Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құжаттың мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жүйесін қалыптастыру. Заң жобасы Қазақстан Республикасының 3 кодексіне және 8 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасымен мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де адамдардың шығыстары мен кірістерінің мөлшерлес болуын бақылау, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тізбесін кеңейту мәселелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдескен мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қауіпсіздік шаралары реттеледі.
Заң жобасы қабылданғанда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан саясатына халықтың сенім деңгейін арттыруға, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жағымсыз көрініс болып отырған сыбайлас жемқорлықты азайтуға, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Депутаттар комитеттің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша заң жобасын Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.