• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 10 Қаңтар, 2023

Сын саласының саңлағы

508 рет
көрсетілді

Жуырда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде көрнекті әдебиеттанушы ҰҒА құрметті академигі, журналист, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, ТүркСОЙ марапатының иегері Құлбек Ергөбектің 70 жасқа толуы аталып өтті. Осыған орай аталған оқу орнында «Әдебиеттану ғылымының биігіндегі тұлға» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Алқалы жиында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев көпшілік алдында Мемлекет басшысының Құт­тықтау хатын оқып берді: «70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз публицист-жазушы ретінде отандық журналистика­­ның, сыншы-ғалым ретінде әдебиеттану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосып, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің өрісін кеңейтуге атсалыстыңыз. Зерттеу еңбектеріңіз қазақ әдебиеті мен ғылы­мының алтын қорына қосылған құнды қазына екені анық. Оның ішінде «Арыс­тар мен ағыстар» және «Түрікстан жи­нағы» атты көптомдықтарыңыздың шоқтығы биік».

Сенатор М.Құл-Мұхаммед мерей­той иесі қазақ әдебиеттану және мәде­ниеттану ғылымында өзгеше өрнек қалыптастырып, бауырлас түрік халық­тарының әдебиеті мен руханиятын жақындастыруға мол үлес қосқан ғалым ретінде айырықша бағаланатынын айтты. Алаш аманатын арқалаған ескінің көзі, Мұхтар Әуезовтей ұлылардың үзеңгілес досы Бейсембай Кенжебаев еңкейген шағында оған қамқор ұл, адал шәкірт ретінде тіреу болып, зор адамгершілік жасағанын жеткізді. Соның ішінде жарты ғасырдан астам уақыт бойына төгілдіре жазып, әдебиет­тану, мәдениеттану, түркология, шы­ғыстану саласында ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған том-том еңбектерді дүниеге әкелгенін еске алды. Шығармашылығына Ш.Айтматов, Ә.Ке­кілбаев, М.Кәрім сияқты әлем әде­бие­тінің алыптары берген баға – осының айғағы.

«Сіз филология ғылымының шең­берімен шектелмей, түрік халықтары руханиятының асыл өзегі – тіл білімі, философия, түркология және өнер саласын қоса қабат зерттеп, туысқан халықтар жылы қабылдаған тамаша еңбектер сериясын жаздыңыз» деп қорытындылады сенатор сөзін.

Қырғыз елінің вице-премьері профессор И.Бакашова Түркістанда өз қаржысына ұйымдастырып ашқан «Тү­рік тілдес халықтар кітапханасы», «Б.Кенжебайұлының түріктану музейі», «Түрік халықтары өнер галереясын» жалғыз қазақ мәдениетінің ғана емес, Түркістанды ортақ рухани астана санайтын күллі түрік дүниесінің асыл қазы­насына балайтынын айтты. Осы­нау ортақ игілікке Қырғыз Ұлттық кітап­ханасынан 4 мыңға тарта кітап сый­лағанын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ ол шоң Шыңғыс Айтматов, Түгелбай Сыдықбеков, Абдыл­дажан Акматалиев жайында жаз­ған эссе, мақалаларының бәсі жоғары екенін тілге тиек етті.

Татарстан Жазушылар одағының бас­қарма төрағасы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Р.Зайдулла мерейтой иесін түрік халықтарына ортақ тұлға деп, ал оның «Өлеңсөз» кітабы «түрік халықтары поэзиясын тұтас қарастыратын энциклопедия» деп бағалады. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, жазушы Мереке Құлкен оны әдеби сынға сюжет әкелген, жаңаша талдау мәнерін енгізген, «роман жайында повесть» жазған жаңашыл сыншы ғалым дей келе, «С.Мұқановтай әдебиет алыбын сынай отырып, кір-қоқыстан арашалап қазаққа қайтарған еңбегі үшін қандай да болсын сый-құрметке лайықты жан. Сондықтан қазақ әдебиетін Құлбек Ергөбексіз елес­тету мүмкін емес», деп сөзін түйіндеді.

«Орта Азия әдебиетінің әділ сарап­шы­сы» деп сөз бастаған Өзбекстан Жазу­шылар одағының басқарма мүшесі, сын­шы, профессор Қ.Юлдашев қазақ ғалы­мы еңбектерінің өзбек тіліне ұдайы тәржімаланып келе жатқанын, жа­қында ғана «Баласөз» кітабы өзбек тілінде басылып шыққанын, мерейтой иесіне Ташкент қаласында да құрмет көрсетілетінін жариялады. Осы ретте ақын Баһром Ғайып «Өлең­сөз» поэ­тикалық сын еңбегін өзбек тілін­е тәр­жімалап жатқанын қуанышпен атады.

«Қазақ әдебиетінің арыс тұлғасы» деп әділ бағасын берген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, профессор Н.Қуантай журналистік ізденіс оны сан алуан тақырыпқа бастап, еліміздің ішіндегі, тысындағы алуан-алуан тұлғалармен жолықтырғанын, Өзбекәлі Жәнібековтей реформатор қайраткердің тәрбиесін көріп, музей ісі, тарихи ескерткіштер, этножәдігерлер жанашыры, мәдениеттанушы болып қалыптасып, ортағасырлық мәдениет білгірі ретінде тынымсыз мақала жазып, ділгір мәселе көтеріп, көгілдір экраннан ащылы-тұщылы мәлімдемелер жасап, ЮНЕСКО мінберінен баяндама оқығанын тебірене айтты.

Конференцияда Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Ұлттық ғы­лым академиясының президенті, ака­демик М.Жұрынұлы, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің бас­­қар­ма төрағасы Ж.Түймебаев және респуб­ликаның өзге де жоғары оқу орындары басшыларының құттықтаулары оқылды.

Өз кезегінде әдебиетші ғалым мерейтойына орай құттықтап, ізгі тілектерін жеткізген Мемлекет басшысына, тү­рік халықтары Жазушылар одағы бас­шылығына, барша түрік жұртының зия­лы қауым өкілдеріне алғысын білдірді.

 

ШЫМКЕНТ