Ташкентте өткен өзбек-қазақ өңіраралық бизнес-форумының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында жалпы сомасы 2,5 млрд доллар болатын 40 құжатқа қол қойылды.
Форумға екі жақтан 400-ден астам делегат қатысты. Бизнес-форум алаңында B2G, B2B кездесулер өткізіліп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары белгіленді.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдау бағдарламаларына қатысушылар жалпы сомасы 112,7 млн долларға 11 коммерциялық құжат жасасты. Олардың қатарында қазақстандық «Теміржол жөндеу» ЖШС компаниясы мен «Өзбекстан темір жолы» арасындағы Ангрен – Пап – Қоқан – Әндіжан – Савай учаскесінде темір жол жөндеу қызметтерін көрсету туралы келісім бар. Шарт бойынша келісімшарттық міндеттемелер 80 млн доллардан асады. Бұдан басқа, Өзбекстан Республикасының денсаулық сақтау саласына жасанды интеллекттің көмегін енгізу туралы, қазақстандық компаниялардың алюминийден жасалған созба сым, ұн, алма шырындары мен дәмдеуіштерді экспорттауы туралы келісімдерге қол қойылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1 400-ден астам кәсіпорын және сауда, кәсіптік және ғылыми қызмет, құрылыс, көлік, қоймалау және басқа да салаларда 400-ден астам бірлескен қазақ-өзбек компаниялары бар.