Биылғы 11-17 желтоқсан күндері аралығында Шымкенттегі «Отырар» университетінің спорт кешенінде волейболдан жоғары лигадағы әйелдер арасындағы XXX чемпионаттың ІІ тур ойындары өткен болатын.
Оған елімізден 6 команда қатысты. Атап айтқанда, Шымкенттің «Шымкент», Тараздың «Тараз», Оралдың «Грация KZ», Ақтөбенің «Ақтөбе», Атыраудың «Атырау», Қарағанды облысының «Елисеевские ласточки» командалары бақ сынасты.
Дейтұрғанмен, бұл сында алаң иелері шапшаңдық танытып, қарсыластарынан басым екендіктерін көрсетті. Жалпы, 5 кездесу өткізген жергілікті команда 4 ойында жеңіске жетіп, тек бір ойында ғана есе жіберіп алды. Әрбір кездесуде Шымкенттің волейболшы қыздары жарысқа жан-жақты дайындалғанын байқатып, жеңіске жету жолында ерлік жасады деуге болады.
Сонымен ІІ турдың қорытындысы бойынша 28 ұпай жинаған үшінші мегаполистің командасы бірінші орын алды. Ал 24 ұпай еншілеген «Тараз» арулары екінші орынға тұрақтады. Қоржынына 19 ұпай жиып үлгерген оралдық «Грация KZ» құрамасы болса, үшінші орынды місе тұтты. Ендігі кезекте барлық қарсылас командалар Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында ІІІ тур ойындарында кездесетін болады.