• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қаңтар, 2023

Қарағанды облысында жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады

258 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында жаңа туған баланы жедел жәрдем дәрігерлері ғана емес, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де құтқаруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 қаңтар күні сағат 00:03-те Дубовка кентінен 2 км қашықтықта жедел жәрдем қызметінің көлігі жол апатына ұшырады. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жедел жәрдем көлігінде ӨЖЖ аппаратына қосылған нәрестені анықтап, оны арнайы техникасыз эвакуациялау мүмкін емес екенін аңғарды.

Кюветке шығып кеткен көлікті жолға шығаруға мүмкіндік болмады, себебі ол жолдан 20 метрден астам қашықтықта болған. Жедел жәрдем жүргізушісінің айтуынша, жолда отын таусылып, жағдай жедел шешімдерді қажет етті.

Құтқарушылар жедел әрекет етіп, зардап шеккен дәрігерлерге жанармай мен жылы заттар жеткізіп үлгерді. Ал сәбиді Қарағанды қаласынан келген басқа жедел жәрдем көлігіне ауыстыру қажет болды. Бұл ретте құтқарушылар жолды дереу тазарта бастады. Дәрігерлердің айтуынша, баланы ӨЖЖ аппаратынсыз 30 секундтан артық ұстауға болмайды. Қызметкерлердің үйлесімді және уақтылы іс-қимылдарының арқасында бала жедел жәрдем көлігіне жеткізіліп, одан әрі облыс орталығына жатқызылды.