Қай кезеңде болсын әдебиет пен өнер Алаш жұртының түгесіліп бітпес, сарқылып ортаймас аса бай рухани қазынасы болса, сол игілікті жасаушылар ұлттың беткеұстар қаймағы санатында болмақ.
Көкшетау топырағында туып, жалпақ жұрттың жан дүниесіне рухани тұма бұлақтың шырын суын дарытқан қапысыз қарымды қаламгердің бірі, әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген Төлеген Сыздықұлы Қажыбайдың туғанына 80 жыл толып отыр. Осы бір ел мерейін үстем етер, ер атын әйгілер сәтте Көкшетау мен Қараөткелдің арасындағы сөз өнерін сыйлайтын жұрт жер-жерде әдеби кештер өткізіп, қаламгердің мол мұрасын жан-жақты насихаттап жатыр. Жарты ғасырдан астам ғұмырын ұлт баспасөзі мен әдебиетіне арнаған Төкең ұзақ жылдар бойы облыстық газеттерде қызмет етті. «Жер шоқтығы» журналының бас редакторы болды. Тәуелсіз «Бұқпа!» газетіне қисапсыз еңбек сіңірді. Қай басылымда қызмет етсе де, ел сөзін сөйледі. Қара ормандай қалың ел ешкімге жалтақтамай, ағынан жарылып, ақиқатын айтатын Төкеңнің қарымды қаламынан шыққан дүниелерін іздеп жүріп оқитын. Жазу-сызудан бас көтертпейтін газет жұмысының бар ауыртпалығын кәтепті нардай көтере жүріп, кең тынысты, кесек тақырыптарды игерді. Артында отыздан астам кітабы қалды. Сексеннің сеңгіріндегі ойлы оқырманы алқаған қошемет-құрметті көруді тағдыр жазбапты. Жан жұбатары мәңгі өлмес екінші ғұмырының басталғаны. Демек Төлеген ақын төл туындылары арқылы халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Арыдан толғап айтар болсақ, Төкең – сөз ұстаған жақсылардың жалғасы. Заманында қазақ әдебиетінің заңғары Сәбеңдермен сыйласқан, зар заманның бейнесін қаз-қалпында көз алдыңа әкелетін «Әлі қарттың әңгімесі» тәрізді дастан тудырған Жақан Сыздықов, майдангер, кейін мықты аудармашылығымен аты шыққан, тоқсан жасап өмірден өткен белгілі әдебиетші Қажымұрат Сыздықовтар – осы әулеттің қарағайдың қарсы біткен бұтағындай өкілдері.
Төлеген ағамыздың поэмасы туралы сөз сабақтағанда әуелі тырнақалды туындысы – «Жолбасы» туралы айта кетуге болады. 1980 жылдардың басында облыс орталығындағы №3 Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-интернатта оқыдық. Әдебиет пәнінен ұлағатты ұстазымыз Зағира Маралбайқызы сабақ беретін. Әдебиет пәні кабинетінің орналасқан кітап сөресінде қалыңдығы үш елі, әдемілеп қапталған дәптер тұратын. Сол дәптердің ішінде осы мектепте оқып білім алған Төлеген Қажыбаевтың, Қорғанбек Аманжоловтың өлеңдерін сүйсініп оқушы едік. Әдебиет пәнінің мұғалімі осындай дәстүр қалыптастырған екен. Біз де жаздық. Күндердің бір күнінде Зағира апайға бір дәптер өлеңімді тапсырдым. Оқып көріп, пікір айтуы үшін. Күн өтті, апта өтті. Бір күні сабақта отырғанда сұрадым.
– Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясына барып, Төлеген ағаңды тауып алсаң жақсы болар еді. Өлеңдеріңді сол кісіге оқыт, – деді.
Бала кезімізде жазғанын түгелге таяу қалт жібермей оқитын үлкен ақынның алдына баруға жүрексіндік. Әйтсе де, бір күні өлеңге деген құштарлық алдына жетектеп әкелді. Оқушы дәптеріне жазылған балауса өлеңдерімді ұсындым. Оқып көрді. Сол өлеңдердің екі-үшеуі газетке де шықты. Мектеп бітірген соң әскер қатарына аттандық. Жолда оқырмыз деп жолқапшыққа екі-үш кітап сала салғанбыз. Біреуі Төкеңнің «Жолбасы» кітабы. Пышақтың қырындай шағын ғана жинақ. Әйтсе де, өлеңдері ғажап. Қырғыз Алатауының етегінде әскери борышын өтеп жүрген тәмам қазақ баласы Төлеген ақынның жырымен сусындады. Арада әлденеше жыл өткен соң осы оқиғаны Төкеңе айтып бергенім бар. Әншейінде жер қозғалса қозғалмайтын салмақты ағамның аяулы жанары жарқ ете түсті. Өңінде әлдебір сезімнің жарқын сәулесі ойнағандай.
– Апырмай, шын ба? – деп сұрады.
– Шын, – дедім мен.
– Шын болса жазсаңшы, – деді ақын аға.
– Жазамын, – дедім мен, бірақ жазылмай қала берді. Сәті бүгін түсіп отыр.
«Жолбасынан» басталған поэзия соқпағы «Жанымның жапырақтары», «Сексен көл сылдыры», «Алдияр» сияқты жыр жинақтарына, прозалық шығармаларынан «Махаббат әні», ашаршылық тақырыбына жазылған «Қан кешу», «Самурайдың серт семсері», «Аран», «Қансоқта» повестері мен романдарына, драмаларынан «Ұмытпа мені, Гәккуім», «Жындар биі», аудармаларынан «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясымен жарық көрген Юкио Мисиманың «Алтын ғибадатхана» романы, Рюноскэ Акутагаваның «Ормандағы ойран» новеллалар жинағына, Ибрагим Салаховтың «Колыма қасіреті» романына ұласты.
Жалпақ жұртқа тарап кеткен «Әгугай домбырадан» бастап қырықтан астам әнге мәтін жазған қайраткер жазушы 1980 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағына ие болды. 1999 жылы Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, одақтың Ақмола облыстық филиалының төрағасы болып қызмет атқарды. Ұзақ жылғы еңбегіне орай «Құрмет» орденімен марапатталды. Қазақстан Жазушылар одағының, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Журналистика саласының мол жүгін арқалаған қаламы қажырлы, айтары мол журналист «Қазақстанның құрметті журналисі» деген атаққа да ие болды.
Төкең шыққан биікті, қалам қуатын айғақтау үшін көзі тірісіндегі сый-сияпатын жіпке тізгендей етіп айтып шықтық. Енді бір сәт замандастарының берген бағасына назар аударалықшы. Қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықов «Қаламгерлік өнердің қазанаты» деп аталатын мақаласында былай деп жазады: «Қазақтың белгілі ақыны, Көкше өңірінің айтулы да ардақты азаматы Төлеген Қажыбаевтың қаламынан туған сан түрлі шығармасына ертеден қызыға қарап, назар аударып жүруші едім. Біріншіден, ол ең алғашқы қарлығашы – «Жолбасы» атты өлеңдер жинағын 1977 жылы ел жүрегіне ұшырған кезінен бастап жырсүйер қауымның құлағын елең еткізді», деп толғанады. Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов: «Төлеген Қажыбай, менің ұғымымша, биік деңгейдегі ғажап ақын. Бұл пікірге мен бір күнде, бір сәтте туа қалатын, бір өлеңін оқып таңырқай қалатын жылт етер сезіммен келгенім жоқ. Ал Төлегеннің поэзиялық шығармаларын (әңгіме, повестері бір төбе) ара-тұра оқып жүріп, сүйсінумен келдім бұл пікірге» деп дәл бағасын береді. Асылында қаламгердің қай жинағын алсаңыз да, сырлы да әсем, әдемі әлемге еріксіз еніп кетесіз. Енгізетін кестелі тіл өрнегі, көңілі құлай сүйген оқырманын әр қиырға жетелейтін көл-көсір сезім дүниесі. Жалаулы жасыл дүниеде адам баласы артына алаңдап өткенін іздейді, сарытап сағыныштың кілкіген сары сағымына ілесіп елегізиді. Сол сәтте жүрек сырға да, жырға да тұнбақ. Ал ақын жүрегі ше?! Тыңдап көріңіз:
«Қайдасың, қайда, күндерім,
Жанымның нұрлы көктемі.
Ұсынған еді-ау гүлдерін,
Құсмұрын төбе, бөктері.
Қоңырлап түскен қыр әні,
Қалықтап бізге жететін.
Ауылдас қыздың жанары,
Жүректі шымшып өтетін.
Сыбызғы үні құлақта,
Ақсуға қонған аққудың.
Жастығым қалды жырақта,
Жанымды тербер гәкку мұң».
Төкең шығармаларында оқырманды еріксіз мұңға бөлейтін, енді қайтып оралмайтын балалық шақты аңсау сол уыз қалпында көрініс табады.
«Тозбастай табан-таға нық,
Шырмауын үзіп шалалық.
Арылтып жеттің ағалық,
Сағынтып кеттің балалық.
Ақын жырларында сағыныш қана емес, ел қамын ойлаған кесек ойлар да тұнып тұр.
Дала дейді мына жатқан ғаламды,
Әлдилеген мені, сені, бабамды.
Дала деген тарпаң еді-ау, текті еді-ау,
Құрған торға, қазған орға қамалды.
Талыс табан аямады, таптады,
Дидарында қалды дәуір тат табы.
Тулақ болған қайран дала қайратсыз,
Енді, міне, арса-арса боп жатқаны».
Ақиқатты сүйер өткір тілі етіңнен өтіп, сүйегіңе өтетін ащы шындықты айтып-ақ тұр емес пе? Дәл осылай тіліп айтпаса, Төлеген Төлеген болар ма?!
Бұл күндері ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше топырағы өзінің сүйікті ұлының мерейтойын атап өтіп жатқанын жоғарыда айттық. Жөн шаруа. Төкең өмірден өткенде Көкшетау күңіренген. Әне бір жылы Төлеген ағамыздың қазасына келген ақын інісі Ғалым Жайлыбайдың:
«Ағаның шалқып жазған жыры есімде,
Сырласқан Зерендінің түні есімде.
Айналар ат аунаса ұлы есімге –
Көкшетау! Кім кеткенін білесің бе?!» – деген сөзі көкшеліктердің әлі күнге көкейінде. Таяуда облыс орталығындағы Біржан сал көшесінің бойындағы ақын тұрған үйге мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды. Республикалық жыр мүшәйрасы өткізілді, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында драмалық шығармалары қойылып жатыр.
Көкшетау жұртшылығы осылайша көрнекті ақын Төлеген Қажыбайдың есімін қайта жаңғыртып, шын құрметін, шынайы пейілін көрсетуде. Алдаспандай жарқылдаған, ақиқат сөзді айта білген қаламгер елімен бірге жасай бермек.
Көкшетау