Бас прокуратура Қазақстандағы ЖЭО жұмысын тексереді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ЖЭО бойынша тексерулер кешенін жүргізуді жоспарлап отырмыз, бірақ қазір барлық ЖЭО-ны бірдеу тексеру мүмкін емес. Кейбір тексерулер ЖЭО-ның қалыпты жұмысына кедергі келтіруі мүмкін екенін түсінеміз. Сондықтан біз прокуратура органдарының, уәкілетті органдардың араласуы талап етілетін жағдайларды ғана қарастырамыз», деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев.
Оның айтуынша, қазір Риддер мен Екібастұздағы ЖЭО-ларда тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
«Риддер бойынша тексерулер жалғасуда. Онда ТЖ желісі, өнеркәсіптік қауіпсіздік, ЖЭО-ның қалыпты қызметіне қойылатын басқа да талаптар желісі бойынша көптеген бұзушылықтар анықталды», деді спикер.
Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов Риддер ЖЭО қауіпсіздік желісі бойынша барлығы 70, өрт қауіпсіздігі бойынша 40-тан астам бұзушылық анықталғанын қоса айтты.