• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 29 Желтоқсан, 2022

Орталық Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту талқыланды

256 рет
көрсетілді

Әйелдердің бизнес қоғамдастығы мен мемлекет арасындағы диалогты, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің күн тәртібі» өңірлік конференциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Wage консорциумы АҚШ Сауда департаментінің коммерциялық құқықты дамыту бағдарламасымен (CLDP) серіктестікте өткізген конференцияда Орталық Азия елдерінен 100-ден астам делегат экономиканың дамуына кедергі келтіретін құқықтық және әлеуметтік мәселелерді азайту жолдарын талқылады.

Wage коалициясының Қазақстандағы төрағасы Меруерт Қазбекова: «Біз өңірлердегі әйелдерге қолдау көрсете отырып, бизнесті дамытуға, көшбасшылық дағдыларды, әйелдердің саясатқа араласуына, кәсіпкерлік және гендерлік теңдік коалициясы аясында үкіметтік емес секторлармен, өңірлердің бизнес қауымдастықтарымен жұмыс істеуіне басты назар аударып келеміз», деп атап өтті. Меруерт Қазбекованың айтуынша, бүгінде Орталық Азиядағы әйелдер шағын және орта бизнес секторында белсенді. Алайда аймақ елдерінің заңнамасында «әйелдер кәсіпкерлігі» деген ұғым жоқ әрі ер адамдар ғана игеріп келген салаларда жұмыс істеу, бизнесті отбасындағы дәстүрлі рөлімен ұштастыру қиынға соғады. Ал мәселені заңнамалық тұрғыдан қарастырып, «әйелдер кәсіпкерлігі» ұғымын енгізу мемлекеттік қолдау бағдарламаларына, несие алуға қолжетімділікті жеңілдетеді.

Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрінің орынбасары Айнұр Үсенбекованың айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленген, сонымен қатар  «әйелдер кәсіпкерлігі» ұғымы стратегиялық құжаттарда анықталған, алайда заңнамалық тұрғыда қарастырылмаған. «Қазіргі кезде кәсіпкерлікті қолдау туралы заңның өзгертілуіне байланысты  әйелдер кәсіпкерлігін басшылыққа ала отырып, кепілсіз несиелер, бизнес идея, әйелдердің дағдылары мен әлеуеті бірінші кезекте қарастырылатын болады», дейді Айнұр Үсенбекова.

Green Tal әлеуметтік шеберханасының жетекшісі Эмин Әскеров атап өткендей, елімізде бизнес жасауға қолайлы жағдай бар. Халықаралық ұйымдар, қорлар тарапынан бизнесті қолдау жобаларына да қатысуға болады. Демек ынта болса, кәсіп бар, ал болашақ кәсіпкерлер үшін бизнес жоспарға, ал нақты мақсат анықталғаннан кейін, бәсекелес ортаны зерттеу, қаржы моделін ұйымдастыру жағына мән беру қажет. Бүгінде маркетплейс алаңдарының қолжетімділігін, цифрлы мүмкіндіктерді ескере отырып, шағын және орта бизнес өкілдері үшін өнімдерін сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігі бар. Сонымен бірге табиғи өнімдер, әсіресе ауыл шаруашылығы, яғни ет, сүт өнімдері, көкөніске қала тұрғындары тарапынан сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, бұл салада да табысты еңбек етуге болады.  

Тәжікстандағы «Жеке бизнесті дамыту одағының» президенті Наима Нугматова, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған жеңілдіктерге, үй кәсібіндегі әйелдер кәсібін, қолөнершілерді қолдау мәселесіне тоқталып өтсе, «Орталық Азия әйелдер лигасы» ҚБ атқарушы директоры Жумагул Игембердиева Қырғызстанда жеңіл өнеркәсіптің әйелдер бизнесінің қозғаушы күшіне айналып отырғандығын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі кезде Made in Kyrgyzstan брендін дамыту мақсатында көрші елдермен мамандар дайындау, технологиялар бойынша әріптестік дамып келеді. «Бүгінде Қырғызстанда тігіншілер тапшы. Ендігі кезекте өнімдерді Өзбекстанда тігіп, Ресей тарапынан технология, мамандарды оқыту, сондай-ақ Қазақстанмен  де әріптестікті дамыта отырып, алдағы уақытта әлемнің белгілі брендтерімен бәсекелесе алатын жағдайға жетуді мақсат етіп отырмыз», дейді ол.

Көпбалалы, мұқтаж отбасыларды қолдау бағытында құрылған «Замандас 21» ҚҚ президенті Ләззат Алшынованың айтуынша, әсіресе үйде отырған әйелдердің әлеуметтенуі басты мәселе.  Олардың қоғаммен ықпалдастығы, белгілі бір кәсіпті игеруі, бизнеспен қатар отбасы құндылықтарын дамытуы маңызды. «Бүгінде Астана қаласындағы  6 отбасы клубында балалар  спорт, тілдерді меңгеру, қолөнер үйірмелері тегін оқытылады. Клубта балалар үйірмелерге қатысып қана қоймай, еңбекке баулу, демеушілердің қолдауымен үйде отырған әйелдерді тігін тігуге тегін үйретіп, шеберхана аясында әлеуметтік кәсіпкерлікті іске асырып келеміз. Сонымен қатар бала тәрбиесіндегі әйелдерді бақытты отбасы қағидаларын,  ұлттық салт-дәстүрді дамыту, мамандармен кеңес бағытындағы да жұмыстар іске асуда. Осындай қолдаудың нәтижесінде көптеген әйелдер қаржы табу бағытында нақты жоспарларын іске асыра бастады», дейді Л.Алшынова.

Wage жобасының өңірлік үйлестірушісі Әсел Кубанычбекова әйелдер бизнесін дамытудағы негізгі кедергілер қатарында қаржыға қолжетімділіктің аздығы, қоғамдағы әлеуметтік нормалар, кәсіпкерлікті дұрыс қабылдамау, жақындарының қолдамауы,   мемлекеттік бағдарламаларына қатысты онлайн бизнес-платформаның жоқтығы сияқты бірқатар мәселені атап өтті.

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту үшін құрылған коалиция аясында өңірлерде фокус-топтар құрылды. Оның аясында әйелдердің әлеуметтенуі, гендерлік зорлық-зомбылықпен күресуге мән беріліп келеді. Мамандардың айтуынша, әсіресе ауыл аймақтарда мемлекеттік жеңілдіктер туралы ақпараттың аздығы, арнайы әлеуметтік топқа кірмейтін әйелдерге қолдау көрсету жағы жеткіліксіз. Алдағы уақытта Қазақстан ғана емес, аймақ елдеріне ортақ мәселелермен күрес, бизнес бастау және әйелдерді жоғары технологиялық салаларға тарту, осал санаттарына жеңілдіктер қарастыру жағына көңіл бөлінетін болады.

АЛМАТЫ