Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде биыл туғанына 75 жыл толып отырған көрнекті жазушы, марқұм Несіпбек Дәутайұлының «Айғыркісі» әңгімесінің желісімен дайындалған сахналық қойылым көрермен назарына ұсынылды. Небәрі 40 минуттық мистикалық-вербатим суреткердің қаламына арқау болған өмір шындығын, ақ пен қараның қайшылығын көрсетіп, кісіліктен ажырап бара жатқан жұмыр басты пенделерді ар-иманмен беттестіріп, сана сезімін сілкіп алуымен құнды.
Жаңа бағытта қойылған шағын дүниені әдеби қауым жылы қабылдады. Тараздық жастардың тың талпынысын көрермен залынан тамашалағандар оқырман жүрегіне жол тапқан «Айғыркісі» әңгімесін үтір-нүктесіне дейін сезінетін көзі қарақты көрермен ретінде, өздеріне етене таныс кейіпкерлердің сахнадағы әр қимылын қалт жібермей қадағалады.
Есқұл, Бұлди, Жалғас есімді негізгі үш кейіпкердің образы арқылы өрбіген қойылым жазушы қаламындағы түпнұсқадан желісін үзбеген. «Дүниенің түбіне жетем деп жүріп, балаңның түбіне жеттің бе?» немесе «Арманның иесі мен киесін сақтай алмаған жұрттың көретіні ақырзаман» деген диалогтер алдамшы дүниеге арбалып, кие мен құндылыққа бей-жай қарауға бейілденген бейнеңді орман ойға шомдырып, тірі кейіпкерлердің аузынан шыққанда құйқаң шымыр етеді.
Жазушының шәкірті Ардақ Сүйінованың идеясынан туындаған ұжымдық еңбекте, жас режиссер Дарын Даумов пен Есқұлдың рөлін сомдаған актер Ерасыл Битанов көрермен ықыласына бөленді. Қойылымдағы хореографиялық, мистикалық элементтер оқиғаның динамикасын арттыра түскен. Қосалқы рөлдерге Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің, сондай-ақ «Парасат» білім ордасының студенттері тартылған.
– Бір киноны бір ғана сәт үшін аяғына дейін көруге болады. Сол секілді тұтас бір қойылымның өзегін бір ғана деталь ұстап тұруы мүмкін. Мейлі жарты-ақ сағаттық қойылым болса да, жақсы дүниені көру үшін, өнерді бағалайтын адам алыстан болса да келеді. Несағаңның қаламын қастерлейтін ізбасарлары бәріміздің жанымызға жақын, әдеби қауым әлдеқашан мойындаған сүйекті дүниені сахнаға алып шыққан екен. Шағын спектакль төрт аяғы тең түспесе де, жазушының негізгі идеясын жеткізе білген. Сондықтан алдағы уақытта мұндай тың дүниелердің көрермені арта түседі деген сенімдемін. Несағаң дүниеге таза қалпында келіп, тазалығымен кеткен сәби көңіл адам. Осы бір таза әлемді ардай көңілмен сахна тілінде сөйлеткен жастарға алғыс айтамыз, – дейді өз әсерімен бөліскен жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.
Автордың ішкі ойын зерделеген шығарма сәйгүліктің сезімі арқылы кісілікке, адами қадір-қасиетке шақырады. Жеке актерлік құрамнан тұратын шығармашылық топ аталған қойылымды кең ауқымда көрсетуге ниетті екендерін жеткізді. Қаламгер мұрасын жаңа форматта түрлендіріп, сахна тілінде сөйлеткен жастарға бұл бағытта қолдау көрсетілсе құба-құп.
Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығы, адами таза болмысы арқау болған кеште Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат, Ырысбек Дәбей, Бейбіт Сарыбай, Мақсат Мәлік қатарлы қалам ұстаған қауым, сертіне адал болған жазушының ел жүрегіндегі екінші өмірі енді басталғанын, оның талай шығармасы сахналық қойылымға сұранып тұрғанын айтып тарқасты.
АЛМАТЫ