Тұңғыш рет ұйымдастырылған Орталық Азия медиа форумының екінші күнінде де саладағы өзекті мәселелер қызу талқыланды. Пленарлық сессияларда сарапшылар ұтымды ұсыныстар мен орамды ойларын ортаға салды. Атап айтсақ, «Жасанды интеллект және ауқымды деректер: медиадағы инновациялық технологиялар», «Креативті индустрия – әлеуметтік трансформацияның элементі» сияқты пленарлық сессияларда жаңа медианың жарқын болашақты қалыптастырудағы рөлі таразыланып, форум қатысушылары тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Медиа әлем һәм іскер әйел
Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, Қазақстан гендерлік теңсіздіктің индексі бойынша халықаралық рейтингтерде 146 елдің арасында 65-орында тұр. Бұл туралы Орталық Азия Медиа форумы шеңберінде өткен «Медиа саласындағы әйелдер: азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі» панельдік сессиясында айтылды.
Соңғы жылдары әйел қауымы азаматтық қоғамды дамыту ісіне белсене атсалысып келеді. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева мемлекет азаматтық қауымдастықпен бірлесіп, гендерлік теңсіздікті жеңуге жол ашқанын айтты. Бұл ретте, көрсеткіштердің жақсарғаны байқалады.
«Қазақстан тәуелсіздік жылдарында гендерлік теңдік саласында бірқатар прогрессивті шара қабылдады. Бұл – мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің нәтижесі. Ал оның маңызды бөлігі – медиа. Гендерлік саясат елдің халықаралық рейтингтегі жағдайын жақсартады. 2021 жылы гендерлік теңдік индексі бойынша Қазақстан 146 елдің ішінен 65-орынға көтерілді. Бұл – Орталық Азия аймағындағы көшбасшы позиция. Бұл бағыттағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп жатырмыз. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың қолданыстағы тұжырымдамасы осы көрсеткішті жақсартуға мүмкіндік береді. Алдағы сегіз жылда Қазақстанның әйелдерге қатысты күтілетін өмір сүру ұзақтығындағы гендерлік алшақтықты жеті жылға дейін, орташа жалақыдағы алшақтықты 21%-ға дейін қысқарту, сондай-ақ шешім қабылдау деңгейіндегі билік органдарындағы әйелдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізу жоспарлары бар», деді ол.
А.Балаева бұқаралық ақпарат құралдарындағы белсенді позицияларда әйелдер санының өскенін, осы саладағы жұмысты жақсарту үшін барлық мүмкіндік пен алғышарт бар екенін атап өтті. Әйелдің бейнесі шығармашылықта дұрыс көрсетілуі маңызды.
«БАҚ секторында 1 700-ге жуық әйел басшы бар. Бұл – Қазақстандағы БАҚ-тың жалпы үлесінің шамамен 32 пайызы. Әйелдер республикалық арналардың, интернет ресурстардың, газеттердің басшысы қызметін атқарады. Десе де, бүгінде әйелдің бейнесі бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда кинода қалай беріліп жүр деген сауал мазалайды. Меніңше, бұл – елдегі және Орталық Азия аймағындағы гендерлік теңдік жағдайын жақсартуға әсер етудің маңызды құралы. Жақында Қазақстанда және Орталық Азияның бірқатар елінде қазіргі заманғы фильмдерде табысты әйелдің моделін бейнелейтін жарқын әйел рөлдері жоқ екендігі туралы ескерту айтылды. Қазақстанда кейінгі 10 жылда гендерлік стереотипті зерделеу тұрғысынан кинофильмдерге талдау жүргізілді. Нәтижесінде, отандық фильмдердегі әйелдер мен гендерлік рөлдердің стереотиптік бейнелері ана, ішкі күйзелісі бар әйелдер, басты кейіпкердің сүйіктісі, екінші әйел сияқты бейнелермен шектелетіні анықталды. Білімді және табысты әйелдің бейнесін сипаттайтын картиналар өте аз. Меніңше, бәріміз бұл туралы ойлануымыз керек. Мысал ретінде алуға болатын әйелдер халқымызда көп екеніне сенімдімін», деді Аида Балаева.
Спикер билік органдарында әйелдер санын арттыру бойынша мемлекет қабылдайтын шара туралы да айтты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялады. Мемлекеттің қоғамның сұранысына тез жауап беру көрсеткіші едәуір өсті. Бұған бірқатар ірі әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері дәлел бола алады. Бұл көбінесе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер секілді заманауи байланыс құралдары арқылы жүзеге асты. Мұнда біз гендерлік менеджменттің нақты әлеуеті мен табысты үлгісін көріп отырмыз. Бүгінде Қазақстанда 22 000-нан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді және олардың 37%-ын әйелдер басқарады. Егер біз практикалық статистиканы алсақ, онда әйелдер басқаратын субъектілердің үлесі 80%-ға дейін артады. Қызмет ауқымы еріктілер қызметінен дағдарыс орталықтарына дейін. Олардың бәрі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге белсенді қатысады. Әйелдер құқығын саяси ілгерілету бағытындағы маңызды қадам 2020 жылы Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша сайлаудағы партиялық тізімдерде жас әйелдерге арналған 30 пайыздық квотаны енгізу болды. Сондай-ақ облыстық мәслихаттардағы әйел депутаттардың саны 15-тен 27%-ға дейін, қалалық мәслихаттарда 23-тен 29%-ға дейін, аудандық мәслихаттарда 23-тен 32%-ға дейін өсті. Парламенттің төменгі палатасында әйелдер 27%-ды құрайды. Гендерлік теңдіктің көптеген көрсеткіші бойынша Қазақстан өңірде көш бастап тұр. Бұл – мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі», деді А.Балаева.
Сессияда сөз алған «New York Times» басылымының журналисі Лиз Уелш шығармашылығының тікелей әлемдік гендерлік саясатқа бағытталғанын атап өтті. Оны журналистік зерттеулері мен мақалаларынан көруге болады.
«Сөз адамды емдейді. Журналист ретінде мақалаларымда қиындыққа тап болған әйелдердің мәселесін, олардың бастан кешкен оқиғаларын жазамын. Менің материалдарым оқырманыма әйел туралы өзіндік ой қалыптастырып, дұрыс жолға жетелейді деп сенемін. Әйелдер туралы журналдарға ерекше кейіпкерлердің ерекше оқиғаларын жазуға тырысамын. «Медиа нарықта әйел теңдігі туралы фильмдерді жиі түсіреді. Қазақстандық фильмдердің топтамасынан да мұны байқадым. Бұл – қоғам гендерлік теңдік мәселесіне бейжай қарамайтынының көрінісі», деді Лиз Уелш.
Орталық Азия Медиа форумы шеңберінде «New York Times» басылымының журналисі Лиз Уелштің бүркітші қыз туралы «Eagle Huntress» кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға қатысқан Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева және Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кітап авторын құттықтады. Рәсімге кітаптың басты кейіпкері, әлемдегі ең жас бүркітші, Оскарға үміткерлердің тізіміне енген Айшолпан Нұрғай қатысты.
Лиз Уэлш Айшолпанмен алғашқы кездесуі туралы әңгімелеп берді. «Көптеген адам менен кездесудің тарихын айтуды сұрады. Әу баста бүркіттерді түсірген израильдік фотографтың суретін және оларды Моңғолияда қалай жаттықтырғанын көрген едім. Сұрастыра келе, Айшолпанмен байланысқа шықтым. Оның бүркітпен түскен суреті оның өмірін өзгертті. Ол туралы деректен кинорежиссер хабардар болды. «Бүркіт пен аңшы» фильмі шықты, ол әкесімен бірге АҚШ-тағы Sundance кинофестиваліне де барды», деді Л.Уэлш.
Айшолпан өз сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге форумға шақырғаны және жоғары оқу орнында оқуға грант бергені үшін алғысын білдірді.
«Мұғалім мамандығы бойынша үшінші курста оқып жатырмын. Мен бала кезімнен бүркітші болуды армандадым. Мен туралы фильм түсіріліп, кітап жазылды. Өзім туралы фильмнің премьерасын жасаған 30 елге барудың сәті түсті. Бүкіл әлемге дәстүріміз дәріптеліп, халықаралық қатынастарды нығайтуға үлес қосуға мүмкіндігім бар екеніне қуаныштымын», деді Айшолпан.
БАҚ – біріктіруші күш
Бүгінде саяси және әлеуметтік-экономикалық прогресс жолында бауырлас мемлекеттердің ынтымағы артып, қарым-қатынасы жоғары деңгейде дамып келе жатқаны жиі айтылып жүр. Астанада өткен Орталық Азия Медиа форумының «Халықаралық ұйымдар – ынтымақтастық көпірі» атты панельдік сессиясында Халықаралық түркі мәдениеті және мирасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева бұған ерекше тоқталды.
«Түркі халықтары арасындағы тарихи және мәдени байланыс нығайып, қарым-қатынас пен бейбітшілікті тұрақты дамытып келеді. Орталық Азия – Түркі жалпы әдебиетінің орталығы. Мәдени құндылықтар қалдырған ғалымдар осы жерде өмір сүрген. Олар – әлемге әйгілі әл-Фараби, ұлы Абай Құнанбайұлы сияқты біртуар тұлғалар. Бүгінде біздің басты мақсатымыз – өзара ынтымақтастық аясында мәдени байланыстарды дамытып, түркі әдебиетінің жұмысын жандандырып, әлемге түркі мәдениетін таныстыруға бар күш-жігерімізді жұмсау. Біз өз құндылықтарымызды әспеттеп, ұрпаққа қалдыруымыз қажет», деді Г.Эфендиева.
Форумда АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес Орталық Азияға ортақ платформа алаңы екенін айтты. Яғни бұл ұйымға мүше мемлекеттердің министрліктерімен бірлесе қабылданған құжат бірлік пен қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі.
Жаһанның белді медиа өкілдері басқосқан жиында Түркі мемлекеттерінің сауда динамикасы 25 млрд долларға өсетіні де сөз болды. Бұл ретте сарапшылар халықаралық ұйымдармен бірлесе салааралық деңгейдің тұрақтылығын сақтау маңызды деп отыр.
Келелі басқосудың келесі панельдік отырысы «Жасанды интеллект және ауқымды деректер: медиадағы инновациялық технологиялар» тақырыбында өтті. Жиында «Almеra» тобында бизнесті дамыту жөніндегі вице-президент Дмитрий Истомин интеллект пен білімнің өзара байланысына тоқталды.
«Біз жаңа технологияның айналасында білім беру үдерісін қалай құру керек екені туралы айтып отырмыз. Технологияның көмегімен не жасай аламыз деген сұраққа жауап беруіміз қажет. Технология адамға көмектескен кезде белгілі бір жүйе құру керек. Мысалы, деректерді талдау арқылы біз адамның үлгерімін арттыра аламыз. Бірақ классикалық білім тұрғысынан қарасақ, жасанды интеллект кедергі келтіреді. Өйткені стандартты білім беру жүйесі тесттер мен стандарттарға негізделген», деді Д.Истомин.
Жалпы, әлемдік нарықта креативті индустрияның орны ерекше. Қазір ол экономиканың жедел дамып келе жатқан бөлімі ретінде қарастырылады. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің пайымдауынша, Орталық Азияның креативті индустрияны дамытуда үлкен әлеуеті бар.
«Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің үкіметі креативті индустрияның болашағын түсіне отырып, оны қарқынды дамыту мәселесіне ерекше назар аудара бастады. Мәселен, Қазақстанда 2021 жылы креативті индустрияны дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ішкі жалпы өнімінде креативті индустрия 2,67 пайызды құрады. Орталық Азия елдеріне ортақ креативті индустрияның негізін көруге болады. Біріншіден, олардың тарихы, мәдениеті мен өркениеті ортақ. Екіншіден, маңызды стратегиялық факторларды іске асыруда тәжірибеге көңіл бөледі. Үшіншіден, әлемдік нарықтағы мүмкіндіктеріміз бірдей», деді А.Көлгінов.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова еліміздегі білім жүйесінде креатив жетіспейтінін алға тартады.
«Қазір балаларды бір нәрсеге қызықтыру қиын. Өз басым балаға алдымен тәрбие, кейін білім беру маңызды деп айтар едім. Біздегі білім саласында креатив жетіспейді. Баланың бәрі өте ақылды, сол себепті оларды қызықтыру оңай емес. Балаға білім беру үшін креатив керек деп есептеймін. Балалардың қызығушылығын әрдайым ескерген жөн, олардың пікірімен санасқан дұрыс», деді С.Еслямова.
Ал қазіргі балалардың қызығушылығын телеарналар толық орындап жатқан сыңайлы. Олардың бірі америкалық – «Nickelodeon» телеарнасы. Қазақстанда жүргізілген статистикалық зерттеу нәтижесі бойынша бұл арнаның көрермендері 50 пайызға жуықтаған. Мұны «Nickelodeon» компаниясының ТМД және Балтық елдеріндегі «Paramount» балалар және ойын-сауық брендтерін дамыту жөніндегі вице-президенті Мария Косарева айтты.
«Биылғы жылы арнаның 100 пайыз қазақ тілінде қолжетімді болғанына өте қуаныштымыз. Бұған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсеткені өте маңызды. Біз Қазақстанның ірі қалаларында зерттеу жүргіздік. Бұл жай ғана сауалдама емес, терең зерттеу. Кішкентай көрермендерге телеарна туралы әртүрлі сұрақтар қойдық. Балалардың теледидар, планшеттер мен ұялы телефондарды қанша уақыт қосатынын сұрағанымызда, күн сайын балалардың 76%-ы екенін білдік.
Сонымен қатар 44% құрылғылармен күніне бір-екі сағат, 17% күніне екі сағаттан артық өткізеді, ал 27% мүлдем шектелмейді. Балалардан сондай-ақ мазмұн туралы сұрадық. Мазмұнның тәрбиелік және ойын-сауықтық болуы маңызды. Ата-аналардың жартысынан көбі балаға не көретінін таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте респонденттердің 36%-ы ешқашан балалар контентінің мазмұнын бақыламайды. Сондай-ақ біз өз арнамыздың аудиторияда танымалдылығы туралы зерделеп көрдік. Ата-аналардың 73% «Nickelodeon»-ды біледі, 49% арнаны үнемі көреді», деді М.Косарева.
Екі күнге созылған Орталық Азия Медиа форумы жоғары деңгейде өтті. Бұл – алыс-жақыннан келген сарапшылардың пікірі. Спикерлер жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транформациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелерді талқылап, ойларын ортаға салды. Осылайша, форум өз миссиясын толығымен орындады деуге толық негіз бар. Бұл ретте, қатысушылар іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне алғыстарын айтып, елорда төрінде жиі бас қосып тұруға ниет білдірді.
Оралхан АХМАДИЯ,
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»