..ұсыныс айтады
Қайыр ханға ескерткіш қою керек
Тарлан тарих сыр ғып, жыр ғып шертеді: Шыңғыс ханның аяуды білмес қатыгез де қайсар ұлы Шағатай 200 мың әскерімен кіп-кішкентай Отырарды алты ай бойы ала алмады. Ала алмаған себебі – Отырар халқының бірлігі бекем, рухы асқақ, ел басқарған көсемі – Қайыр хан дара туған дана еді, қайсарлығымен де, ерлігімен де дара еді.
Алты айдан кейін де ала алмайтын еді, егер бір сатқын Шағатайға Отырардың қақпасын ашып бермесе. Қаһарлы Шыңғыс ханның алдында тұтқын болып отырып та тізе бүкпей асқақтап тұрды, өр рухты Қайыр хан. Дара туған дана батырдың ерлігі ақиқатпен астасқан аңыз болып жетті бүгінге. Отырардың өр рухты ер перзенті Қайыр ханның есімі мен ерлігі халықпен бірге жасасып келеді.
Өкініштісі, елін сүйген, есімі ерліктің рәмізіне айналған рухты ерді құрметтеуіміз кемшін.
Өлген соң да ораламыз рух боп,
Шыға келіп айқасамыз көрден біз, –
деп Шандор Петефи жырлағандай, өлген соң да аңызға айналған ерлігімен ел мен ердің рухын асқақтатып тұрған Қайыр ханға Отырарда, Алматы мен Астанада еңселі ескерткіш қоятын кез келді.
Қайыр хан ескерткіші жастың да, жасымыстың да патриоттық сезімін оятып, халықтың рухын асқақтатуға қызмет етер еді.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
АЛМАТЫ
...пікір білдіреді
Алаш арысына арналған телефильм
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын төл тарихымыздың маңызды белесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтауында: «Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге», деп атап көрсеткен еді.
Елімізге тәуелсіздік ғайыптан пайда болған жоқ. Ол – қазақ халқының намысын жыртқан Алаш Орда арыстары мен олардан кейінгі тарихи тұлғалардың арқасында басымызға қонған бақыт.
Кезінде азаттық үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің бірі – Міржақып Дулатұлы. Қайсар қайраткер кезінде «қалың ұйқыда» жатқан елін оянуға үндеп, жарқын болашаққа шақырды. Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуін басынан өткерген аяулы ұлын елі де есінен шығармақ емес.
Таяуда Қазақстан киноиндустриясы тағы бір телефильммен толықты. Алты бөлімнен тұратын кинотуынды «Міржақып. Оян, қазақ!» деп аталады. 16-17 желтоқсан күндері «Qazaqstan», «Абай TV» телеарналары арқылы өз көрерменімен қауышқан фильм ерекше толқытып, жанарларға жас үйірді. Тектінің тұяғы Гүлнәр апамыздың қилы тағдыры адам жанын баурап, тебірентпей қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, кинотуынды сәтті шыққан.
Алаш арыстары қандай құрметке де лайық. Ендеше көрермен ретінде алдағы уақытта да осындай дүниелердің көп болғанын қалар едік.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Түркістан облысы
...мақсатымен бөліседі
Журналист болғым келеді
11-сыныпта оқып жүргендіктен, өмір жолым, болашақ мамандығым туралы жиі ойланамын. Мені журналистика саласы көбірек қызықтырады. Қысқа әңгімелер жазуға талпынып жүрмін. Бізге эссе жазу тапсырмасы берілгенде қуанып қаламын, өйткені жұмысым әрқашан жақсы бағаланады. Мен гуманитарлық пәндерге жақын адаммын, ал мұның журналист мамандығын сәтті меңгеру үшін өте маңызды екені анық. Басқа мамандықтар сияқты журналист мамандығы да жоғары біліктілікті, жауапкершілікті және ұқыптылықты қажет ететіндіктен, жан-жақты білім алып, даму үстіндемін.
Менің неліктен журналист болғым келеді? Өйткені түрлі сала адамдарымен қарым-қатынас жасасам, өмірінде үлкен жетістіктерге қол жеткізген танымал тұлғалардан сұхбат алсам деймін. Менің ойымша, бұл өте қызықты. Ақпаратты жинай және өңдей білген маман мерзімді басылымдарда, радио мен теледидарда, сайтта жұмыс істей алады. Бұл мамандықтың болашағы зор әрі сұранысқа ие деп білемін.
Журналистиканың өте жауапты мамандық екенін де жақсы түсінемін. Ол жалықпай, талмай ізденуді қажет етеді. Біліктілік өз кезегінде шығармашылығыңды ұштай түсуге жол ашады. Ал өзімнің журналист мамандығын таңдаған себебім, бойымда жазу-сызуға деген талап пен талпыныс бар. Бұл – мамандықты сәтті меңгеруге аса қажет қасиеттер. Осы салада жетістікке жететініме осы бастан сенімдімін. Бұған тырнақалды шығармаларым дәлел.
Әрине, әлі үйренерімнің көп екені, білгенімнен білмегенімнің басым түсетіні даусыз. Бірақ осы мақсат жолында бар мүмкіндігімді сарқа пайдаланамын. Ең бастысы, өмірлік жолыңда дұрыс таңдау жасай білу. Өз басым мамандық таңдауда қателескен жоқпын ғой деп сенемін.
Бала кезімнен анам мені шыншылдық пен адамгершілікке баулыды, қазақтың көркем мінезін бойыма сіңірді, жеке тұлға ретінде қалыптасуыма жағдай жасады. Осының арқасында өз талғамым бар және өз бағамды білетін адам болып өсіп келемін. «Адамдарға шындықты жеткізе білгенде ғана олардың жүрегінің кілтін таба аласың», деуші еді анам. Осы қағидат менің өмірлік ұстанымым болмақ.
Қорыта айтқанда, мен жүрек қалауымен таңдаған мамандығым арқылы қоғамның дамуына үлес қосқым келеді. Өйткені журналистер де ел мен халық үшін жұмыс істейді, іліп алар жақсылықты жария етіп, жұртшылықтың ертеңге деген үмітін оятады.
Гүлназ РАХМАТІЛДӘ,
Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия оқушысы
АСТАНА