27-29 қаңтар күндері Португалияның Алмада қаласында дзюдошылардың Гран-при турнирі өтеді. Бұл жарыста Қазақ елі намысын 27 балуан қорғайды.
Ерлер бәсекесінде көбіне-көп екінші және үшінші нөмірлі спортшыларға сенім артылған екен. Ал мықтылар арасынан тек Жансай Смағұлов (73 кило) пен Дидар Хамзаны (90 кило) ғана көреміз. Екеуі де құрлықтық деңгейдегі жарыстарда дараланып, Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында бір емес, бірнеше мәрте бақ сынады. Ал өзге салмақ дәрежелерінде Қанат Сейілхан (60 кило), Сұңғат Жұбатқан (66 кило), Айболат Ыстыбай (66 кило), Аңсарбек Ғайнуллин (73 кило), Абылайхан Жұбаназар (81 кило), Бекәділ Шаймерденов (90 кило), Ерасыл Жанатаев (90 кило), Бекарыс Сәдуақас (100 кило), Бекзат Шағатаев (100 кило), Жамбыл Тұрғыналиев (+100 кило) және Әділ Оразбаев (+100 кило) күш сынасады.
Әйелдер арасындағы жарыстағы басты үмітіміз Әбиба Әбужақынова екені сөзсіз. Аса жеңіл салмақта белдесіп жүрген қазақ қызы былтыр Ташкентте ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медальды мойнында жарқыратты. Пиреней түбегінде Әбибадан бөлек, тағы 13 бұрымдымыз татамиге шығады.