• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Қаңтар, 2023

«Ауыл – ел бесігі» жобасына бөлінген қаржы толығымен игерілмеген

530 рет
көрсетілді

Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарында «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасына бөлінген қаржы толығымен игерілмей отыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында аталған өңір әкімдеріне нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ауылдың әл ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл-ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елеулі жұмыстар атқарылып келеді. 2027-ші жылға қарай 3,5 мың ауылдық елді мекендерді стандарттық жүйеге сай дамыту көзделіп отыр. Сонымен қатар ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту», деді Премьер-министр.

Министр ауылдарды дамытуға бағытталған шаралардың нәтижесіне көңілі толмайтынын жасырмады.

«Өткен жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 326 млрд теңгеге 3,6 мың жоба іске асырылды. Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында бөлінген қаражатты игеру және жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы. Ал, кейбір өңірлерде бұл жұмыс ақсап тұр. Мәселен, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарында қаржыны игеру және жобаларды іске қосу деңгейі төмен. Аталған өңір әкімдері «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға ерекше назар аударуы тиіс. Әсіресе жобалардың уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алу керек», деді Әлихан Смайылов.

 

Гүлшахра САНСЫЗБАЙ