Білім саласындағы былықтар Түркістан өңірінде көптен бері көтеріліп келеді. Жас ұрпаққа дұрыс бағдар, сапалы тәлім-тәрбие беру басты міндеті саналатын білім беру мекемелерінің жұмысы ашық та мінсіз болуға тиіс. Алайда өңірдің білім саласы қателіктен сабақ алмай, жемқорлыққа жиі жол береді. Жуырда бұл саладағы заңсыздықтар мен кемшіліктер облыстық қоғамдық кеңесте айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қоғамдық кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуетін толығымен жүзеге асыру керектігін тапсырған болатын. Осы орайда Байділдә Жылқышиев төрағалық ететін облыстық қоғамдық кеңес білім саласындағы және тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыс барысында жіберілген кемшілік пен жемқорлық бойынша мәселе көтеріп, тиісті орындардың назарына салған еді. Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында білім басқармасының қызметіне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесі баяндалды. Сыртқы талдау барысында жалған дипломдарды пайдалану, сотталған педагогтерді жұмысқа орналастыру, сапасыз оқулықтарды сатып алу, жұмысқа қабылдау, бақылаушы органдарды тексеру, біліктілік санаттарын беру, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу, ротация, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру және басқа да фактілер анықталған. Бұл деректерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек мәлім етті. Талдау барысында Арыс қаласы мен Шардара, Сауран аудандарында жұмыс істейтін мұғалімдерде соттылықтың болуы немесе болмауы зерттелген. Нәтижесінде, аталған аудандарда 8 443 мұғалімнің 90-ы қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Оның ішінде есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу, ұрлау, пара беру/алу, қарақшылық дерегімен қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар бар. Яғни білім беру мекемелерінде қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп келген.
«Ұстаздардың жоғары білім туралы дипломдарының дұрыстығын анықтау мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Онда жұмыс тобы еліміздің жоғары оқу орындарына Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданындағы 97 білім беру мекемесінің 3 477 педагогінің тізімін жолдады», дейді Сәбит Әсілбек. Нәтижесінде 128 мұғалімнің дипломының заңдылығы расталмаған. Сондай-ақ сұрау салынған 30-дан астам жоғары оқу орнының тек 15-і ғана жауап берген. Қалғандарынан жауап күтіліп отыр. «Білім туралы құжаттарды тану (нострификация) мақсатында білім беру мекемелері қызметкерлерінің жоғары білімі туралы шетелдік дипломдарға Білім министрлігінің білім саласындағы сапаны бақылау комитетіне хат жолданды. Комитеттің жауап хатына сәйкес 432 мұғалімнің 196-ның білімі туралы құжаттары расталмағаны анықталды. Бұл факт заң талаптарын бұзумен қатар жалған диплом ретінде қабылданады», дейді С.Әсілбек. Облыста 65 мыңға жуық мұғалім оқу орындарында жұмыс істейді және олардың дипломының дұрыстығын тексерген жағдайда одан да көп жалған дипломдарды пайдалану фактілерін анықтау қаупі бар. Қоғамдық кеңес өкілдері жоғарыда келтірілген фактілер мектептерде ақша жинау, ақша беріп жұмысқа орналасу және оқушыларға оқу процесін дұрыс оқытпауға әкелетін жалған дипломдарды пайдалану туралы куәландыратынын, бұл оқушылардың білім деңгейінің төмендігіне, демек қоғам тарапынан шағымдардың көбейетініне әкелетінін айтуда. Алдағы уақытта мұндай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында басқармаға бірқатар ұсыныс енгізілген. Ал талдау нәтижелері облыс әкімінің аппараты мен орталық аппаратқа жіберілген. Білім саласындағы заңсыздықтардан хабардар облыс әкімі Дархан Сатыбалды жуырда өткен жиында білім саласында күрделі мәселенің көп екенін алға тартып, сыртқы талдау нәтижесімен заң талаптарына сәйкес нақты жұмыс істеуді тапсырды. Қордаланған мәселелерді шешу үшін кезең-кезеңге бөлінген іс-шаралар жоспарын бекітуді жүктеді. Білім саласындағы заңсыздықтың көзін жою үшін адами факторды барынша азайтып, орталықтандыру және цифрландыру жүйелеріне күш салуды міндеттеді.
Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша, сыртқы талдау нәтижесінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының ротацияларын орын ауыстыру кестесін ескере отырып аяқтау жөнінде ұсыным берілген. Облыс бойынша 381 мектептің басшысына қызметін атқарғанына 7 жыл толған. Оның 156-сы ротациялау комиссиясына ұсынылады. Қалған 225 білім беру ұйымы бір елді мекенде орналаспаған, сондықтан ротациялауға жатпайды. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 267 мемлекеттік мекеменің 141 меңгерушісіне лауазымдық міндетті атқарғанына 7 жыл немесе одан жоғары. Оның ішінде 67 мекеменің меңгерушісі ротациялау комиссиясына ұсынылады. Облыста жалпы 223 мекеме басшысы, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары басшылары ротациялауға жатады. Жемқорлық фактілеріне әкелетін тәуекелдеріне талдау жұмысы тұрақты жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыс жандандырылады», деді басқарма басшысы. Алайда бұл басшылық тарапынан бұған дейін де талай айтылған болатын. Бірақ нақты нәтиже жоқ.
Сондай-ақ арнайы мониторинг барысында көптеген балабақшаның бала санына сай мемлекеттік тапсырыс алып отырғанымен, тексеру нәтижесінде сол бөлінген қаржыға сай бала жоқ екені анықталған. Бірқатар балабақша санитарлық және басқа да талаптарға сай емес. Облыс әкімі аппараты мен басқармалары және Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, 17 аудан, қалалардағы мемлекеттік тапсырыс берілген 1 393 балабақшаға (154 214 балаға) мониторинг жұмысы жүргізілген. Оның 268-і – мемлекеттік, 1 012-сі – жекеменшік. Жүргізілген мониторинг барысында өрескел заң бұзушылық анықталған. Мысалы, Төлеби ауданы бойынша 6 жекеменшік балабақшада 80% балалар тек құжат жүзінде ғана тіркелген, ата-ана өтініштерінің 90%-ы бірдей қолжазбамен толтырылған. Барлық аудан, қалалардағы жекеменшік балабақшаларда бұзушылық біркелкі. Атап айтқанда, балабақша ғимараты жатын және ойын бөлмелері санитарлық талаптарға сәйкес емес. Құжатта көрсетілген төсек-орындармен нақты орын сәйкес келмейді. Басқа облыстар мен қалалардың балаларын тіркеу, жолдамада көрсетілген ата-аналар мүлдем басқа адамдар болуы, көптеген жекеменшік балабақшаларда – 40-50%-ға дейін, кейбір балабақшаларда тізімдегі балалардың 80%-ның жоқтығы анықталды. Жылу жүйелері қалыпты жағдайдан төмен, қауіпсіздік шаралары сақталмай ирандық пешпен жылытылатындары бар. Автокөлік гаражын балабақшаның қосымша корпусына айналдыру дерегі де тіркелген. Балабақшада киім шешетін орын 1 балаға кемінде 0,7 шаршы метр, ойын бөлмесі 1 балаға кемінде 2 шаршы метр болуға тиіс. Бұл талаптар көп жерде орындалмаған. Басқарма басшысының айтуынша, кемшіліктерді қайталамау мақсатында мемлекеттік тапсырыс қаражатын «SmartNation Balabaqsha» порталында қаулыда көрсетілген тарифтеумен реттеп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту қарастырылыпты. Бұған қосымша осы портал арқылы баланың балабақшаға келіп-кетуін QR арқылы растаудың қанатқақты жобасы енгізілуде. Балабақшалар министрлік бекіткен жаңа талаптарға сай болуы қажет. Облыс әкімі тарапынан балабақшаларға бөлінген қаржыны өз мақсатында әділ жұмсау, балабақша иелерінің жауапкершілігін арттыру, балаларға жайлы жағдай жасау, жалақы қарызы мәселесінің алдын алу, қаржыны қадағалау жөнінде тапсырмалар берілген. Заңсыздықты анықтап, тиісті шара қолдану үшін барлық жауапты сала өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылады.
Айтпақшы, облыста түпнұсқасы жоқ құжатты пайдаланған 50-ге жуық мұғалімге қылмыстық іс қозғалды. Облыстық полиция департаментінің өндірісінде адами әлеуетті дамыту департаменті жүргізген тексерудің қорытындысы бойынша 10 қылмыстық іс тергелуде. Онда түпнұсқасы жоқ жоғары білім дипломын пайдаланған 11 мұғалімге ҚР ҚК-нің 385-бабы бойынша айып тағылған. Оның ішінде 5 іс мектеп мұғалімдеріне қатысты болса, бесеуі – балабақша тәрбиешілері. Сонымен қатар Түркістан, Сауран, Сарыағаш, Шардара аудандық полиция бөлімдерінде ҚР ҚК 385-бабымен 41 мұғалімге қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған. Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда қызметкерлерден толық жауап алынып, қажетті сот-техникалық сараптамасы тағайындалған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы