• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Желтоқсан, 2022

Ақаң шарасы: әрі қуантты, әрі ойландырды

398 рет
көрсетілді

Әлі күнге Железин ауданы, Захаровка ауы­лы аталып отырған елді мекендегі мектеп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын өзге этнос өкілдері арасында насихаттауда айрықша көзге түсті. Жуықта мұнда аудандық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, ұстаздар мен оқушылар Алаш қайраткері жайындағы ізденістерімен бөлісіп, ғұлама еңбектерін жаңаша әдіс-тәсілмен оқытудың жолдарын көрсетті. 

Бұл конференцияның ерек­шелігі, оның теріскейдегі шекара тү­біндегі аядай ғана ауылда және көбіне өзге ұлт өкілде­рінің белсенді қатысуымен өткен­ді­гінде. Оларға Ахмет Байтұр­сын­­ұлы­ның рухани мол мұрасы, білім саласында жасап кеткен ре­фор­малары кеңінен насихатталды.

Конференцияға аудандағы ондаған мектептен ұстаздар мен оқушылар жиналды. Захаров негізгі мектебінің директоры Тал­ғат Кәрібаев айтып өткен­дей, бұл танымдық іс-шараға дайын­­дық жаңа оқу жылының ба­сынан қолға алыныпты. Пән мұ­ғалімдері мен шәкірттер алдын ала іріктеліп, ұсынылатын жұ­мыстары сұрыпталған.

«Захаров негізгі мектебі Же­ле­зиндегі байырғы білім ұя­ла­рының бірі, іргетасы сонау 1974 жылы қаланған екен. Қа­зір­гі күні мұнда небәрі 33 бала білім алады. Оның ішінде 10 оқушы қазақ сыныптарына барады. Жыл сайы­н ауылда адам саны азайы­п, оқушылардың қатары кеми тү­суде. Бұл жағдай бізді айрықша алаңдатады. Ма­ман­дарымыздың үшеуі – жас кадр­. Біз шекараның түбінде, орманды орыс еліне жа­қын ор­налассақ та, тіліміз бен ділімізді, ұлттық дәстүрлерімізді барын­ша сақтап отырмыз. Өзге ұлт өкілдеріне қазақтың ұлы тұлға­лары жайында танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, халқы­мыздың маңдайына біткен мар­ғасқаларымызды танып-білуін тұрақты түрде назарда ұстаймыз. Осы жұмысымыздың үлкен бір көрінісі – Ахмет Байтұрсынұлына арналған ғылыми-практикалық конференция. Ауқымы аудан көлемінде ғана болғанымен, бұл жиынның теріскейдегі қазақ педагогтері үшін маңызы аса зор. Біз рухани дүниелерімізді сақтап, халықтың игілігіне қызмет еткен Алаш қайраткерлерін әлемге паш етуіміз керек. Ал оның бастауы – көпшілік орыстанып кеткен деп санайтын Железин секілді өңірлерде қадам тартып жатса, құба-құп», дейді Талғат Ер­мекұлы.

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асыл Әбішев бекем бірлік пен жақсы тірліктің нышаны байқалатын ауданда рухани дүниеге ұмтылып, онысын өршіл ісімен байқатып жүрген азаматтардың көп екенін атап өтті.

«Көзі тірісінде алты Алаштың рухани көсемі атанған Ақаңның телегей теңіз бай мұрасын бү­гінгі іс-шарада жас ұрпақ тағы бір сараптап, дәлелдеп берді. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның мол мұрасы мәңгілікке халықпен жа­сай береді. Конференцияның мұғалімдер қатысқан секциясында Ахмет Байтұрсынұлының тілтаным, тілді насихаттау, оқы­тып, үйрету бағыттары кеңінен қамты­лып, ұлт ұстазының ғылыми тұ­жырымдары мен негіздері б­ү­гінгі заманғы оқыту әдіс­теме­ле­рімен сабақтастырылды», деді ол.

Бұл күні ұстаздар мен оқу­шы­лар өзара секцияларға бөлініп, зерттеу жұмыстарымен бөлісті. Үздік деп танылғандардың есім­дері құрметпен аталып, ұйым­дастырушылар тарапы­нан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен мара­патталды. №2 Железин орта мектебінің мұғалімі Жансая Ілия­сованың, оқушылар Төлеген Асхатұлы, Ах­мет Бектұрғанов, Ұлар Шады және Аурика Мотын­га­ның ізде­ністері ерекше көзге түсті.

* * *

Шарадан бөлек, ауылға бар­ғанымызда көзге оттай басылып, көңілге кірбің түсірген жайт­­тармен де бөліспесе болмас. Шамамен 80-дей түтіні бар Заха­ровканың жұрты бүгінде таза су іше алмай отыр. Көп отбасы ауыз­суды 20 шақырым жердегі аудан орталығынан таситын көрінеді. Тағы бір мәселе, мұнда оңтүстіктен мемлекеттік бағдар­лама бойынша көшіп келетін шаңырақтар тұрақтап қалмайды. Себебі ауылда дені дұрыс жұ­мыс жоқ, баспа­налар да ескі. Түркістан облысының Сайрам ауданынан былтыр отбасымен көшіп келген Ділназ Далабаева жолдасы екеуі «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасына ілік­кен­дерін айтады. «Әрине, мұнда жалақысы жақсы жұмыс таптық, балаларымыз балабақша мен мектепке барып жүр. Алайда әлі күнге баспанамыз жоқ, жалдап тұруға мәжбүрміз. Былтыр оңтүстік өңірдегі таныстарымызды шақырған едік, келіп көрді де, қал­майтындарын айтып кетіп қал­ды. Ауылда ұялы байланыс деген атымен жоқ. Ішіп отырған суымыз ащы. Осындай жайттар Захаровканың тынысын тарылтып отыр», деп мұңын шақты қазіргі күні негізгі мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жас маман.

Білгеніміздей, ауылдағы білім беру мекемесінің ғимараты да өте ескі, салынғалы бері күрделі жөндеу көрмепті. Арасы ырсиған ағаш еден, сылағы салбыраған төбе жабындысы көңілдің құтын қашырады. Аудан орталығының іргесінде тұрып, жайлы жағдай жасалмаған, заманға сай игіліктер бұйырмаған захаровкалықтар бүйте берсе, енді бір он жылда ауылда адам қалмай қала ма деп алаңдап отыр.

 

Павлодар облысы,

Железин ауданы,

Захаровка ауылы