Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде қазақтың белгілі қаламгері Дулат Исабековтің 80 жылдығына орай жазушымен кездесу болып өтті. Қалың көпшілік қаламгермен бірге қазақтың тағы бір классик жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлымен де қауышты.
Төрден орын алған қос қаламгердің кездесу іс-шарасын белгілі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды. Жазушының өмір дастанынан сыр шерткен бейнеролик көрсетіліп, кіріспе сөз қазақтың Ги Мопассаны, қарымды қаламгер Д.Исабековтің үзеңгілес досы Бексұлтан Нұржекеұлына тиді.
«Дулат Исабековтей тағдыр кешкен, шығарма жазған жазушылар көп болды. Бірақ ешкім дәл оның жеткен биігіне жете алмады. Өйткені ақыл-парсаттылықпен, түйсікпен жазу шеберлігі Дулатқа Алладан берілген дара қасиет. Дулат екеуміз де – әкемізді соғысқа берген, соғыстың уын ішкен ұрпақпыз. Тәуелсіздікке дейін еліміздің ел бастар көсемі, жаудан қорғар әскері болмады. Сақ, ғұндардың ұрпағы болғанымызбен соған лайықты бола алмадық. Түркілерді кезінде ешкім жеңіп көрмеген. Олар өздері іштей алауыздықтан ыдырады. Жау іріткі салу арқылы санымызды азайтты, белімізді сындыра жаздады. Ұрпақтың ырзық-несібесінің нәтижесінде аман қалдық. АҚШ президенті Рузвельт сайлауға түсер алдында Американы ақша емес, ақыл билейтін елге айналдырамын деп уәде берген еді. Міне, қазір АҚШ сол ақылымен бүкіл әлемді өзіне қаратып отыр. Бізге де осындай жетістікке жету үшін білім және тағы да білім керек. Жастар, әсіресе, білімді болуға тиіс. Оқымаған жас өзіне, ұлтқа ор қазып жатқанын ұғынуы қажет. Міне, осының барлығын жүрегінен өткізген, түйсігімен түйген Дулат Дулат болды», деді Бексұлтан Нұржекеұлы.
Осыдан кейін сөз алған мерейтой иесі қазақ әдебиеті, драматургиясы жайлы тереңнен сөз қозғады. Әсіресе қаламгер пьесалары шетелдік театрларда сахналанғандықтан, жазушы сыртта көп болды және осыған орай шетелдіктердің төл әдебиетімізге деген көзқарасы туралы ойын білдірді.
«Өзге жұртта, әсіресе көрші Ресейде қазақтың әдебиетіне деген салқын қабақты байқадым. Кездесулерде сұрақ қойғанда да қазақ драматургиясы осыншалықты дәрежеге жетіп қалды ма дегендей қиямпұрыс сауалдар қойылады. Бірақ мұның бәріне де сауатты әрі зерделі жауаптар берілді. Қазақтың сөз өнері кез келген халықтың әдебиетінен кем емес, тіпті кейде басым тұратындығына әлемнің көзі жете бастады. Тәуелсіздік қазақ қаламгерлерінің қанаттануына мүмкіндік сыйлады», деді Дулат Исабеков.
Қазақтың қарымды қаламгерінің 80 жылдығын туған елінде тойлау көптен күткен арманымыз еді. Біздің тілегімізді қабыл алып, студенттермен, оңтүстік жұртшылығымен кездесуге келгені үшін ағамызға көптен көп рахмет. Жазушының мерейтойы тек Қазақстанда емес, Еуропада, тіпті Аустралияда да атап өтіліп жатыр. Ал пьесалары әлемнің белді театрларында сахналанып, шығармалары көптеген шет тіліне аударылды. Бұл – тек қаламгер емес, тұтас ұлт үшін болған мақтаныш. Жазушы шығармаларының өміршеңдігі сол – онда әлеуметтік мәселелер, адамның жан дүниесі керемет суреттеледі. Сондықтан да бұл әдеби дүниелер уақыт шеңберінде қалып қоймай, ұрпақпен бірге жасай береді. Классикалық туынды деп осыны айтады. Көзі тірі классик жазушымен көзбе-көз жүздесіп, айтқандарынан тәлім алған студенттерге бұл кездесу өмір бақи есте қалады ғой деп ойлаймын дегенді айтты ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева.
Ал Дулат Исабековтің шығармаларынан Гогольдің юморы, қарапайым адамдардың тағдырын суреттеген Достоевскийдің жазу мәнері анық көрінетінін әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жан-жақты баяндап өтті. «Өмірді боямасыз, табиғи таза қалпында сөз өнерімен бейнелеген жазушының таланты, мықтылығы осында жатыр. Сондықтан қаламгер шығармалары ішек-сілеңді қатыра күлдіріп те, мұңға бөлеп те қоя беретіні бар. Жазушының тіл шеберлігі, биік талғампаздығы өз алдына бөлек дүние», деді ол.
Кездесу соңында жазушы студенттермен сұхбат құрып, жеке шығармашылығы хақында сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ 80 жылдық мерейтойға орай оқу орны басшылығының ұйғарымымен жазушы Дулат Исабеков университеттің Құрметті профессоры атанды.
Сөз жоқ, қарымды қаламгер пьесаларының шетелдік театр сахналарында қойылуы, шығармаларының әлемнің көптеген тіліне аударылуы – қазақтың әлемдік әдебиет кеңістігінде жеткен ұлы жетістігі. Қазақ әдебиеті сол арқылы Еуропаға терезесін ашты. Сондықтан да Дулат Исабеков – қазақтың құшағына сыймай, бүкіл адамзаттың құшағына өтіп кеткен заңғар жазушы.
ШЫМКЕНТ