• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Желтоқсан, 2022

Кандидаттарды тіркеу аяқталды

383 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Се­наты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөнінде оты­рыс өтті.

Күн тәртібінің бірінші мәселесі бо­йынша облыстардың, Астана, Алматы, Шым­кент қалаларының аумақтық сайлау ко­миссияларының төрағалары Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы баяндады.

24 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де кандидаттарды тіркеу аяқ­талды. Облыстардың, Астана, Ал­маты және Шымкент қалаларының сай­лау комиссиялары Парламент Сенаты депутат­тарының 20 мандатына ұсы­ныл­ған 130 үміткердің 66 кандидатын тіркеді. Кандидаттар арасында 95,5 пайыз (63) – өзін-өзі ұсынушылар және 4,5% (3) мәслихаттар ұсынған. Тіркелген кандидаттар қатарында: 46 (69,7%) ерлер және 20 (30,3%) әйелдер; кандидаттардың арасында: 4 (6,1%) Парламент Сенатының қазіргі депутаттары, 15 (22,7%) мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызмет­кер­лері, 29 (43,9%) мемлекеттік қыз­метшілер, 13 (19,7%) коммерциялық құры­лымдардың қызметкерлері, 5 (7,6%) қо­ғам­дық ұйымдардың өкілдері бар;

Мамандықтары бойынша: дәрігерлер – 3 (4,5%), инженерлер – 7 (10,6%), заңгерлер – 8 (12,1%), саясаттанушылар – 1 (1,5%), журналистер – 1 (1,5%), оқытушылар – 14 (21,2%), экономистер – 9 (13,6%), ауыл шаруашылығы қызметкерлері – 10 (15,2%), басқалары – 13 (19,7%). Кандидаттардың орташа жасы – 51,8 жас. Ең көп кандидаттар Жамбыл облысы мен Алматы қаласында тіркелген: 5 кандидат. Осылайша, тіркелген мандаттардың ішінен орта есеппен бір мандатқа Сенат депутаттығына 3 кандидат үміткер болып тізімге енді.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова отырыс барысында қатысушылардың назарын сайлау алдындағы үгіт ерекшеліктеріне аударды. Кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап сайлау алдындағы үгіт басталды, яғни 2022 жылғы 24 жел­тоқ­санда сағат 18.00-ден кейін басталып, 2023 жылғы 13 қаңтарда сағат 00.00-де аяқ­талады.

Барлық кандидаттар үгітті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу жолымен де, үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы да жүзеге асыруға құқылы.

Екінші мәселе бойынша Орталық сай­лау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12-бабы­ның 6) тармақшасына сәйкес ОСК өз өкілет­тік­те­ріне сәйкес Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі да­уыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін, қорғалу дәрежесін белгілейді, сондай-ақ Парламент депутат­тарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерін дайындауды қамтамасыз етеді.

Сайлау бюллетенінің қорғалу дәре­жесі әрбір сайлау науқаны үшін белгі­ленеді. Офсеттік басып шығару тәсілімен қолданылатын полиграфиялық қорғау әдістерін, түсін, басып шығару қарпін және басқаларын көздейді. Сайлау бюллетеніне мемлекеттік тілдің әліпбилік тәртібімен тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көр­сетілген болса) көрсетіле отырып, бар­лық тіркелген кандидаттар және «Бә­ріне қарсымын» деген жол енгізіледі. Сайлау туралы Конституциялық заңның 37-бабына сәйкес сайлау бюллетеньдері сайлау округіндегі сайлаушылардың (облыс таңдаушыларының) жалпы санының 1 пайызы резервімен дайындалады. Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес сайлау бюллетеньдері орналасқан үй мөрленеді және ішкі істер органдарының күзетуіне тапсырылады.

Сайлау туралы Конституциялық заңның 24, 25, 26-баптарына сәйкес Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың тізімдерін тиісті облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен республика астанасы мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша облыстың аумақтық сайлау комиссиясы жасайды. Сайлаушылар тізіміне облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың барлық депутаты енгізіледі. Таңдау­шы­лар тізіміне облыс аумағында орналасқан мәс­лихаттардың барлық депутаты, рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалар, астана мәслихатының депутаттары енгізіледі.

Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тізімдері танысу үшін жергілікті бұқаралық ақпарат құрал­да­рында жариялау жолымен ұсынылады, сондай-ақ сайлаудан кемінде жеті күн бұрын облыс мәслихатының интернет ресурсында орналастырылады. Таңдау­шы­ларға сайлау комиссиясының үй-жайында тізімдермен танысу, сондай-ақ оларға енгізілген таңдаушылар туралы деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Сайлау туралы Конституциялық заң­ның нормаларына сүйене отырып, «2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау бойынша сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы» қаулы қабылданды. Қаулыға сәйкес, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссияларына 2023 жылғы 14 қаң­тарға тағайындалған Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерін әкімшілік-аумақ­тық бірліктің тиісті мәслихаттары сайлау­шы­ларының санына сәйкес, оның ішінде таңдаушылардың жалпы санының 1 пайы­зы­ның резервін дайындау тапсырылды.

Отырыстың үшінші мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов баяндама жасады. Баяндамашы ОСК мүшелерінің қарауына «2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Орта­лық сайлау комиссиясының интернет ресурсының функционалын пайдалану регла­ментін бекіту туралы» қаулы жобасын шығарды.

Қаулыға сәйкес, сайлау процесіне мүд­делі қатысушыларды Парламент Сенаты депутаттарын сайлау барысы туралы жедел хабардар ету және интернет ресурсқа таңдаушылардың келуі, дауыс берудің алдын ала нәтижелері туралы нақты уақыт режімінде ақпарат ұсыну мақсатында 2023 жылғы 14 қаңтарда дауыс беру күні ОСК интернет ресурсының қосымша функцио­налын пайдалану ұсынылады.

Отырыс қорытындысы бойынша Орта­лық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Сенаты де­пу­таттарының алдағы сайлауы заңнамаға сәйкес, транспаренттілік пен бәсекелестік жағдайында өткізілуге тиіс екенін атап өтті.