Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Әлихан Смайылов тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және өнеркәсіпті дамыту барысымен танысып, «Жылу орталығы» жылумен жабдықтау кәсіпорнының жұмысын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысына жалпы ұзындығы 66 км Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы баяндалды. Бүгінгі таңда негізгі жер жұмыстары жүргізіліп, барлық көпірлер мен жолайырықтар салынды. Сонымен қатар автожолды абаттандыру және жолақысын алудың интеллектуалды жүйесін іске қосу, көлік құралдарын динамикалық өлшеу жұмыстары жалғасып келеді.
Премьер-министр автомагистраль өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етіп, инвестициялық және туристік әлеуетін арттыратынын атап өтті. ҮАААЖ Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға, Алматыдағы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді, яғни қала экологиясына да оң әсерін тигізеді.
«Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан өте маңызды, алғашқы инвестициялық жобалардың бірі. Ол өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырады. Әкімдік ҮАААЖ-ға дейінгі радиалды жолдарды тез аяқтауы керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді», деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр Gate City серіктес қаласындағы «Қоянқұс» тұрғын ауданында жалпы алаңы 290 мың шаршы метрден асатын 70 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жұмыстарды 2024 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.
G4 City-ді дамыту тұжырымдамасына сәйкес интеграцияланған қала төрт ауданнан тұрады: Gate – іскерлік және қаржы орталығы, Golden – білім беру және медициналық хабтар, Growing – өнеркәсіптік және логистикалық хабтар, Green – туристік кластер. Қазіргі уақытта Gate City аумағында магистральдық инженерлік желілер жүргізіліп, «Қоянқұс» тұрғын ауданының құрылысы басталды.
«G4 City жаңа Жібек жолының бойында орналасқан экономикалық және туристік орталыққа айналады деп ойлаймыз. Облыс әкімдігі жобаның әлеуметтік бағытына, ең алдымен қаладағы тұрмыс сапасына барынша көңіл бөлуі қажет», деді ол.
Сонымен қатар Қонаев қаласында Үкімет басшысы 2020 жылы газға ауыстырылған «Жылу орталығы» жылумен жабдықтау ұйымының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта ол шамамен 179,72 Гкал/сағ өндіреді және 30 мыңға жуық абонентті, бюджеттік ұйымдарды және басқа да объектілерді жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.
Әлихан Смайылов жылумен жабдықтау көздерін газға ауыстыру оның энергия тиімділігін арттыруға және атмосфераға шығарылатын зиянды заттар қалдықтарын едәуір төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесін беру оның дамуына айтарлықтай серпін беріп, қалаға көшіп келуші халықтың санын көбейтті. Соған сәйкес өңірде жылу энергиясын тұтынуға сұраныстың өсуін ескере отырып, әкімдік жылу көздерінің қуатын арттыру мәселелерін пысықтауы қажет», деді ол.
Сонымен қатар Премьер-Министр «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС-ға барды. Кәсіпорын 2003 жылы жеке инвестициялар есебінен салынды және гипстен жасалған бұйымдар, құрғақ құрылыс қоспаларын, сондай-ақ мырышталған профильдер шығарады.
Қазіргі уақытта өндіріс 100% қуаттылықпен жұмыс істеуде. Зауыт өнімдері ішкі нарыққа және таяу шетелдерге: Ауғанстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдеріне жеткізіледі. 2022 жылы жалпы өндіріс көлемінің 30%-дан астамы экспортқа жіберілді.
Әлихан Смайылов Үкімет құрылыс индустриясында жоғары технологиялық кәсіпорындар құруды белсенді қолдайтынын, бұл импортты алмастыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Шетелдік инвестицияларды тарта отырып, мұндай жобаларды іске асыру инвесторларды қолдау бағытында мемлекеттің сенімді көрсеткіші болып табылады. Облыс әкімдігі жаңа индустриялық жобаларды іске қосу үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыруы тиіс», деп қорытындылады Әлихан Смайылов.