• RUB:
    5.01
  • USD:
    488.11
  • EUR:
    530.09
Басты сайтқа өту
Білім 29 Желтоқсан, 2022

Жетісу облысында ауылдық мектептердің әлеуетін арттыратын жоба таныстырылды

384 рет
көрсетілді

Жетісу облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылдық мектебінде «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуге және тірек мектептердің қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Бүгінгі заман бала тәрбиесіне де, білім сапасына да өз талабын қоюда. Көбіне еркіндікті қажет етеді. Бұрын оқушы қойылған тапсырманы толығымен орындауы маңызды еді. Жаңа методикада баланың еркіндігіне, шығармашылығына, қабілетіне қарай бейімделуі маңызды. Білім беруді тұрақты дамыту қорының және жоба серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектебімен» бірлескен «Ауылдық аймақтарда тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында өткізген тәжірибе алмасу біздің мұғалімдерімізді көп нәрсеге үйретті. Тіпті оқушы үшін ғана емес, мұғалімнің өзіне де оқу процесі әлдеқайда тиімді әрі жеңіл бола бастады», деді мектеп директоры Рахат Нығметбекқызы.

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары жабдықталған. Пәндер мен бағыттар бойынша оқу кабинеттерімен бірге қосымша білім беру кабинеттері – STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы бар кітапхана жарақтандырылды.

Айтс кетсек, «Қазақстан халқына» Қоры жабаға 249 825 000 теңге бөлген.

Қазіргі уақытта мектепте 53 мұғалім жұмыс істеп, 402 бала оқиды. Қор осылайша Е.Сиқымов атындағы мектеп құзыреттілік орталығына және жақын маңдағы шағын жабдықталған мектептер үшін тірек мектеп атануы керек екенін атап өтті. Материалдық-техникалық базаны нығайту, әдіснамалық көмек көрсету оқушылар мен ұстаздардың тәжірибелік білімдері мен дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді.

«Ең алдымен, Қазақстан халқының басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан ауыл оқушылары қала балалары сияқты түрлі мүмкіндікке ие болуы керек. Бүгінде біз тірек мектептерді дамытумен айналысамыз, өйткені онсыз ауыл білімін көтеру тіптен мүмкін емес. Жоба қазір Қазақстанның 17 облысын қамтиды, онда 13 000-ға жуық бала оқып, 2 000-ға жуық мұғалім жұмыс істейді», деп атап өтті Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке 250 млн теңге есебінен) бөлінген. Бүгінгі таңда Ақмола (Қатаркөл а., Досов ат.ом.), Павлодар (Ертіс а., № 1 Ертіс ом) Қостанай (Сарыкөл а., Урицкий ом.), Қарағанды (Ақтоғай а., К.Байсейітова ат.ом.), Абай (Аягөз қ., Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы), Ұлытау (Ұлытау а., Ұлытау жалпы білім беретін ОМ. №1), Шығыс Қазақстан (Марқакөл а., №1 ом), Жетісу (Жансүгіров а., Е.Сиқымов ат.ом) облыстарында 8 тірек ауылдық мектеп жарақтандырылып, ұстаздарға арналған оқулар өткізіліп жатыр.

Іс-шара «Ашық есік күндері» форматында өтті. Оған Парламент Сенаты депутаты Амангелді Төлемісов, ауыл әкімдігі мен белсенді азаматтары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоба демеушілері мен серіктестері қатысты.