• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Қаңтар, 2023

Қазақ балуаны ұлықталды

379 рет
көрсетілді

Жуықта Моңғолияның Мәдениет министрлігі тарихи тұлға Шыңғыс ханның туғанына 860 жыл толу датасына орай мемлекетке және қоғамға еңбек сіңірген тұлғаларды іріктеп, оларды насихаттау жайлы шешім шығарды. Осы тізімге бай-өлкеліктер атынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Моңғолия спортының еңбек сіңірген қайраткері (2006), еркін күрестен Әлем кубогінің (1981) және әлем біріншілігінің қола медаль иегері (1986), атақты балуан Бақыт Однайұлының есімі ілініп, ардагер спортшыны ұлықтау рәсімі өтті.

Іс-шара аясында аймақтық орталық музей­де балуанның спорттық жо­лы мен қоғамға сіңір­­ген еңбе­гін әйгілейтін көр­ме ұйымдастырылды. Меке­ме бас­шысы Айшагүл Азамат­қызы­ның айтуынша, бұл рет­кі көрме экспозициясы­на ба­луан­ның әр жылдарда алған жүл­­делері: медаль, кубок, сим­волдық белгілер, әлем және Олим­­­пиада кілемдерінде белдес­кен фотосуреттері мен үстіне киген спорттық костюмдері және әр жыл­дары алған марапаттары (орден, медаль, алғысхат, диплом, т.б.) барлығы 569 заттық жәдігер қойылыпты. Оның сыртында, балуанның өткен жылдарда­ғы спорттық шежіресін танытатын қабырға стендтерге жеткен жетістігі, сіңірген еңбегі жайлы кеңінен жазылып, бұл деректер көпшіліктің көзайымына ұсы­нылыпты.

Осындағы деректерге көз жүгіртсек, 1954 жылы Бай-Өлке аймағының орталығы Өлгей қалашығында дүниеге келген балуан, 1971-1972 жылдардан бастап моңғол ұлттық күресі­мен айналысып, жасөспірімдер арасындағы мемлекеттік чемпионатта жүлделі орынға ие болған. Бақыт Однайұлы орта мектепті бітіре салысымен ел астанасы Ұланбатырға аттанып, сонда еркін күрес үйірмесіне қатысады. Бір таңданарлық жағдай, жаттығуға кіріскеніне жыл толмай жатып, қалалық және аймақтық біріншіліктерде үздік өнер көрсетіп, 1974-1975 жылдары Моңғолия жастары­ның біріншілігінде 2 дүркін чемпион атанады. Осылай еркін күрестен тұсауы кесілген нар қазақ Моңғолияның ересектер арасындағы чемпионаттардан 4 дүркін алтын, 10 дүркін күміс, 4 дүркін қола медальді еншілеп, айды аспанға шығармаса да, ағайынды аузына қаратып­ты. Оның сыртында халықара­лық Интернационал бәсекесінің 2 дүркін жеңімпазы және 4 рет жүлдегері атанса, «Динамо» спорт қоғамы халықаралық тур­нирінің 3 дүркін чемпионы болып, 1986 жылы «Ізгі ниет» ойын­дарында 4-орынға қол жет­кізген екен.

«Еркін күрес түрінен мұндай биікке жеткен қазақ аз, заманында әйгілі күш иелері С.Андиев, Касимов (КСРО) Б.Баугартнер (АҚШ), А.Сандурский (Польша), А.Шрейдер (ГДР), И.Болла (Венгрия) сияқты мықтылармен белдесіп, әртүрлі жарыстардан 80-нен астам медаль алған алғашқы қазақ», дейді аймақтық спорт басқармасының бастығы Қайнар Қайсанайұлы.

Бұл жерде балуанның айта кетерлік тағы бір жетістігі – қазақ күресіне қосқан үлесі. Қазіргі таңда балуан аймақтық «Қазақ күресі» федерациясын басқарады. 2006 жылы Бай-Өлке аймағында қазақ күресі­нен Азия чемпионатын өткізу­мен қатар, қазақ күресінен өтіп жатқан әлем және құрлықтық біріншіліктер мен Қазақстан Барысы, Әлем Барысы, Еура­зия Барысы сияқты жобалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүр. Бақыт балуанның қазақ күресіне баптаған шәкірттері әлем чемпионатынан 2 күміс, 2 қола және Азия біріншілігінен 6 алтын, 8 күміс, 8 қола медаль еншілеген екен.