Орталық Азия медиа форумының екінші күнінде «Халықаралық ұйымдар – ынтымақтастық көпірі» тақырыбында панельдік сессия өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Онда түркі мемлекеттері ұйымының бірінші Бас хатшысы Халил Ақынжы сөз сөйледі. Ол елдерді халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
«Түркі кеңесінің мүшелері қарама-қайшылықта болмауы керек. Олар бір-бірімен ынтымақта болуы тиіс. Түркі елдері Еуропадан Азияға дейін орналасқан. Онда біздің көршілеріміз бар. Біз сондай-ақ ішкі қақтығыстарды шешуде рөл атқаруымыз керек. Біздің экономикамыз күрделі. Тек ынтымақтастық арқылы шешілуі керек мәселелер бар. Мысалы, су тапшылығы. Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіз аймақтық көршілік. Біздің көршіміз Ауғанстан, егер онда бірдеңе болса, бұл бізге тікелей әсер етеді. Бізде олармен тарихи қауымдастық бар. Біз осы өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнатуға үлес қосуымыз керек», деді спикер.
Айта кетейік бүгін елордада екі күнге созылған Бірінші Орталық Азия медиа форумы өтіп жатыр. Оған шетелден келген 100-ден аса спикер қатысуда.