Қонаев қаласында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мәселелері зерделенді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков және Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасады. Олар облыстың даму қарқыны, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы ағымдағы ахуал, автомобиль жолдарын салу, тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жоспарлары жайында айтып берді.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-министр Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ұсынылған кең ауқымды реформаларды іске асыруға кіріскенін атап өтті.
«Онда дамудың негізгі драйверлері ретінде өңірлерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы жылдарда ауылдық аймақтарды өркендетуге басымдық беріліп, ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналатын болады. Бұл ретте еліміздің аграрлық-индустриалды өңірі болып саналатын Алматы облысының алатын орны ерекше», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, жуырда Ауылдық аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы қабылданады. Ол ауыл экономикасын, жер қатынастарын, жергілікті өзін-өзі басқаруды және басқа да салаларды жаңғыртуға бағытталады. Сонымен қатар Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясындағы жұмыстар, сондай-ақ бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және суармалы жерлерді көбейту бойынша жұмыстар жалғасады.
Премьер-министр әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша да ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Бұл бағытта «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жаңа ұлттық жобалары іске асырыла бастады. Атап айтқанда, үш жыл ішінде облыста 68 мың орынға арналған 63 мектеп және 38 жаңа медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын ашу жоспарланған.
«Үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін қосымша 9 мектеп салу қажет. Қаржы министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты бюджеттен тыс қорымыз бар. Оған 120 млрд теңге түсті. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігіне қаражат бөлуге тиісті өтінім беру керек», деді Әлихан Смайылов.
Ол 2030 жылға дейін Алматы агломерациясын дамыту, сондай-ақ Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң («Агломерацияларды дамыту туралы») аясында Алматы облысы мен Алматы қаласының дамуындағы теңгерімсіздікті жою бойынша кешенді жұмыс жүргізілетінін атап көрсетті.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, агломерация аймағында шикізаттық емес сектордың ірі кәсіпорындары шоғырланған.
«Индустриялық аймақтарды құру, шетелдік компанияларды релокациялау, инвестицияларды тарту бойынша жұмыстарды жалғастыру маңызды, нәтижесінде бұл экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмысты бәсекеге қабілетті өнім шығаруға, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен саласына баса назар аудара отырып, жандандыру керек», деді ол.
Премьер-министр бүгінде облыстың инвестициялық портфелі құны 718 млрд теңгеден астам соманы құрайтын 134 жобаны қамтитынын атап өтті. Осы жобалар аясында 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 111 млрд теңге болатын 39 жоба іске асырылды.
«Тағы 95 жоба іске асырылуда. Оның құны 600 млрд теңгеден астам. Облыс әкімдігі барлық жобаларды мерзімінде іске қосуы керек», деді Әлихан Смайылов.
Келесі мәселеге тоқталған Үкімет басшысы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссиялардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету, заманауи көкөніс қоймаларын салу мен жаңғырту, сондай-ақ басқа да реттеу және бақылау шараларын қолдану қажет екенін атап өтті.
«Бұл жерде ішкі нарықты өзіміздің азық-түліктермен толтыру және оларды маусымаралық кезеңде сақтау үшін жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу маңызды», деді ол.
Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-министр Қонаев қаласында және Жәпек батыр ауылының маңындағы кәріз-тазарту жүйелері жобалары бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу, саяжай аумақтарындағы мәселелерді шешу бойынша жоспар әзірлеу және Қонаев қаласында политехникалық колледж салу мәселесін пысықтау, сондай-ақ өңірдің ирригациялық жүйелерін және суару желілерін жаңарту қажет екенін атап өтті.
Облыс әкімдігінде Әлихан Смайылов Қонаев қаласын дамытудың бас жоспарымен, G4 City-ді одан әрі әзірлеу жобасымен және Талғар ауданы Ақдала ауылында тұрғын үй алаптарын салу жоспарымен танысты.