• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Қаңтар, 2023

Өнеріміз өрісті болғай

255 рет
көрсетілді

Міне, мезгіл шіркіннің тағы бір жылы өтті. Өткен жылмен бірге көңілде де сан түрлі сезім қалды. Өткен жылдың басы халқымыз үшін ауырлау басталғанымен, күндер соңына ілескен күндер, айларды алмастырған айлар қаңтардағы жүректе қатқан сол бір қасіретті сеңді көктем шуағымен бірге аз да болса жібіткендей болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер уақытында қабылдаған дұрыс әрі нақты шешімдерінің арқасында қасірет бұлты сейілді. Әділетті Қазақстан аталатын жаңа кезеңге аяқ бастық. Маңызды саяси оқиғалардың куәсі болдық. Барлығы да халқымыз үшін тек қайырлы болсын деп тілеймін.

Мына әлемді жайлап тұрған алмағайып кезеңдерде бейбіт өмірден, еліміздің біртұтастығынан артық бақыт жоқ екен. Ата-бабала­рымыздың аңсаған сол арманына біз осыдан тура 30 жыл бұрын қол жеткізіп, тәуелсіз ел болдық. Біле білгенге бұл – ешқандай байлыққа баланбайтын ұлы бақыт. Иә, біз – бақытты ұрпақпыз! Тәуелсіздік алу бір бақыт, ал оны баянды ету әрқайсымызға одан да зор жауап­­кершілік жүктейді. Жер- жаһан­­ды жайлаған түрлі жайсыз оқиға­лар ұлтымыздан айналып өтіп, халқымыздың маңдайына мәңгілік мызғымас біртұтастықты нәсіп ет­кей деп тілеймін. Жаңа жылда қаза­ғымның көсегесі көгеріп, ұлт­­тық өнеріміздің өрісі кеңейіп, қана­тын кеңге жая берсін деген тілегім бар.

Себебі ұлттық өнердің басында ұлттық идеология, қазақтың барлық болмысы жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқының басына түскен неше түрлі қайғы-қасірет, қилы-қилы кезең, ауыр сындар болды. Қалмақтармен күрес 200 жылға созылыпты. Соның ең апогейі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясы тудырған «Елім-ай» әні. Міне, «Елім-ай» әні қазір қазақтың ұлттық гимніне айналды. Бұл ән – болашақ ұрпақтың киелі бір тірегі іспетті. Ел болудың, тұтастығымызды сақтаудың, ұлт болып өмір сүрудің жарқын үлгісі осы – Әлкей Марғұлан тапқан «Елім-ай» нұсқасында керемет сақталған. Қайда қырылмадық, қайда жосылмадық біз?! Ол жай ғана ән емес, мұқым халықтың діті мен ділі, жүрегі, бүкіл қайғы-қасіреті, бүгінгі өмірі, келешегі қамтылған үлкен толғау жыр.

Қазақтығымызды сақтап, ел­ді­гімізді мәңгілік етеміз десек, ұрпақ бойына барынша ұлттық өнерді сіңіру жолдарын қарастырғанымыз жөн. Бұл бағытта өткен жылы да бірқатар жақсы, жемісті жұ­мыс атқарылды. Жас дарындар­ды қол­дап, өнердің ардагер тұлғала­рына да лайықты деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай жарқын бастамалар әлбетте қазақ руханиятының кемелденуіне қызмет етіп, келешекке тұғырлы да даңғыл жол салары сөзсіз. Әр халық болмысын, өзінің ұлттық музыкалық діті мен ділін сақтаса, қазақтың көсегесі көгереді.

Мойындауымыз керек, осы күнге дейін біз небір ауыр жылдарды бастан кешірдік. Батыстан ағылып жеткен жағымсыз әсерлер жастарымыздың санасын улады, әлі де улап келеді. Телевидение, ғаламтор, компьютер арқылы беріліп жатқан сұмдықтардың барлығы қазақылықтың қайнарын лайлап бітті. Жастардың қиялын ұрлап жатыр. Кешегі кеңестік кезеңдегі керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, ұлты басқа болса да Латиф Хами­ди, Евгений Григорьевич Брусиловскийлер, сондай-ақ Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндер, олардың бергі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамеджанов, солардан кейінгі Мәкәлім Қойшыбай, Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Теміржан Базарбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатовтар ұлттық өнерге үлкен олжа салған болатын. Сонау ықылым заманнан келе жатқан дәстүрді Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, ұлттық нақышпен жазды. Біз – Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Әсет Бейсеуов, «Махаббат вальсімен» шыққан Бекен Жамақаев сәл ертерек шығып, 60-жылдардың композиторы болып, өзіміздің алдымыздағы аттарын атап өткен Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер жасаған, Латиф Хамидилер тудырған вальс­терден ауытқығанымыз жоқ. Сол үлгіде ән жаздық, әлі де жазып келе жатырмыз. Сол үшін де өзімді бақытты адам санаймын.

Егер шын ұғына білсеңіз, қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын әнде қалдырған. Ал бүгінгі әндердегі қазақтың келбетін елестетуге бола ма? Әрине, жоқ! Осыны болдырмау керек. Тәуелсіздіктің төл перзенті – жастарымыздың бойына нағыз ұлтжандылық дәнін сеуіп, сол рухта тәрбиелесек, ұлт ретінде көп нәрседе ұтамыз. Осыны ұмытпайық. Ендігі үміт – Тәуелсіздіктің ұландарында! Ұлы Мағжан айтпақшы, мен жастарға сенемін!

Шүкір Аллаға, Қазақстан бүгін­де дамудың барлық саласын­да ілгерілеп, жақсы күндерге кетіп бара жатыр. Соған тәубе дейік! Қай салада болсын қазақ халқы­ның, Қазақстанның беделі артып, абыройы асқақтап келеді. Со­ған шүкір дейік. Ұлтымыз аман, елімізді бастайтын марғасқа аза­мат­тар аман болсын деймін. Лайым Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елд­ігі­міз баянды болғай. Сол ұлы мұрат­тарды жүзеге асыру жолында Алла Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа абырой мен қайыспас қажыр берсін. Бастысы, Тәуелсіздігіміз мәңгілік, ұлттық өнеріміз өрісті, келешегіміз келісті болғай. Келген жылға менің бар тілегім – осы.

 

Ілия ЖАҚАНОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері,

композитор, өнер зерттеуші