Жамбыл облысының бірқатар ауданында құйындай соққан дауыл жұртты әуре-сарсаңға салды. Жаңатас пен Қаратау тұрғындары жылу мен жарықсыз қалды.
Иә, секундына 30 метр жылдамдықпен соққан жел электр бағаналарын құлатты. Талас ауданының орталығы Қаратау қаласы мен Сарысу ауданының орталығына телінген Жаңатас қаласының тұрғындары табиғаттың тосын мінезінен айтарлықтай зардап шекті. Иә, кісі шығыны жоқ. Әйткенмен, көпқабатты үйлердің шатыры ұшты, көптеген көлік қирады, діңі берік ағаштар құлады. Ұйытқи соққан желден келген шығын сағат санап артпаса, кемімесі анық. Өйткені ұшқан шатыр мен құлаған ағаштың талай дүниені тас-талқан еткені анық. Ал халық сақтандыру компаниялары көліктің шығынын өтемейді деп қамығып отыр.
Деректерге сүйенсек, желден зардап шеккен жұрт әуелде жылу мен жарықты былай қойғанда, ас атасы нанға зәру болған. Әуелде Сарысу ауданының әкімдігі наубайханалардың істен шыққанын мәлімдеді. Мұны: «Наубайханалар істен шыққандықтан тұрғындарға Тараз қаласынан 7 мың дана нан жеткізілді», деген аудан әкімдігі баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінен де айқын аңғаруға болады.
Әзірге 11 көпқабатты тұрғын үйдің жабындысы ұшқаны анықталған. Қаһарлы қыс қатты қыса бермейтін өңірде дауыл бір соққанда қазандықтың істен шыққаны да жаныңды аяздай қариды. Алты ай бойы ат құлағы көрінбейтін саршұнақ аяз бен ұйытқып соғатын желі жүйкеңді жұқартатын теріскейдің қысы Жамбылға жарты ай қонақтаса жағдай не болмақ? Қысқасы, электр желілеріне тәуелді саналатын қазандықтардың жайын тағы бір таразылайтын уақыт келіп жеткен сыңайлы. Әйтпесе боз боран болса, тозығы жеткен желілердің тағы да сыр беретіні сөзсіз.
«Дүлей дауылдан қаншама үйдің шатыры ұшты. Оның бәрін әлі санай жатар. Бірақ аз емес. Жарық пен сусыз қалғанда кәдімгідей әбігерге түстік. Әрине, бәрі уақытпен реттеле жатар. Алайда осы мәселе кімді де болсын ойландырса дейсің», деді жергілікті тұрғын Бақытжан Бөлекбаев.
Расында да, ұйытқи соққан жел өңірдің қысқы маусымға дайындығын тағы бір зерделейтін уақыт келгенін айғақтап берді. Жұмысшы топ шығын мөлшерін есептейді. Бұл ретте жергілікті халық шығынның тезірек өтелгенін қалайтынын айта кеткен де ләзім.
«Қарапайым халық сақтандыру компаниясына ақшасын аямай төлеп жүр. Сондықтан да олар дәл осы жағдайда халыққа көмектесуі керек. Табиғаттың тосын мінезіне біз кінәлі емеспіз», деді қаратаулық азамат Нұрбол Көпбаев.
Расында да, табиғаттың тосын мінез танытуы салдарынан көптеген азаматтың көлігі қирап қалды. Енді олар автокөліктерінің сақтандыру компаниялары арқылы жөнделгенін қалайды. Жергілікті атқарушы билік осы мәселеге де ден қойса дейді.
Бүгінде өңірдегі жағдай облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің бақылауында. Жергілікті халық өңір басшысы барлық мәселені дер кезінде шешсе деген тілегін айтып отыр. Иә, қаһарлы қыстың бораны Қаратау мен Жаңатас халқын ғана емес, Жуалы ауданы, Тараз қаласының тұрғындарын да қыспаққа алды. Бүгінде барлық жерде жағдай қалыпқа келе бастады. Электр энергиясы мен жылу толықтай берілді деуге болады.
Сарысу ауданында төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары қызу атқарылуда. Облыс әкімі Н.Нұржігітов ауданға жұмыс сапарымен барып, ең алдымен Жаңатас қаласына электр энергиясын және жылу беру мәселесін жедел шешуді тапсырған болатын. Атқарылған жұмыс нәтижесінде бұған дейін қалаға электр энергиясы берілген, енді жылумен қамту шаралары жүзеге аса бастады.
Қазір «ЖаңатасСуЖылу» МКК жылумен жабдықтау жүйелеріне су толтыру, жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жалғасуда. Осыған орай қалаға жылу беру кезең-кезеңімен іске асып, бір тәулікте толығымен жылуға қосылады деп жоспарланған.
«Еске сала кетейік, бұған дейінгі қатты дауыл салдарынан Жаңатас қаласындағы электр бағаналары құлап, электр желілері тиісті кернеуді таратуда кедергі туындаған. Соған байланысты «ЖаңатасСуЖылу» МКК жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызу туралы шешім қабылданған болатын», делінген жергілікті атқарушы биліктің ресми жауабында.
Жамбыл облысы