Жиында қатысушылар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау жайында пікірлерін ортаға салып, ең өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесуде буллингпен күрес, білім беру мекемелерін бейнебақылау камералары және дабыл белгілерімен қамту, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың техникалық және кәсіптік білім алуына жағдай жасау, ПМПК ашу, тәрбие жұмысында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға басымдық беру және тағы басқа ұсыныстар көтерілді.
Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне жауапты өзге де ведомстволармен ынтымақтастық орнатып, тығыз байланыста болу үшін ортақ алаң құру бастамасы көтерілді. Оқу-ағарту министрі балалардың мүддесін қорғау жұмысына қоғам болып жұмылып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Елімізде 6,5 млн-нан астам бала бар. Сол себепті бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен әріптестік орнатып, тығыз жұмыс істеу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру біз үшін өте маңызды. Осы үлгіде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейлерде де ынтымақтастық орнатылуы керек. Жергілікті жердегі басшылар сіздердің жұмыстарыңыздың маңызын жіті түсініп, қолдау көрсетулері керек», деді Ғани Бейсембаев.
Кездесуде аймақтарда көшпелі семинарлар өткізу туралы ұсыныс айтылды. Бұдан бөлек, балалардың құқығын қорғау ісінде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру үшін «Әкелер кеңесі» және «Аналар кеңестерінің» жұмысын жандандыру мәселесі талқыланды.