Бас Прокурордың бұйрығымен Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы лауазымына Нұрдәулет Мықтыбекұлы Сүйіндіков тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нұрдәулет Сүйіндіков еңбек жолын 2000 жылы Шымкент қаласы прокуратурасының құқықтық статистика және ақпарат жөніндегі маманы қызметінен бастады. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы прокурорының аға көмекшісі, Шымкент қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлім бастығы қызметтерін атқарды.
2005-2010 жылдары Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саладағы қадағалау департаменті бөлімнің аға прокуроры, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Департамент басшысының орынбасары, Бас прокурордың ерекше тапсырмалар бойынша аға көмекшісі - Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді.
Астана қаласының «Сарыарқа» ауданының прокуратурасын басқарды, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.
2018 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.
2022 жылдың маусымынан бастап қазіргі уақытқа дейін Бас прокуратураның Стратегиялық дамыту департаментінің бастығы қызметін атқарған.
Сондай-ақ Стратегиялық дамыту департаментінің бастығы болып Әлжан Әбдірахманұлы Нұрбеков тағайындалды.
Әлжан Нұрбеков прокуратура органдарындағы қызметін 2000 жылы Шымкент қаласы прокуратурасында бөлім прокуроры қызметінен бастады.
Астана прокуратурасы бөлімінің прокуроры, Астана қаласы прокуратурасының «Сарыарқа» ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы, Бас прокуратураның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарма прокуроры, аға прокуроры және бастығы лауазымдарын атқарды.
2011 жылы Бас прокуратураның Халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды.
2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін Бас Прокурордың ерекше тапсырмалар бойынша аға көмекшісі қызметін атқарды.