Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына жиналған жұртшылық «Ақыртас туралы аңыз» атты қойылымның премьерасын тамашалады. Біраз уақыт бойы жарнамасы жер жарған спектакльге деген жұрттың қызығушылығы зор екенін жиналған жастардың көптігінен аңғардық.
Балалар үшін арнайы дайындалған ертегі форматындағы қойылымның авторы Сантөре Пірманов болса, Жібек жолы бойындағы тарихы тереңде жатқан Ақыртас қалашығының бірнеше ғасыр бұрынғы тіршілігін аңыз ретінде жас ұрпақ санасына жеткізуге театр директоры Мәлік Ақүрпеков атсалысқан.
Жасөспірімдердің санасына адалдық деген ұғымды жан-жақты сіңіруге тырысқан авторлардың еңбегі зая кетпеді. Олар хан сарайына түскен қарақшы Ұсқын образы мен ниеті бұзық Тас-Мыстанның әрекеттерінен жерінді. Соңыра Әулиебұлақ жерінің жұрты мен Алаңғасар әміршінің халқының ымыраға келуі, жақсылық пен ізгіліктің қай кезде де сатқындықты жеңетіні бүлдіршіндерді қуантты. Режиссер Әулиебұлақ тарихымен ұштастыра отырып, киелі жердің соңыра Ақыртас аталуын тарихпен сабақтастыра алғаны да көңілге қонды.
– Қойылымның мақсаты – жас ұрпақтың елі мен туған жері туралы танымын арттыру. Мұндағы оқиғалар жас ұрпақты бастаған істі жүзеге асырудағы ауызбіршілікке, өзара ынтымақтастыққа үндейді. Сонымен қатар ұрлықтың түбі қашанда қорлық екенін, жамандықтың жерде жатпайтынын жас ұрпақ санасына жеткізуге күш салдық, – дейді спектакльдің қоюшы режиссер Ербол Абжалов.
ТАРАЗ