру мін­дет­теледі. Тұрғын үйлерге бір емес, бір­­неше оператордың қыз­­метін қосу мүмкіндігі қарас­тыры­лып отыр. Ол үшін «Тұрғын үй қаты­нас­­тары туралы» заңға түзе­тулер енгізіледі.

Сонымен бірге жаңа аудандарды салуды жоспарлау кезінде база­лық станциялар мен байла­ныс тірек­­­терін орнату үшін аумақты резерв­теу талабы қойы­лады. Осы­ған байла­нысты «Сәу­лет, қала құ­рылысы және құры­лыс қызметі туралы» заңға түзетулер әзірленбек. Сапасыз бай­ланыс үшін операторға жауап­кершілік жүк­телген кезде або­ненттің шы­ғы­нын өтеу тетігі қа­рас­тыры­лады. Яғни егер қыз­мет сапасы көңілден шықпаса, тұрғын­дарға төлеген ақшасын қайтарып алу құқығы берілмек.

Отырыста Палатаның Эконо­ми­калық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ека­терина Смышляева талқы­ла­нып отырған тақырып бойынша қо­сым­ша баяндама жасады.

«Халыққа көрсетілетін мемле­кеттік, білім, қаржылық және басқа да қызмет түрінің басым бөлігі электронды форматқа белсенді түрде көшіп жатыр. Бұл қызметтер қолжетімділікті, яғни жоғары сапалы байланысты қажет етеді. Мемлекеттік онлайн қызмет көрсетудің халықаралық индексінде Қазақстан 8-орында. Мобильді интернеттің орташа жылдамдығы бойынша біз әлемде 85-орындамыз (Гондурас пен Угандадан төмен), ал тіркелген кеңжолақты интернет бойын­ша 86-орындамыз (Непал, Эква­дор, Гайанадан төмен). Бұл тең­герім­сіз­дік біздің қоғам үшін цифрлық теңсіздік пен цифрлық инклюзия атты жаңа мәселе туындатады», деді Е. Смышляева.

Жиын барысында Мәжіліс депу­таттарының сауалдарына құ­зыр­лы орган өкілдері де жауап берді. Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын орындау және елді ме­кендерді интернетпен қамта­ма­сыз ету мәселелерін шешу бойынша біраз мәселе қозғалды.

Отырысты қорытындылай келе, вице-спикер Павел Казан­цев депутаттық корпус елді мекен­дерді, әлеуметтік және өнеркә­сіптік нысандарды байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету үшін бар күшін салатынын айтты.