Арқада аяз кәріне мінгелі бірнеше күн. Қаңтардың онынан басталған аяз үш күнге созылды. Ауа температурасы – 30 градустан төмендемеді. Осы орайда Қарағанды облысында аяз күшейгеннен бері «Тегін такси» қайырымдылық акциясы бастау алды. Мұндай игі іске ұйытқы болған – мешіт қызметкерлері. Діндарлардың бұл үндеуіне көлік иелері мен жанармай құю бекеттері де қолдау білдіріп, аймақта жүзге жуық такси тегін қызмет көрсетті.
– Біз «Тегін такси» және «Қолыңнан келсе, қолғабыс бол» қайырымдылық акцияларын өткіземіз. Жақсылық жасап, маңайыңа көмек берген абзал. Жұртшылықты мейірімділік пен жауапкершілікке шақырамыз, – дейді Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тегін такси облыстың қалаларында ғана емес, ауылдық жерлерде де халықты тасып жүр. Акцияға бір жанармай бекеті үн қосқан. Бұдан бөлек, аязды күндері коммуналдық қызмет жұмысшыларына ыстық шәй таратып, бойларын жылытуға да қамқорлық танытыпты.
– Баршасына рахмет. Осындай игі істер көбейе берсін. Бұл халыққа көмек. Мен күн сайын мешітке барамын. Осы аязды күндері мені үйге тегін алып келді, – дейді 74 жастағы ақсақал Зікірия Абдрахманұлы.
ҚАРАҒАНДЫ