Тәуелсіздігімізге қауіп төндірген 2022 жылдың қаралы қаңтары жүректегі жараны әлі жазған жоқ. Мемлекеттік құпияға байланысты тергеу жұмыстарының барлығы халыққа әлі де жетпей отыр. Аласапыран кезеңнің қанды хроникасы туралы не білеміз? Қандай ой түйдік? Мемлекет басшысының ұстанымы мен ұсынған жолы қалай қабылданып жатыр?
Ашық ақпаратқа сусап отырғанда мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты саяси-танымдық және қаңтар оқиғасын саралаған кітабы жарық көрді. Расында, қаңтардың қанды хроникасын білу ешкімді бейжай қалдырмайды. Сондықтан халықты шындыққа жетелейтін ақпарат қажет.
Кітап үш бөлімнен тұрады. Автордың көзі қарақты, ірі математик ретінде логикалық құрылымға жүгінгенін бірден байқауға болады. «Жоқтан – бар болмайды». Мұны осы қаңтар текетіресінің логикасынан түсінесің. Бұл ұғым билік транзитінің жүзеге асырылуымен байланысты қарастырылған. Осы арқылы қаңтардың басталуының ішкі архитектоникалық логикасын түсіне аласың.
Ж.Құлекеев 2017 жылғы 16 қыркүйекті «Дәл осы күні болашақ Президенттің кім болатыны анық шешілген еді», деп жазады. Сол күні Қ.Тоқаев Сенат төрағалығына қайта ұсынылды. Автордың пайымдауынша, «Сенат төрағалығына қайтып тағайындалуы оның әлеуетті Президент екенін біреу байқады, біреу байқамады».
Рас, саясаттың жанында жүрген адамдардың бәрі мұны үлкен саяси өзгерістің басы деп ұқты. Осы ойға бәріміз де келгенбіз. Өйткені билікке келу мен кетудің өзіндік жолы бар.
Бірақ кілтипан осы жерде бірден байқалды. Мұны көзі қарақты адамдардың бәрі сезді. Себебі Елбасы, Тұңғыш Президент Сенатқа өзі келмей, Президент әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбековті жіберді. Ол Назарбаевтың Сенатқа жолдаған ұсыныс-хатын оқып берді. Осы деректерді келтіре отырып, Ж.Құлекеев Қ.Тоқаевтың кәсіби саясаткер және дипломаттық қасиеттерін даралап, сипаттайды.
«Тұңғыш Президенттің арғы ойын түсінген ол өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей сөйледі», деп Қ.Тоқаев сөзін мысалға алады. «Мемлекет басшысының салиқалы, көреген саясатын іске асыру – мен үшін әрқашан жауапты және зор мәртебелі міндет. Президенттің сенімін ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын».
Сөзді айту бар да, оны орындау бар. Сөзіне берік Қ.Тоқаев жолына, уәдесіне берік болды. Саясаттағы ұстаным – қызуқандылықты қаламайды. Сонда ғана салмақты шешім қабылдауға болады.
Осы кезеңде ақпараттық шабуыл басталды. Оның саясаттағы рөлін төмендету бағыты жүргізілді. Мұны Ж.Құлекеев ашық және ашып жазады. «Қазақстан дипломаттарының көш басшысы десе, енді біреулер «Назарбаевтың көлеңкесі» деп сипаттады. Мұндай материалдарды өзіміз де сан мәрте оқыдық. Кезінде өзім де «Тоқаев – Назарбаевтың көлеңкесі емес», деген мақала жазғанмын.
Бұл кезеңде Қ.Тоқаев жоғары беделге ие болды. Автор «Кремльдің саяси элитасы» оны «Еуропалық деңгейден де жоғары дипломат», деп жазды. Мұндай теңеулер біреулерге жақты, біреулердің шамбайына батты. Бірақ уақыт керуені кері айналмайды.
Н.Назарбаев Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдады және мұндай тоқтамға қалай келді? Бұл сұраққа да жауапты Ж.Құлекеевтің кітабынан табасыз. Әрине, ізбасар ең сенімді, адал тұлға болу керек. Н.Назарбаев тәжірибелі саясаткер ретінде көп екшеп, көп саралап, Тоқаевтың кандидатурасына тоқтады. Неге? Автор бұл сұраққа «Басқалардың адалдығы бір төбе де, оның адалдығы бір төбе еді», деп жауап береді.
Міне, осылай Ж.Құлекеев қаңтар оқиғасының қанды хроникасын асықпай ашып, Қ.Тоқаевтың саяси портретін жасайды. Ол Мемлекет басшысының шешім қабылдауға асықпайтын мінезінен жақсылық нышанын көреді. «Иә, ақылды адамның шешім қабылдауы қашан да қиын. Ақылсыз адам тез шешім қабылдайды. Ал ақылды жеті өлшеп, бір рет кеседі».
Кітапты оқыған сайын оқиғалар тізбегі жетектеп, өзіне қызықтыра түседі. Бір тақырып екінші бір тақырыпты ашып отырады. «Жабық спектакльдегі жүйе соғысы» атты тақырыппен берілген сараптама мақаладан билік транзитінің оңай болмағанын, теке-тірестің қалай басталғанын білесің.
Автор 2019 жылды «Саяси тоқыраудың шегіне жеткен кезі еді. Н.Назарбаев өз еркімен кетті», деп жазады. Қ.Тоқаев таққа отырды. Меніңше, ол тақ үшін күрескен жоқ. Тақты еңбегімен, үлкен саяси мектептен өткендігімен, халқына адалдығымен жеңіп алды.
«Бірақ іле-шала спектакльдің екінші бөлімі басталып кетті», деп жазады Ж.Құлекеев.Ол не спектакль? Көкейде жүрген ойларымыз тоғысты. Саяси элита мойындағысы келсе де, келмесе де, ол Қазақстанда орнаған қос биліктің орнығуы еді. Ж.Құлекеев оны «билік синдромы» деп атапты. Шындығы – сол. Президент пен Тұңғыш Президент, Елбасы мәртебесі және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болуы Н.Назарбаевтың заң жүзінде биліктің белгілі бір бөлігін өз қолында ұстап қалуына мүмкіндік берді.
«Консенсунс» деген ұғым бар, – деп жазады Ж.Құлекеев. – Жабайы түсіндірсек, биліктегілердің жақсы мағынада бір-бірімен ымыраға келуі. Дәлірек айтсақ, консенсус – спектакль. Драма десе дұрыс болады. Дей тұра, консенсус ешқашан да трагедия жанрында жазылмайды».
Кітап осылай қаңтар оқиғасының логикалық, хроникалық жолының қалай басталып, қалай аяқталғанына жауап береді. Одан әрі автор «Қазақстан синдромының» сырын ашады. Одан «Халқын сүйген тұлға қуыршақ болмайды», деген тарауға ауысады. Осы тарауда Қ.Тоқаевтың толыққанды саяси кескін-келбеті көрінеді. Міне, автор осы туралы ойлы, нанымды пікір қосады. «Қ.Тоқаев дұрыс мемлекеттік саясат құра білетін, сол саясаттың адам бостандығы мен игілігі үшін, тұрақты дамуы мен өркендеуі үшін, барлық алғышарттарды қамтамасыз ете алатын тұлға екенін тағы танытып үлгерді», деп жазады автор.
Қ.Тоқаевтың саяси платформасын ашып көрсетіп, принципті саяси экономикалық бағыттарын саралай келе Ж.Құлекеев: «Мемлекет нарықтық экономикаға араласпауы керек. Әрине, мемлекет табиғи монополистердің жұмысын реттеуі қажет», деп ой түйеді.
Қазір Қ.Тоқаев жүргізіп отырған саясаттан «жаңа форматтағы» президенттің бейнесін көргендей боламыз. «Тоқаев таңдаған жол», «Алғашқы жылдан аршынды», «Қайта жүктеу процесі», «Реформа жылының резонансы», «Қаңтарға ұласқан өліара» атты тараулар Президенттің Жаңа Қазақстан құру жолындағы эволюциялық өсуінің қиын да, сындарлы жолдарының табиғатын тануға мүмкіндік береді.
«Шыдамның да шегі бар. Жоғарыда айтқан жеке тайталастарды жоймағандықтан да, оның арты ең үлкен, ең басты қақтығысқа – халық пен билік арасындағы қақтығысқа яғни қан төгілуге ұласып кетуі мүмкін», дейді Ж.Құлекеев. Рас, қаңтар оқиғасы кезінде жұрт түрлі пікірде болды. Президент Қ.Тоқаевтың сөзін жан-жаққа тартқандар да кездесті. Мәселенің байыбына бармай, күйе жағуға тырысқан адамдардың да болғаны жасырын емес. Оған тарих, заман лебі куә.
Кітаптың екінші бөлімі «Қаңтарда» деп аталады. Жоғарыдағы сұрақтарға осы тараудан жауап табуға болады. «Қаңтар оқиғасы шын мәнінде қазақ еліне сын болды. Иә, ұлттың, егемендіктің, тәуелсіздіктің басына түскен қаралы қаңтар тарихымыздың ХХІ ғасырдағы ең азалы күндері болып қалмақ». Бұл сойқанның сыры неде? Жаңа жылдың басында тып-тыныш еліміздің шырқы бұзылды. Оның бәрі Ж.Құлекеев кітабының логикалық арнасын ашады. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келу сәтінен бастап қаралы қаңтарға ұласқан теке-тірестің кілті табылғандай.
Ж.Құлекеевтің жазуына қарағанда, 4 қаңтарда құзырлы органдардың мәліметі бойынша ереуілшілер саны 37 мың адамға дейін өседі. Тіпті автогаз бағасы 50 теңге дейін түсіріледі. Бірақ толқу басылмады. Бірте-бірте саяси талаптар қойыла бастайды. Дәл сол күні, «шерулер бейбіт сипаттан арылып, бүлікке ұласты».
Кітаптың құндылығы – деректілігінде. Мұндай ақпараттар, ашық ақпарат көздерінде жариялана бермейді. Ақпарат алудың әртүрлі жолы бар. Автор осы цифрлардың сырына үңіледі. Осылай өміршең сұрақтарға жауап таба бастайсың.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасағанын бәріміз білеміз. Мемлекеттік ғимараттарға шабуыл жасала бастады. «Бұл өрескел қылмыстық әрекет», деп жазады автор.
Президент халықты сабырлыққа, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды, халықтың заң алдындағы өтініштері мен талаптары ескерілетінін, тиісті шешімдер қабылданатынын айтты. Шұғыл шаралар қабылдау сәті келді.
Әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шешім қабылданды. Кітаптағы мысалға жүгінсек, азық-түлік, бензин, дизель, сұйытылған газ бағасына 180 күнге мемлекеттік реттеу, ал коммуналдық тарифтерді көтеруге 6 айға мораторий енгізді. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң әзірлеуді тапсырды. «Қазақстан халқының қорын» құруды жүктеді.
Қысыл-таяң шақта Президент Қ.Тоқаев халыққа екінші мәрте Үндеу жариялады. Ашығын айту керек, қаңтар қантөгісінің мақсаты мен мүддесі айқын болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлімдеді. Президент Қ.Тоқаев сөзі Ж.Құлекеев кітабында тұр: «Мақсаты – мемлекеттік институттарды жою, конституциялық құрылымды бұзу, ақыр соңында билікті басып алу болған».
Автор «Оққа ұшқандар ұмытылмайды» деген тарауында қанды қырғын кезінде жапа шеккендер туралы жаны ауыра жазады. 15 қаңтар күнгі Қазақстан Бас прокуратурасы мәлімдеген деректі келтіреді: «225 адам қаза тапты». Автор журналистер тапқан деректерді де пайдаланған. Мысалы, «Vласть» журналы 63 мерт болған азаматты аты-жөнін айқындайды. Олардың 46-сы – қарапайым тұрғын, 17-сі қарулы күштер өкілі.
Қаралы күндердің жаңғырығы ұмытылмас. Осы кезеңде Президент Қ.Тоқаев ҰҚШҰ күштерін шақырды. Бұл туралы да сан-саққа жүгірткен ақпараттар жеткілікті болды. Оның бар мәнін түсіну үшін Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде айтылған мына жолдарды келтіре кетейін: «Өздеріңізге мәлім, ҰҚШҰ-ның Жарлығын құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес Қазақстан Конституциялық тәртіпті ретке келтіру, көмек беру үшін ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күштерін енгізуді сұрады».
Расында солай болды. Мемлекетіміздің егемендігін қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық бітімгершілік күштерінің 2030 адамы мен 250 техникасы келіп, қауіпсіздігімізді қорғауға мүмкіндік берді.
«Мәсімов ісінің мәні неде?». Дүрбелең жасаған «Жабайы Арман», «Қырғынның артында кімдер тұр?», «20 мың террорист қайдан келді?» және тағы да басқа тарауларда берілген мәліметтерге талдау жасай отырып Ж.Құлекеев өзінің көзқарасын ашық жазады.
Ж.Құлекеев кітабында «үшінші күштің» пайда болуы 2019 жылғы Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа беруінен басталады деп есептейді. Сын сағатында халқының қасында қалған, ел Президенті Қ.Тоқаевтың өмірлік ұстанымдары мен күрескерлік қасиеті туралы автор толғақты ой айтады. Қаралы қаңтардың хроникасы ұлттың бірігуіне, болашақ жолын айқындауға, әділетті әрі жаңа Қазақстан құруға жол ашады.
Уәлихан ҚАЛИЖАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик