• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Қаңтар, 2023

«Қазақ қызын» жазғанда көз алдымда Ләззат тұрды

365 рет
көрсетілді

1986-ның Желтоқсаны азаттыққа ұмтылған жастарды Алматыдағы алаңға жинап еді. Бейбіт шеруге шыққандарды мұздай құрсанған кеңес әскері озбырлықпен таптап өтсе де ұлт азаматтары «қызыл құрсаудың» көбесін сөгіп, іргесін шайқалтты. Жарты әлемге билігін жүргізген империяға қарсылық кезінде қаракөз қыздарымыз да қайсарлық танытты. Ақын Исраил Сапарбайдың «Желтоқсан айынан кейінгі ой» атты өлеңі мұзға алау жаққан сол аруларымызға арналған. Сәл кейін ол «Қазақ қызы» атты әнге айналды. Қазақ қыздарының ерлігіне қойылған мәңгілік ән-ескерткіштің әуенін жазған – белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан өнер иесімен танымал туынды тарихы туралы әңгімелескен едік.

– Рамазан аға, «Қазақ қызы» талай тағдырды басқа арнаға бұрып жіберген Желтоқсан көтерілісінен кейін іле-шала туған ән. Оның бірден танымал туындыға айналуының бір себебі осында жатқан жоқ па?

– Осы уақытқа дейін елуге жуық ән жазыппын. Оның ішінде осы «Қазақ қызының» орны бөлек. Өзім де әннің ел көкейінде жаттала кеткені дер кезінде жазылғанынан деп ойлаймын.

 Елдегі жалғыз шешеме қарайлап жүріп 1985 жылы 31 жасымда Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түстім. Курс­тасым Ләззат Асанова қобыз бөлімінде білім алды. Мен оның өкіл ағасы, ол менің қарындасым ретінде жақын араластық. Талантты, қайсар қыз еді. Сөйтіп жүргенде әйгілі Желтоқсан жетті. Жұрттың ағылып жатқанын көріп, алаңға біз де бардық. Сол Желтоқсан, Алматыдағы алақандай сол алаң айналасы 2-3 күннің ішінде социалистік идеология негізінде басқарылып келген мемлекеттің шын бет-бейнесін көрсетті ғой. Осы 2-3 күн Алматы алаңы сыртқы әлемнен мүлдем бөлектеніп кеткендей болды. Шеттен алдырылған әскердің бәрі қап-қара киінген. Жанталасқан жастар арасынан балталасаң да шеті кертілмейтін мраморды жалаң қолмен жұлып алғандарды көрдік. Көптің десі қойсын ба, кейде солдаттар шегінеді. Мұндайда 10-20 метр алға жылжып, іле-шала кейін қарай лықсиды. Толқуды басуға келгендердің көбі арнайы дайындықтан өткен сияқты. Бастырмалата ығыстырып келе жатып, қалың қатардан жастарды суырып алып қалады. Таяққа жығылып, құлағандарды «Жедел жәрдем» бірден әкетіп жатыр. Сөйтсек, олардың бәрін ауруханаға жеткізбей, абақтыға тоғытып жатыр екен ғой. Өстіп ырғасып жүргенде кеш батты, сонда да қайтпаған жастарды түнде мұздай сумен атқылап таратты.

Қарайғанды қылпып түсер заманда бұл толқудың елеусіз қалмайтыны анық еді. Ләззатты тергеушілер «алаңға бірге бар­ған­дарды жазып берсең, босатамыз» деп қыспаққа алып, түк шығара алмаған соң оған жатақханадағы бір қыздың сақинасын ұрлады деген жала жауыпты. Бұл жалаға шыдай алмаған қайсар қыздың өмірінің соңғы сәттері – екі алақанымен бетін жаба төмен қарай құлдилағаны да әлі күнге көз алдымда тұр.

– Сол тұста біраз жас жұмыстан, оқу орнынан қуылып, қиянат көрді ғой. Сізге де соның салқыны тиген болар?

– Маған «алаңға бардың» деп алакөздене қарап, оқудан шығармақ болған училище директорының қаһарынан ұстазым Павел Чукреев аман алып қалды. Ол кезде оқу орындарында мәдени кештер жиі ұйымдастырылады. Келесі жылы көктемде Қыздар педагогикалық институтында өткен сондай кештердің бірінде М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жас актері Нұрлан Өнербаев бір өлең оқыды. «Мен қазақ қыздарына қай­ран қалам...» деп басталатын өлеңді зал тым-тырыс отырып тыңдады. Сәлден кейін қыбырсыз отырған көрермен дүркірете қол соқты. «Желтоқсан айынан кейінгі ой» деген осы өлеңнің кімдерге арналғанын бүкіл зал анық ұғып тұр еді. Кештің біткенін күтіп, Нұрланға қолқа салып, өлеңді сұрап алдым. Ән жазылған соң алғаш өзі орындайтын болды. Бір айдың көлемінде әнді жазып бітірдім. Жазып біткенше көз алдымда Ләззаттың бейнесі тұрды. Театрға барсам, Нұрлан гастрольдік сапармен Өзбекстанға кетіп қалыпты. Келесі күні жатақханада отырсам, ән сұрап бір кішкентай қыз келіп тұр. Бізде тұратын әпкесіне Ақтөбеден кел­ген жас әнші екен. «Қазақ қызы» қазір белгілі әншіге айналған Жанар Айжановаға осылайша бұйырып еді. Көп ұзамай радиоға жазылған ән көпшілікке бірден тарады. Артынша Нұрлан Өнербаев «Тамашаға» алып шығып, шетелдегі қандастарға дейін шырқайтын болды.

– Бұл бірінші әніңіз бе еді?

– Бұған дейін де бірнеше ән жазғам ғой. Бірақ соның көбі тартпа сөресінде қала беретін. Учи­лищеде оқи жүріп, консерваториядағы компози­торлық кластан бір жыл сабақ алдым. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби пианист, көптеген миниа­тюралардың, форте­пианоға арналған концерттердің авторы Нағым Меңдіғалиев менің консерваторияда оқы­ғанымды қалайды. Бірақ бұл кезде жасым қырыққа келіп қал­ған, елде жолыма қарап отырған жалғыз шешем бар. Осыны сылтау қылып, ауылға қайттым. Көп жыл аудандық Мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болдым. Елдегі өнерлі жастардың басын қосып, Тереңөзек кентіндегі кәсіптік-техникалық училище жанынан құрған «Гүлдерайым» деген ан­самбліміз талай байқаудан топ жарып келді.

– Желтоқсанға қатысқаныңыз туралы ұзақ жылдар бойы неге айтпай кел- діңіз?

– Ызғар қайтып, қара бұлт сейілген соң жалған желтоқсаншылардан аяқ алып жүре алмай қалған кездер болды ғой. Көп жыл үнсіз қалғанымның бір себебі осы еді. 2004 жылы облыстық телеарна басшысы Жағыпар Қарабала хабарласып: «Рәке, отыз жыл бірге жүрген сіздің желтоқсаншы екеніңізді енді біліп отырмын. Бұлай болмайды, біздің жігіттер естелік жинап жүр. Сізге жолығады, көргеніңізді айтарсыз» деп, телефон тұтқасын қойды. Түсірілім облыстық филармония ғимаратында жасалды. Қалай екенін қайдам, кейін ол республикалық арна эфирінен беріледі, оны көрген Халық қаһарманы Қасым Қайсенов ағамыз Ләззат Асанованың өліміне куәгерлерді іздеп жүрген Мұхтар Шахановқа хабарлайды. Осылайша, Мұхтар ағаның шақыруымен Алматыға бардым. Сол тұста қазақтың қайсар қызының аруағымен алысып, оның рухына көрсе­тілген құрметті көп көріп, «Ләззат Асанова Желтоқ­сан көтерілісіне қатысқан жоқ» дегендер де табылып жатты ғой. Соларға қарсы сотта куәлік еттім. Ләззаттың анасы Алтынайдың күдігі көп екен, жатақхана балконынан құлағанын айттым. Қызының шытырман тағдырынан шындық іздеген ананың көңілі сәл саябыр тапқандай болды. Осыдан 2 жыл бұрын Ләззаттың туғанына 50 жыл толуына орай Алматыда өткен асқа шақырды. Сол соңғы көруім екен, көп ұзамай қаһарман қыздың анасы ел еркіндігі үшін жанын қиған перзентінің артынан аттанып кетті.

– Орталықтан жырақта жүріп-ақ өнерге қызмет етудің үлгісін көрсеттіңіз. Кезінде «Қорқыт-қобыз» атты әніңіз жас әнші Гүлнұр Оразымбетованың бағын ашты. Қазір не жазып жүрсіз?

– «Қорқыт-қобызды» ерекшелеп тұрған – Сырдың жыршы-жырауларының сарыны, Қорқыт күйінің мақамы. Бірақ сол мақаммен әлі ешкім орындай алған жоқ. Бұл белгілі продюсер Сәрсенкүл Ибрашеваның өтінішімен «Жас қанат» байқауына жолға шығуға бір күн қалғанда жазылған ән. Көптен ойда жүрген дүние еді, құйыла қалды. Сөзін ақын досым Оңталап Нұрмаханов жазды. Осы әнмен Гүлнұр Оразымбетова 2000 жылы «Жас қанатта» 1-орын иеленді, сол жылы «Азия дауысы» халықаралық байқауында үшінші орын жүлдесін иеленді. Соңғы жазғаным қазір «Азия» тобы орындап жүрген «Сыр-ана» әні.

– Әңгімеңізге рахмет. Ел көкейінде жат­талар туындыларыңыз көбейе берсін.

 

Әңгімелескен

Мұрат Жетпісбай,

«Egemen Qazaqstan»

 

Қызылорда