Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдің ғана емес, ел намысын абыроймен қорғап жүрген бірқатар спортшыға пәтер кілтін табыстады. Негізінен жаңа пәтерге қоныстанған спортшылар ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері екенін айта кеткен жөн.
Жаңа пәтер кілтіне ие болған саңлақтардың қатарында еркін күрестен 57 килограмм салмақ дәрежесінде Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ғабит Есжанов, дәл сол додада 74 килограмм салмақта екінші орын иеленген Ғасыр Тұрғынбай, сондай-ақ аталған аламанда жүлдегерлер қатарынан көрінген Анна Краморова, Асан Нұржан, Фериде Кара Оглы, Олжас Рысжанов, Эвелина Егембердиева, Айдос Түгелбаев бар.
«Тәні саудың – жаны сау» демекші, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеп отырғаны бекер емес. Бізде бұған барлық мүмкіндік бар.
Облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында, сондай-ақ ауылдарда заманауи спорт залдары мен арнайы алаңдар саны артып келеді. 2024 жылы Франция астанасы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпия ойындарынан жамбылдық спортшылардың бірі алтын жүлде алуға тиіс. Жергілікті атқарушы билік спортшыларымыздың зор табыстарға жетуі үшін қолдан келген көмекті аямайды», дейді өңір басшысы Нұржан Нұржігітов.
ТАРАЗ