Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда Қазақстанда ІТ нарық толық қалыптасқан. Десе де, бұл саланың мамандары, соның ішінде жастар шетел асуды көздеп тұрады. Әсіресе, сарапшылар «FAANG компанияларына сұраныс артып тұрған кезде компьютердің құлағында ойнап, интернеттің мүмкіндігін толық игергендерді «үйде» ұстап тұру мүмкін емес», дейді. Бұл үрдіс Қазақстандағы нарыққа қалай әсер етіп жатыр?
– Ақпараттық-технология тек Қазақстан экономикасының шеңберінде дамымайды. Бұл – әлемдік үрдіс. Президентіміз АҚШ-қа барғанда «Digital Nomads» тобымен кездесті. Олардың дені – көпшілігі шетелдік алпауыт компанияларда жұмыс істеп жатқан қазақтың балалары. Солардың көбі қазір дәріс оқып, білімдерімен бөлісіп жүр. Бұл жастардың мақсаты – алдыңғы қатарлы білімді өзіміздің жастарымызға жеткізу. Егер қазақстандықтардың қайсыбірі шетелге кетіп жатса, мен айтқан осы мысалға сәйкес қайтып келеді, – деді Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Ғылым және жоғары білім комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Зәки.
Сондай-ақ Дархан Ахмед-Зәки Қазақстанда толыққанды ІТ нарық қалыптасқанын атап өтті. Алайда оның сөзіне қарағанда отандық көптеген ІТ мамандар бүгінде елімізде кең таралған банк қосымшалары мен солардың бағдарламалық қамтамасыз етуі бойынша жұмыс істеді. Ал FAANG секілді компаниялар әлеуметтік желілердің қосымшаларына пайдаланушыларды көптеп тартатын идея авторларын өзіне машықтап, жас мамандарды тартып жатыр. Олар көбіне әлемдік деңгейде өткен білім олимпиадаларында топ жарған қазақстандықтарды іріктеп алып, жұмыс ұсынып отырған жайы бар.
Мәселен, қазір Snapchat-тың АҚШ (Сиэтл қаласы) өкілдігінде қызмет етіп жатқан қазақстандық ІТ маманы Нұрсұлтан Әмір FAANG-ты қоса алғанда әлемдік жетекші компанияларынан жұмысқа 16 шақырту алған.
Айта кетелік, FAANG – әлемдегі ең алпауыт технологиялық компаниялардың жиынтығы: Facebook, Apple, Amazon, Netflix және Google. Бұл компаниялардың нарықтық құндылығы 5 триллион доллардан асады. Біз күнделікті осылардың мобильді қосымшаларын қолданамыз. Мәселен, Instagram, Youtube, IPhone осы компанияларға тиесілі. Көптеген ІТ мамандары осы белгілі әрі белді алпауыт мекемелерде жұмыс істеуді армандайды.
Осындай арманын мақсат еткен Нұрсұлтан да бірден 5 әлемдік ІТ-компанияның ұсынысына қол жеткізген.
– Маған Google, Amazon, Linkedin, Snapchat және Uber жұмыс ұсынды. Осылайша, соңғы үш жылда 16 жұмысқа шақыру алдым. Бұл жолы жоғарыда аталған бесеудің арасынан Snapchat компаниясын таңдадым. Снапчатпен бүгінде 350 миллионға жуық адам қолданады, – дейді ол.
Бұған дейін Нұрсұлтан 2019 жылы америкалық НВО компаниясында программист болып 3 айлық тәжірибеден өткен. Алған әсерімен бөліскен ол: «Бұл менің АҚШ-тағы алғашқы тәжірибем болды. Алдымен ондағы студенттерге төлейтін жалақы мөлшеріне таңғалдым. Маған айына 7 500 доллар төледі, одан салықты алып тастағанда 6000 доллар түсіп жүрді. Қазақстандағы 400 доллар жалақыммен салыстырғанда, бұл сома маған сұмдық көп болып көрінді», деді.
Snapchat-та Нұрсұлтан бағдарламашы-әзірлеуші (Software Engineer). Оның командасы AR және Monetization-мен айналысады.
– Біз платформада монетизацияны арттыратын жаңа бағдарламалар жасаймыз. Мысалы, жарнама берушілерге жарнамалардың жаңа түрлерін жасап береміз. Жұмыста алдымен топтық қарым-қатынасқа баса мән беріледі. Өз алдына әріптестік байланыс, жылы қарым-қатынас құруға бағытталған арнайы жұмыс бағдарламасы бар. Олардың бірі қызметкерлердің белгілі бір тобына қатысты теріс пікірді азайтуға бағытталған. Мысалы, бұл жынысқа, этникалық немесе нәсілге байланысты кемсіту болуы мүмкін. Маған компания мен басшылықтың осыған мән бергені ұнады. Сонымен қатар Snapchat Meta сияқты тегін тамақ бермейді, бірақ олар спортпен айналысу үшін түрлі спорт клубтарына бонустар береді, ұялы телефон мен интернет қызметін төлейді. Жылына бірнеше рет біз Лос-Анджелестегі штаб-пәтердегі кеңседе кездесеміз. Мұнда барлық қызметкерлер жиналып, шағын құрылтай ұйымдастырылады. Бұл командалық жұмыстың қабілетін одан әрі арттыра түседі. Сондықтан басшылық барлығының басын қосып, пікір алмасуды жиі ұйымдастыруды қолға алған, – деп қызметінің артықшылықтарын сөз етті Нұрсұлтан.
«Жалпы елімізде болсын, шетелде болсын ІТ компанияларда жұмыс істеу үшін алдымен жоспар құрып, сол бағыт бойынша әрекет ету қажет», дейді Нұрсұлтан. Ол әлеуметтік желілердегі парақшаларында үнемі осы бағыттағы кеңестерін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Оның айтуынша кез келген ІТ компания қызметкерлерін алдымен сұхбат кезіндегі өзін өзі ұстауы, сұрақтарға жауап беруіне қарай бағалайды.
– Сондықтан белгілі бір компанияда сұхбат қалай өтетінін, олар қандай талап қоятынын біліп, сұрап алған жөн. Сондай-ақ алдымен көздеп отырған мекемелердің тізімін жасап, оларды зерттеп алу қажет. Содан соң ғана түйіндеме жіберуге болады. Жұмыс берушіден жауап алғаннан кейін сұхбат процесі басталады. Бірінші компания басшылығымен, содан кейін инженермен техникалық сұхбат ұйымдастырылады. Төрт сағаттық сұхбат кезінде көбінесе бағдарламалауды, кодтауды және информатика тұжырымдамаларына байланысты білім анықталады, – деген кеңесін де айтты Нұрсұлтан.
Статистикаға сүйенсек, елдегі ІТ мамандар банк қосымшаларын әзірлеумен қатар Қазақстандағы бірнеше ұялы байланыс операторында қызмет етеді. Оларды сақтап қалу үшін сәйкес жалақы төленеді. Бұл сала жастарының көбі шетел асқанымен, елге оралып келіп жатқандары да жоқ емес. Ал Digital Nomads IT қоғамдастығында бүгінде 400-ге жуық өкіл бар.