• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Желтоқсан, 2022

Ұлт жоқшысы

447 рет
көрсетілді

Маңдайға басқан зия­лы­лары­мыздың жалғасы, Тәуелсіздік жылдардағы ұлт жоқшысы Амангелді Айталы бақиға озды.

Туған елінің сәтті қадамына сүйі­ніп, жаза бас­қан жолына күйі­ніп, осыны талдап-таразылай білу – азаматтың азаматы көтеретін ауыр да жауапты жүк болса, 90-жылдардың соңынан бастап осы тағдыр Әбекеңе бұйырыпты.

Азат еліміздің тарихында Амангелді Әбдірахманұлы қасиеті халықтың «Парла­мент депутаты қандай болу керек?» сұрағына жауап секілді көрінеді. Оның әр кезеңде елдік мінбер мен баспасөзден сөйлеген сөзі ұлты­мыздың бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылған қуат­ты болуына бағытталды. Байыпты ойы, парасатты тұжырымы, дәлелді ұсынысы нағыз ғалым екенін айқындап тұратын.  

 

Халық «айтары бар Айталы» деп шынайы жақсы көрді. Жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған риясыз тұлғаны ел де жазбай таниды ғой. Азаматтық қоғамның бастауында тұрған Амангелді Айталы еңбегіне саясаттанушы қауым бүгін де, кейін де әділ баға береді деп ойлаймыз. Ең бастысы, ол халық мүддесімен өмір сүрді...

Әбекең «Egemen Qazaqstan» газеті­мен тығыз байланыс орнатып, қоғам­ның күрделі мәселелерінің астарына бойлап, санаға сәуле түсіретін мақала жолдап отыратын. Кешегі «Қаңтар қасіреті» кезін­де де азаматтық ойын оқырманға алғау­сыз жеткізді. Әлемді дүрбелеңге салған қырғи қабақ кикілжіңнің себеп-салдары мен сабағын талдаған мақаласын осыдан бір апта ғана бұрын жариялаған едік. Бұл БАҚ-та басылған ғалымның соңғы өсиетіндей екен-ау... Алла-тағала тұлғаның ең ақырғы сөзінің де – ел амандығы болуын жазған екен.

Ұлт жолында ақтық демі үзілгенше адал қызмет еткен Амангелді Айталы есімі елімен бірге жасай береді. Енді ол елшіл, білікті қайраткерлік қасиеттің баламасына айналады. Қазақтың байтақ даласы марқұмды жоқтай отырып, елге қызмет етудегі Амангелді Айталы өнегесін ұрпаққа – жаңа буынға аманаттайды.

Бақұл болыңыз, бар қазақтың жоқ­шысы!

 

«Egemen Qazaqstan» қаламгерлері