• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2014

Мақсат – кәсіпкерлікті дамыту

397 рет
көрсетілді

Мұнайлы Жаңаөзен қаласы бүгінде 130 мыңнан астам тұрғынның құтты мекені. Өңірде тек бір сала – мұнай өндірісі ғана жетекші басымдыққа ие болды, бірақ қай саланың да жұмыс атқару көлемі мен соған сай жұмысшылар орны шектеулі екендігі белгілі. Осыдан келіп, өңірде жұмыссыздық мәселесі шиеленісе түсті. Сондықтан Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлік саласын дамыту қолға алынды. Бұл – тұрғындарды жұмыспен қамтуға, әрі ел экономикасын арттыруға негізделген іс еді. «Жаңаөзен қаласында кәсіп­керлікті дамытудың кейбір мәсе­лелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы­сымен Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамытудың 2012-2014 жылдарға арналған арнайы жоспары бекітілді. Аталған қаулы негізінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арқылы Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамыту үшін 2,109 млн.теңге қаражат екінші деңгейлі 6 банкке, атап айтсақ: «Халық Банкі» АҚ, «Ресей Жинақ Банкі» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ, «Дельта Банкі» АҚ, «Еура­зия­лық банкі» АҚ, «Темір Банкі» АҚ-ға орналас­тырылып, қаржы­ландырылуда. 2012 жылы жалпы сомасы 927,4 млн.теңгені құрайтын 28 жоба, 2013 жылы 722,8 млн.теңгені құрайтын 27 жоба мақұлданып, қаржыландырылды. Бұл жұмыс ағымдағы жылы жалғасып, өңірлік үйлестіру ке­ңесінің отырысында 6 кәсіп­керлік жоба 287,4 млн.теңгеге мақұлданып, субсидия жолымен қаржыландырылды. Аталған қаулыға сәйкес, тиіс­ті салалық министрліктермен, «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бір­лікте шағын және орта бизнесті дамыту бойынша әріптестік бағдарламасын іске асыру жос­пары бекітілді. Осыған орай, се­німгерлік басқару немесе меншік құқығы негізінде дауыс құқығын беретін акциялардың елу және одан артық пайызы тікелей немесе жанама түрде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға тиесілі ұйымдармен тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуда бірінші кезекте жергілікті өнім өндірушілер назарда болып, басымдылық берілуі тиіс. Яғни, жергілікті өнім өндіруші «Жанарыс» ЖШС арнайы киім, «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС сүт өнімдері, «Акво-Идеал» ЖШС су өнімдері және тағы басқа мекемелер өнімдерін өткізеді деген сөз. Кәсіпкерлік дамыту жұмыс­тары оңай болған жоқ. Жоқтан бар жасау немесе барды ұқсата білуді талап етті. Кей ретте ескіні елеусіз қалдырмай, заманға сай жаңғырта пайдалану қажет болды. Мысалы, бұрынғы шипажай ғимараты Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің балансына беріліп, «Бизнес-инкубатор» ғимараты болып ашылды. Қазіргі таңда бұл «Бизнес-инкубатор» ғимаратында ісін жаңадан бастаған 45 жеке кәсіпкер өз бизнесін дамытып, 140 жаңа жұмыс орнын ашты. 3 қабаттан тұратын бұл ғи­ма­раттың бірінші қабатында тігін, тоқыма шеберханалары, компьютерлік қызмет көрсе­ту орталығы, «ID Studio» шы­ғар­машылық студиясы, ұлттық кәдесыйлар дайындау, аяқ киім жөндеу, мөр және мөртабан жасау шеберханалары, баннер, билборд және басқа да баспаханалық өнімдер шығаратын жарнама агенттігі, шаштараз, асхана, дене­шынықтыру клубы, «Нұр Банк» АҚ есептік кассалық бөлімшесі орналасқан. Екінші қабатта ұлттық кәсіпкерлік палатасының өңірлік кеңсесі, консалтингтік қызмет, (жобалар және бизнес-жос­парлар дайындау, бухгалтерлік қызмет, мүлікті бағалау, кәсіп­керлерге құрал-жабдықтар мен құрылғыларды өндіруші зауыттардан тікелей тасымалдау­шы компания), фотостудия, сублимация, туристік агенттік және авиакасса қызметі, тігін, қызмет көрсету, тігін құралдарын және материалдарын тасымалдаушы, қолөнер шеберханалары қызмет атқарады. Ал «Қалалық кәсіпкерлік бөлімі» ММ, қаржы институттары, «Маңғыстау облысының микрокредиттеу орталығы» шағын несие ұйымы» ЖШС, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, мемлекеттік сатып алу негіздеріне оқыту орталығы, консалтингтік қызмет (заңгер, біліктілікті арттыру институты), өлшеуіш аппараттарды жөндеу орталығы жоғарғы қабатты ­иеленген. Бүгінгі таңда Жаңаөзен қа­ласы бойынша жұмыссыздық орталығында 3737 адам тіркеу­де тұр. Арнайы жоспар бағдар­ла­масы аясында 2012–2013 жыл­дары 485 адам жұмыспен қамты­лып, бұл көрсеткіш қаладағы жұ­мыссыздық деңгейін сәл де болса төмендетуге септігін тигізді. Шағын бизнес қала эконо­микасының барлық салаларында орын алған. Кәсіпкерлердің негізгі қызмет түрі сауда, жалпы коммерциялық қызмет, өнер­кәсіп өнімдері, көлік және құрылыс болып табылады. Қаладағы шағын және орта бизнестің даму қарқынын өт­кен жылмен салыстырғанда оң көрсеткіш байқалуда, атап айтатын болсақ, 2012 жылдың қорытындысы бойынша 7163 кәсіпкер тіркелсе, 2013 жылдың есепті кезеңінде 7665 кәсіпкер тіркеліп, шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілерінің саны 2013 жылдың сәйкес кезе­ңімен салыстырғанда 107,0 %-ға өскен. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыспен қамтыл­ғандардың саны 2012 жылдың қорытындысы бойынша 15353 адам, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,4%-ға өсіп, 15868 адамды құрады. Халықтың экономикалық белсенді бөлігіндегі шағын және орта кәсіпкерлердің үлесі 2012 жылдың қорытындысы бойынша 30,2 пайызды көрсетіп, бұл 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,3 пайызға өскендігі байқалды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 17847,5 млн.теңге, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110,6 пайызға өсіп, 19748,1 млн.теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлікте бюджетке түскен салықтық және салықтық емес түсімдер 2012 жыл­­­дың қорытындысы бойынша 6715,5 млн.теңге, 2013 жылдың осы­ ке­зеңімен салыстырғанда 6964,0 млн.теңге 103,7 пайызға өсті. Жаңаөзенде кәсіпкерлік саласы аяғынан тік тұрып келеді. Бұған дейін Жаңаөзен десе мұ­найшылар еске түсіп, оны «мұнайшылар қаласы» деп атаған болса, енді өз ісін өрге домалатып, тұрғындарды жұмыспен қамтып, өндірген өнімдерін нарыққа шығаруға талпынған кәсіпкерлерімен де мақтана алатын болады. Серікбай ТҰРЫМОВ, Жаңаөзен қаласының әкімі. Маңғыстау облысы.