Маңғыстау облысының Сенек және Үштаған ауылдарында балаларға арналған қайырымдылық спорт залдары ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Залдар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «24 балалар спорт залы» жобасы аясында жарақтандырылды. Қор қаражаты есебінен бокс, күрес және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бастаманы іске асырудағы қордың серіктесі «Батыр боламын!» қоры жобаның ұйымдастырушылық мәселелерімен айналысады. Екі залды жабдықтауға «Қазақстан халқына» қоры 18,2 миллион теңге бағыттады.
«Залды осылайша жабдықтағаны үшін «Қазақстан халқына» қорына көп рақмет айтқым келеді. Мен ММА-мен 3-4 жылдан бері айналысып келемін, енді жақсы жаттығу өткізетін боламыз», деді Сенек ауылындағы залдың тәрбиеленушісі Ислам Әлімхан.
Ашылу салтанатында бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңаберген, ММА чемпионы Руслан Сариев және аралас жекпе-жектен жаттықтырушы Жеңіс Қайранов балаларға шеберлік сабағын өткізді.
«Бүгінгі таңда бірлескен қайырымдылық бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында 4 зал жұмыс істейді. Тамыз айында Бейнеу және Ақжігіт ауылдарында ашылды. Ауылдық жерлерде үйірме, жақсы жабдықталған залдар жоқ, сондықтан балалар мен ересектер спорт залдарының ашылуын асыға күтеді», деп атап өтті «Батыр боламын» қорының жетекшісі Арман Уахап.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоры іске асырып жатқан «24 балалар спорт залы» жобасы еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде немесе балалар үшін спортқа қолжетімділік деңгейі төмен ауылдық жерлерде балалар спортының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жобаның негізгі мақсатты аудиториясы – 5 жастан 18 жасқа дейінгі, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар. 24 залды ашуға арналған қайырымдылық бағдарламасының бюджеті - 183 623 000 теңге.