• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Желтоқсан, 2022

Қазақ данасына арналған Ташкент көрмесі

187 рет
көрсетілді

Өзбекстанның бейнелеу өнері галереясында ақын Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» атты көрме ашылды. Рухани іс-шараның ашылу салтанатына Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары, Туризм және мәдени мұра министрі Әзиз Әбдіхақымов, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов, «Жидебай-Бөрілі» Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шанбай, Бейнелеу өнері галереясының директоры Камола Акилова және зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ Ташкент қала­сында Абай Құнанбайұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көрме жұмысын ұйымдастырғаны үшін көршілес ел тарапына алғыс айтты.

«Әлішер Науаи мен Абайдың шығармашылығы – жалпы адамзат құндылықтарының қалыптасу үлгісін бейнелейтін ұлы мұра. Екі ойшыл әртүрлі уақытта өмір сүрсе де, оларды гуманизмге деген ұмтылыс пен поэзиядағы реформаторлық рух біріктіреді. Екеуі де бауырлас халықтың рухани тірегі», деді министр.

Ал Өзбекстан Премьер-министрі­нің орынбасары, Туризм және мәдени мұра министрі Әзиз Әбдіхақымов қазіргі уақытта түркі халықтарының мәдени жәдігерлерін сақтау және қал­пына келтіру бойынша үлкен жұ­мыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазақтың үлкен ойшылы Абай­дың шығармашылығына арналған көрменің ашылуы – Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достықтың нығайып келе жатқанын айғақтай­ды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа «Өзбекстанға қош келдіңіз» деп айтқым келеді. Бүгін ашылған көр­ме ұлы ойшыл Әлішер Науаидің гума­нистік дәстүрлерін сақтаған Абай шы­ғармашылығын жақсы түсінуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Оның шығыс пен батыстың бірлігі туралы, әлемдік мұраны игеру қажет­тілігі, энциклопедизмге ұмтылу, адам табиғатын жетілдіру туралы идея­лары қазіргі кезеңде де өзекті­лігін жоғалтқан жоқ», деді Әзиз Әбдіхақымов.

Бауырлас елде ашылған көрме «Көшпелі мәдениет Абайдың қалып­тасуының негізгі факторы ретін­де», «Әлішер Науаидің Абайды қа­лып­тастырудағы рухани тәлімгер ретін­дегі рөлі», «Абай өмірінің не­гізгі кезеңдері», «Суретшілер Ә.Қас­теев, О.Таңсықбаев, Е.Си­дор­кин, Н.Өтепбаев және т.б. шығар­ма­ла­рындағы Абай кейіп­керлері мен сю­жеттері» атты бө­лім­дерден тұ­рады. Онда қазақтың дәстүрлі тұр­мысы, сәндік-қолданбалы өнері, кес­кіндеме, графика, Абай туралы басы­лымдар, оның шығармалары ұсынылған.

Айта кетейік, «Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» көрмесі Таш­кент қаласында 19-30 желтоқсан күн­дері аралығында өтеді.