Бұдан былай e-liсense.kz порталында екі жаңа қызмет автоматтандырылады. Оның бірі – цифрлық майнинг қызметі туралы ақпараттандыру, екіншісі – қалдықтарды жинау, сұрыптау және тасымалдау жөніндегі қызметтің басталғаны/тоқтатылғаны туралы хабарлама.
Цифрлық даму министрлігінің 2020 жылдың 13 қазанындағы бұйрығына сәйкес, цифрлық майнинг саласындағы кәсіпкерден аталған қызметті жүргізу үшін лицензия талап етілмейді. Тек eliсense.kz порталы арқылы өз қызметінің басталғаны туралы электронды өтініш жіберіп, онлайн рұқсат алу жеткілікті.
Цифрлық майнингті жүзеге асыру қызметі туралы ақпараттандыру үшін өтініш иесі порталда мынадай деректерді толтырады: қажетті мегаватт (МВт) қуаттылығы туралы өтініш; жоспарланып отырған жұмыс орнының санын көрсету; жоспарланған инвестиция (теңге); IP мекен-жай; цифрлық майнингті өндіруге арналған өңдеу орталығының орналасқан жері туралы ақпарат. Мемлекеттік орган жіберілген өтінішті қарастырғаннан кейін ақпарат автоматты түрде рұқсат етілген құжаттар реестріне түседі немесе бас тарту реестріне жіберіледі (дәлелді себеппен). Рұқсат етілген құжат түріндегі не болмаса дәлелді бас тарту себебі бар жауап 15 күн ішінде пайдаланушының e-liсense.kz порталындағы жеке кабинетіне келіп түседі.
Сондай-ақ аталған порталда қалдықтарды жинау, сұрыптау және тасымалдау жөніндегі қызметтің басталғаны/тоқтатылғаны туралы хабарлама бойынша да қызмет қолжетімді. Пайдаланушы порталға кіріп қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы кәсіпкерлік субъектісінің атауын көрсете отырып өтініш қалдырады. Субъект және орналасқан жері туралы деректі көрсетеді. Қызметтің немесе әрекеттің атауын жазады. Жіберілген хабарлама Хабарландыру рәсімі субъектілерінің тізіліміне автоматты түрде енгізіледі. Жауап 3-5 минут ішінде жеке кабинетке келеді. Бұған дейін аталған қызмет тек қағаз жүзінде іске асырылып келді және өтініш берушілер мемлекеттік органдардың канцеляриясына жүгінген еді.
Айта кетейік, e-liсense порталына кіру және авторизация жасау жеке тұлғалар үшін бір реттік құпия сөзбен атқарылады. Сондай-ақ жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да портал қызметін тұтыну үшін электронды цифрлық қолтаңбаны қолдана алады.