Былтыр Бурабайға 300 мың қонақ сапар шексе, биыл шамамен 550 мың турист келген. Қуантарлығы, жаздыгүні демалуға таптырмайтын «Бурабай» демалыс орны қонақтарға қысқы маусымда да сапалы қызмет көрсетуге дайын.
Қысқы туризмнің сәтті қадамы
Демалушылар ең алдымен қызмет көрсету сапасына назар аударады. Осы орайда Президенттің Іс басқармасы, «Бурабай даму» серіктестігі, «Kazakh tourism» ҰК және «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлесіп ауқымды жобаны қолға алды. Жуырда Бурабайға қатынайтын Астана – Көкшетау электр пойызына тіркелген екі мерекелік вагон жолға шықты. Жаңа жыл қарсаңында Бурабайға шыққан пойыз вагондарын қолөнершілер ұлттық нақышта безендірген. Енді қысқы демалыста Бурабайға саяхаттауды ойластырған қонақтардың таңғы сағат 06:03-те «Нұрлы жол» вокзалынан шығып, 09:57-де Бурабай курортының стансасына жетуге мүмкіндігі бар. Туристерге арналған пойыз сол күні 19:15-те кері қайтып, Астана-1 стансасына сағат 22:18-де, «Нұрлы жол» вокзалына 23:00-де келеді. Яғни Президент Іс басқармасының «Бурабай даму» ведомстволық кәсіпорны басшылығы елорда және Ақмола облысының туристік операторларымен бірлесіп қонақтарға тиімді сапар ұйымдастырды. Бұл бастама табысты іске асса, келешекте туристік пойыз бағыты кеңейіп, тұрғындардың демалысқа таптырмайтын елді мекендерге баруына жол ашуы мүмкін. Әзірге Бурабайдағы Аяз ата ауылына барып, Жаңа жыл қарсаңындағы қызықтарды тамашалай аласыз. Алты вагоны бар пойыз қауіпсіз әрі билет құны да жеңіл көліктен екі есе арзан. Оған Президент Іс басқармасының баспасөз қызметі бір топ журналиске Бурабайдың қысқы табиғатымен, соның ішінде балаларға арналған жаңа жылдық бағдарламамен таныстырғанда көз жеткіздік.
Марал шаруашылығының әлеуеті
Сапар барысында алдымен аудан орталығынан шамамен 10 шақырым қашық жатқан Президент Іс басқармасы «Бурабай» ұлттық паркінің марал өсіретін шаруашылығына аялдадық. Мұндағы шағын, әсіресе киіз үй пішіндес қонақүйлер көзге оттай басылды. Отбасымен келген қонақтар осында қонып, аумақтың табиғатпен үндескен тіршілігін сезініп, шаңғы тебуіне болады. Әсіресе мүйізі мен сүті мың да бір сырқатқа ем марал шаруашылығының тыныс-тіршілігі көпті қызықтыра түседі.
Шаруашылықтағы мамандардың айтуынша, осы маңды мекендейтін маралдың тарғыл бұғы тұқымдасы Қызыл кітапқа енген. Маралдың бұл түрі баяу көбейетіндіктен ерекше күтім керек. Жылына орта есеппен 30 бас қозықа туады. Орманшылар жүрісі қиындап, қалжыраған маралды топтан бөліп, жағдайын бақылайды. Сөйтіп қыстан шығып, жазға жеткенде маралдың мүйізін кеседі.
– 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданынан Бурабайға 150 бас марал жеткізілді. Қазір оның саны 200-ге жетті. Маралдың жылдам көбеймеуіне бірнеше себеп бар. Орта есеппен 100 аналық маралдың 50-і буаз болса, оның ішінде өзінің денсаулығын ойлап, қозықасын тастайтындары бар. Сонымен қатар жасы жетпегендері бар. Жыл сайын шамамен 30-35 бас маралдың аяққа тұратыны содан. Марал – дала жануары. Бірақ кейінгі жылдары жойылып бара жатқан аңдардың қатарында болған соң оны қорғауға басымдық берілді. Сондықтан маралдарға шөп салатын астаудан бөлек, қыстағы бораннан бой тасалайтын бастырма орнаттық. Олар Бурабайдың дәрумені мол сан алуан шүйгін шөбімен қоректенеді. Шаруашылықта аумағы 600 гектарлық бес парк бар. Маралдың мүйізін санитарлық кесумен қатар жыл сайын 200 миллиграмм қан алудың да пайдасы бар. Осы шаруаның барлығын 10 адам атқарады, – дейді шаруашылықтың ветеринар-дәрігері Михаил Ионов.
Марал шаруашылығының маңында бұғы мүйізінен дайындалатын пантымен емдеу орталығы бар. Орталық мамандары емге қажет өнімді өздері өндіреді. Осылайша, марал мүйізінен жасалған өнім адам ағзасына пайдасы көл-көсір дәрілік препаратқа айналады. Мұны пантымен емдеуде 10 жылдық тәжірибесі бар оңалтушы дәрігер Ерлан Жетімкәрімов айтып отыр.
– Марал шаруашылығы Алтай тауларының аумағында дамығаны белгілі. Бурабайда да осы шаруашылық жылдан-жылға дамып келеді. Ем-шараға әдетте маралдың жас мүйізі пайдаланылады. Емдеу-сауықтыру орталығы тірек-қимыл аппараты зақымданған науқастарға, буын, омыртқа ауруына шалдыққандарға барынша көмек көрсетеді. Онкологиялық ауруларға, жүкті әйелдерге ем-шараның бұл әдісіне жүгінуге болмайды. Дәстүрлі ем науқастың иммунитетін күшейтіп, қан айналымын жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар денедегі суықты шығаруға пайдасы зор, – деді ол.
Маралдың киесі туралы аңыз әңгімелер ел арасында бүгінге дейін айтылады. Табиғаттың көз тартатын сұлулығымен үндескен маралды тамашалауға балалар да көп келеді екен. Оларға мамандар балауыздан майшам жасауды, экологиялық таза матадан сөмке тігу сынды шеберлік сабақтарын өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, балалардың демалысы күн тәртібіне сай ұйымдастырылады.
Қасқыр көбейсе қайтеді?
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркіне қарасты 10 орман шаруашылығы бар. Соның ішінде «Мирный» орман шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті. Сол маңнан бұғы, елік сынды аңдарға азық дайындап жүрген орманшылармен жолықтық. Расымен де орман шаруашылығында қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған аң-құсты қорғау оңай шаруа емес. Өйткені қасқыр секілді жыртқыш аңдар көбейсе, өзге жануарлардың санын азайтуы мүмкін.
– Бұғы мен еліктің қысқы азығына жазда 70 тонна шөп қамдадық. Шаруашылықта шөп жинайтын техникалармен қоса оны сақтайтын бастырма да бар. Қар түскеннен кейін аумақтағы 16 астауға күнара шөп жеткіземіз. Дәл осы орман шаруашылығында 750 бұғы, 273 елік, 260 қабан бар. Біздегі 18 394 гектар алқапты инспекторлар ұдайы бақылап отырады. Мемлекеттің қорғауындағы аймақ болған соң, биыл заңсыз аң аулауға бекінгендерді кезіктірмедік. Иә, қасқырлар шамадан тыс көбейсе, азайтуға кірісеміз. Онда да кәрі, әлжуаз жыртқышты аулаймыз. Оқыстан жарақат алған аңдарды емдейміз, – деді орманшы Бауыржан Мұқанов.
Орманда қабан, қоян, қасқыр, сілеусін де бар екен. Сондай-ақ өсімдіктің 300-ден астам түрі болса, оның ішінде қызыл кітапқа енгені де кездеседі. Балық шаруашылығы да қарқынды дамыған. 250 мың гектар аумақ ерекше қорғалған. Яғни осы аумақтағы аңды атуға, ағашты заңсыз кесуге, от жағуға, қоқыс тастауға, емдік шөптер мен жидектерді жинауға тыйым салынады. Заңды белден басып, ереже бұзғандар сол әрекеті үшін жауап береді. Ұлттық парктегі 10 шаруашылықта 300 орманшы жұмыс істейді. «Бурабай даму» серіктестігінің қызметшісі Дима Афанасьев та кейінгі екі жылда қысқы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты.
– Бурабайға жазғы маусымда келетін туристер жылдан-жылға артуда. Мысалы өзім БАӘ, Қытай, Үндістаннан келетін қонақтарды көп кезіктіремін. Мұнда қызыл кітапқа енген жануарлардың шамамен 120 түрі бар. Бұғылардың жалпы саны 1 400-ге жетеғабыл. Сілеусіндердің де саны артып келеді. Фототұзаққа түсіп жатқан сілеусіндер көп. Сол фототұзақ арқылы браконьерлерді анықтау да біршама жеңілдеді. Орман шаруашылығының аумағын ұлғайту бағытындағы шаруалар үйлесім тапқан. Аумақтың тазалығы бақылауда. Қазір орманның шамамен 70 пайызында қарағай болса, 30 пайызы – қайың, – дейді маман.
Бурабайдың орман шаруашылығымен танысқан соң, жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырылған туристік бағдарламада қамтылған «BurabayLand» ойын-сауық саябағындағы Аяз атаның резиденциясына бағыт бұрдық. Мұнда бұғы және «хаски» тұқымдас ит жеккен шанамен сырғанап, атпен серуендеуге болады. Сноуборд, шаңғы тебуді құп көретіндерге де жағдай жасалған. Сонымен қатар мұз қалашығы мен «бақсы ауылы» да балалардың қызығушылығын тудырады. Мұнда балдырғандарға ғажайып көңіл-күй сыйлайтын «BurabayLand» отбасылық паркінің әлеуеті жоғары. Ұйымдастырушылар кешенде балаларға бірнеше елдің мәдениеті мен тарихынан хабар беретін бірнеше бөлме жасақтаған. Осылайша, балалардың танымын кеңейтетін саяхаттың соңы балалардың Аяз атаға хат табыстап, сыйлық алумен түйінделеді.
Жаңа жыл қарсаңында елордадан Бурабайға қатынайтын мерекелік электр пойызының екі вагоны турмен келген қонақтарға қаңтар айының соңына дейін сапалы қызмет көрсетеді. Ұйымдастырушылар осы пойыздың екі вагонын наурыз айында ұлттық нақышта безендіріп, қонақтарға қызмет көрсетуді мейлінше үзбеуге бекініп отыр.