• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2010

ИННОВАЦИЯ – ДӘУІР ТАЛАБЫ

673 рет
көрсетілді

Кеше қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында І Астаналық инно­ва­циялық форум болып өтті. Оны Астана қаласының әкімдігі мен Қазақ ұлттық жаратылыстану ғы­лым­дары академиясы ұйымдастыр­ды. Форумға еліміздің жетекші тех­ни­калық жоғары оқу орындарының ректорлары, белгілі ғалымдар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен инновациялық қорлардың басшы­ла­ры және Қазақстанның барлық өңірлеріндегі ірі кәсіпорындардың өкілдері, барлығы 200-ден астам делегат қатысты. І Астаналық инновациялық форумда қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғы­лымдары академиясының прези­денті Нұртай Әбіқаев, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамет Әбдібеков, “Атамекен” одағы” ұлттық эконо­ми­калық палатасының төрағасы Азат Перуашев, Қазақ ұлттық жа­ратылыстану ғылымдары акаде­мия­сының вице-президенті, “Па­расат” ұлттық ғылыми-техникалық холдингі” АҚ-тың басқарма төрағасы Нұралы Бектұрғанов және басқалар сөйледі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масы бойынша алғаш рет өткізіліп отырған бұл форумның басты мақсаты, еліміздің бас қаласының экономикасына заманауи озық технологияларды кеңінен енгізіп, елордамызда инновациялық қыз­метті жандандыру мақсатындағы диалог алаңын құру болып табы­лады. Осы орайда елорданың инновациялық қызметін дамыту үшін ғылым, білім және жоғары техникалық институттардың, озық технологиялармен жұмыс істейтін жетекші кәсіпорындардың ортақ мақсат жолындағы қызметтерін үйлестіріп, Астана қаласының экономикасына инновациялық технологияларды енгізуге барынша қолайлы жағдай туғызу, өмірге келген инновациялық жобаларды бірлесе іс жүзіне асыру болып та­бы­лады. “Инновация – бұл бүгінгі қоғам мен заманның жоғары тала­бына адам идеясының лайықты жауабы. Инно­вациялық даму үрдісінде ең басты тұ­ғыр ғылым мен тәжірибенің тұтас­тығы болуы қажет. Индустриялан­дыру дәуірі­нің талабы да осы”, деді Астана қаласының әкімі И.Тасма­ғамбетов форумда сөйлеген сөзінде. Астана әкімдігінің деректері бойынша, 2009 жылы елордада 8 жаңа инновациялық өндіріс іске қосылған. 2010 жылы нақ осындай тағы да 6 ірі өндіріс ошағы пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта қаланың Индустриялық паркінде жалпы құны 170 мил­лиард теңге болатын 41 ірі жоба жү­зеге асырылуда. Бұл жоба­лар­дың әрқайсысы бас қаламыздың дамуы жолындағы инновациялық үдерістің тиімді жұмыс істеп кетуінің кепілі бола алады. Форум шеңберінде еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген ға­лым­дардың ғылыми-инновациялық жобалары таныстырылып, арнайы ашылған көрмеде бірқатар жаңа ғылыми-инновациялық жұмыстар­дың тұсауы кесілді. Осы орайда, қала әкімдігі мен жетекші кәсіп­орындар басшыларының қызығу­шы­лығын тудырған бірқатар жо­баларды атап өтуге болады. Шы­ғыс Қазақстан облысының “Ал­тай” өңірлік  ғылыми-техникалық паркі” АҚ пен “Парасат” холдингі ұсынған жылыту жүйелерінің қуа­ты мен сапасын арттыратын жылу сорғылары қондырғылары Астана қаласының коммуналдық кәсіп­орындарында өндіріске енгізілетін болды. Сондай-ақ “Парасат” холдингінің “Физика-техникалық институты” ЖШС жасап шығар­ған ерекше жарық беретін диодты шамдар энергия қуатын үнемдеуге тиімді жол ашады. Осы инсти­туттың ғалымдары ойлап тапқан электр энергиясын генерациялау үшін қолданылатын  қабыршықты пленкаларды пайдалану арқылы күн сәулесі қуатынан электр энер­гиясын өндіру қондырғылары да қала кәсіпорындары мамандары­ның қызығушылығын оятты. С.Торайғыров атындағы Пав­ло­дар мемлекеттік университетінің ғалымдары жасаған планетарлық редукторлары бар жел-энер­ге­тикалық қондырғылары, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ ғалым­дары ұсынған асфальт-бетон қоспаларына пайдаланымнан шыққан автокөлік шиналарының ұнтақтарын қосу технологиясы, “Сейсмология институты” ЖШС ұсынған Вячеслав су қоймасының пайдалану мерзімінің сенімділігін анықтайтын жобалар елорда­мыздың экономикасына кеңінен қолданылатын болды. Форумда еліміздің экономика саласын дамытуға және оның ғылыми әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін “Фитохимия” халық­аралық ғылыми-өндірістік хол­дингі” АҚ президенті Серғазы Әде­кеновке “Қазақстан Респуб­ликасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы Алтын медаль”, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Ғалым­қайыр Мұтановқа “Әл-Фараби атындағы Алтын медаль”, Қ.Жұ­банов атындағы Ақтөбе мемле­кеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаевқа “Әл-Фараби атындағы Күміс медаль” тапсырылды. Форум қорытын­дысында Астана қаласының әкім­дігі, Қазақ ұлттық жаратылыс­тану ғылымдары академиясы және “Атамекен” одағы” ҰЭП арасында үшжақты өзара инновациялық әріп­тестік меморандумына қол қойылды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.