Сенатор Әли Бектаев еліміздің Премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында жылыжай шаруашылығымен айналысатын фермерлер коммуналдық тарифтердің қымбаттығына, отынмен қамтамасыз етудегі үзілістерге және мемлекеттік қолдау деңгейінің төмендігіне тап болғаны туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгінгі таңда республикамызда барлығы 1 265 гектар жылыжайлардың 844 гектары Түркістан облысында орналасқан. Оларда жыл сайын 91 мың тонна көкөніс өндіріледі, бұл ел тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. Жылыжайларда барлығы 12 мыңнан астам шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Түркістан облысында өндірілетін өнімнің 66%-ы Сарыағаш ауданында өседі. Ол ауданның жалпы ішкі өнімінің 30%-ын құрайды. Бүгінде жылыжай өндірісі өңір ауыл шаруашылығының негізін құрайтын, халықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырған, сырттан келетін импорттық өнімдерге төтеп бере алатын салаға айналып келе жатыр. Сондықтан бұл саланы қолдау еліміздің ішкі нарығын және азық-түлік қауіпсіздігін қолдау болып есептеледі», деді сенатор Әли Бектаев.
Депутат бұл саланың дамуына теріс әсер ететін негізгі фактор – коммуналдық қызметтердің жоғары құны екенін атап өтті. Сонымен қатар, қысқы жағдайда жылыжай шаруашылықтарының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлу қажет.
Сенатор қазіргі таңда жылыжай өндірісінің бағасына, сапасына және көлеміне іс жүзінде әсер етпейтін жылыжай өндірісін мемлекеттік қолдауды күшейту қажеттігі туралы да айтты.
«Әсіресе өздері ұрық шығарып, көшет өсіріп, оларды егіп, өнім алып жатқан жылыжайларды мемлекеттік қолдау өте маңызды. Сондықтан ұрыққа, көшетке, коммуналдық шығындарды төмендетуге арналған қосымша қаржы тетіктері қаралу керек. Жылыжаймен айналысатын тауар өндірушілерді жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету де аса маңызды. Жылыжай өндірісін қолдау және дамытуға қатысты проблемаларды Үкімет деңгейінде арнайы қарап, кешенді шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз», деді Әли Бектаев.