Биыл Шымкент қаласы үшін өте маңызды жыл болғалы тұр. Өйткені 2035 жылға дейінгі мерзімді қамтитын мегаполистің бас жоспары бекітіледі. Яғни қаланы қазіргі және кейінгі болжамды өсімін ескере келе алдағы онжылдықта дамыту көзделіп отыр.
Әрине, бас жоспар дегенде ең алдымен қозғалатын мәселе LRT болатыны сөзсіз. Себебі негізгі құжатта жеңіл рельсті қоғамдық көлік жүргізіледі деп жоспарланған. Осыған байланысты сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Нұразханов түсініктеме беріп, босқа ақша жұмсалады, «сақалды құрылысқа» айналады деп қауіптенудің, күдіктенудің негізі жоқ дегенді айтты.
Бұл LRT аспалы емес, жерге төселген рельстің үстінде жүреді. Рельстер оңтүстікен солтүстікке, батыстан шығысқа болып айқышталып төселеді. Ол жеңіл рельсті қоғамдық көліктердің классикалық нұсқасы. Бұл тәжірибе әлемдегі ірі мегаполистердің барлығында қолданылады. Содан соң LRT негізгі көшелер арқылы өтпейді. Қосалқы көшелермен жүргізілетін болады. Сондықтан ешқандай нысан бұзылмайды, қосымша жерлер алынбайды. Осының өзі-ақ оның бағасын арзандатып отыр. Бүгінге дейін LRT салып береміз деп бірнеше инвестор келді. Олардың қатарында Босфор бұғазындағы теңіздің астынан метро салған түрік компаниясы да бар. Әзірге ешқайсысымен келісімшарт жасалған жоқ. Ол үшін алдымен бас жоспар бекітілуге тиіс. Сондай-ақ LRT еліміздің немесе инвестордың, болмаса Еуропалық даму және қайта құру банкінің қаржысы есебінен қаржыландырыла ма, оны әлі уақыт көрсетеді. Алдағы кезде Үкімет атынан сөйлейтін топ-менеджерлер бұл мәселемен айналысады. Не болса да Өзбекстандағы LRT-дай ұзындығы төрт есе үлкен, бірақ бағасы Астанадан бірнеше есе арзан жоба болуға тиіс және сол тұрғыдан қарастырылуы керек. Шымкенттің бас сәулетшісі осылай дейді.
Ал қала әкімінің орынбасары М.Исаховтың сөзіне қарағанда, 2035 жылға қарай мегаполис халқы 1 млн 850 мың адамға жетеді деп болжанып отыр. Осы ретте тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін қала құрылысы уақыт ағымынан қалмай жүргізілуі қажет. Бұл – бірінші кезекте баспана мәселесі. Аталған проблеманы шешу үшін қала әкімдігі 2035 жылға дейін 30 млн шаршы метр тұрғын үй салмақ. Сонда жылына 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп отыруы қажет. Осы талап үдесінен шығу үшін жергілікті билік құрылыс саласына инвесторлар тартуды жоспарлап отыр.
Айта кетер маңызды жайт, бас жоспарды жасауда қала 1:500 форматта аэрофотоға түсірілді. Тұңғыш рет мегаполистің 117 мың гектар аумағы 275 кадастрға бөлінді. Сондай-ақ бас жоспар негізінде шаһардағы жерасты инфрақұрылым жүйелерінің геопорталы әзірленіп жатыр. Соның нәтижесінде жер астында жатқан барлық құбырлар, олардың диаметрлері мен қанша қалыңдықта көмілгені, трубалар темір ме, пластик пе, осы секілді барлық ақпарат цифрлық базаға енгізіледі. Бүгінгі таңда лазер арқылы жерасты инфрақұырылым жүйелері анықталу үстінде. Бұл жұмыстар не үшін қажет болды? Қала әкімі орынбасарының айтуынша, кезінде жекеменшік мекемелер газ бен суды тартқан уақытта техникалық шартты алып, құжатты кері өткізбеген. Соның салдарынан бүгінде жер қазу жұмыстары барысында экскаваторлар құбырларды байқамай жұлып кетіп жатыр. Сонымен бірге мегаполисте ірі жол құрылысы жобаларын іске асыру кезінде жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына алу үдерісі де қолды ұстайды. Осы орайда жергілікті әкімдік 1 118 жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару үшін қаулы шығарған. Ресми дерек бойынша былтыр 400-ге жуық жер учаскесі алынған. Оның жалпы аумағы 80 гектарды құраса, жұмсалған қаражат 8,6 млрд теңге болды.
Шымкенттің бас жоспарын әзірлеген компания тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде ешқандай ірі өндіріс ошақтары болмауы керек, өйткені ол экологияға зиянды деген ұйғарым жасады. Осыған байланысты жергілікті әкімдік арнайы жоспар қабылдап, ендігі жерде жиһаз, киім, тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындардан басқа бірде-бір зиянды өндіріс орындары бұл аумақта орналаспайтын болып шешілді. Сондықтан жаңа бас жоспарда ауыр өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар шаһардың батыс аумағынан қоныс тебетін болады және сол үшін арнайы 5 мың гектар жер қарастырылып жатыр.
Жалпы, бас жоспардың нобайы өткен жылы халыққа жан-жақты таныстырылды. Бірнеше қоғамдық талқылау өткізілді. Шаһардың болашақ келбетін көру үшін 2 мыңнан аса қала тұрғыны бас жоспардың картасын тамашалады. Қоғамдық ұстанымын білдіргісі келген 149 азамат құжатқа қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Солардың ішінде еліміздің Сәулетшілер одағының вице-президенті А.Мамырбаев та Шымкент қаласы сәулетшілер қауымдастығының төрағасы ретінде әрі осы ұйым атынан өз ұсынысын білдірген.
Кезінде Шымкенттің бас сәулетшісі болған ол саланың кәсіби маманы болғандықтан бас жоспарға қатысты бірнеше ескертпе жасапты. Алайда олар есепке алынды ма, жоқ па, ол жағын әлі нақты білмейді.
«Бұрынғы бас жоспарда теміржол вокзалы Бозарық елді мекенінде болатын. Манкеттен шыққан пойыз Бозарықтағы теміржол вокзалына тоқтап, кейінгі станса – Бадамда аялдауға тиіс-тұғын. Жаңа бас жоспарда теміржол вокзалы әуежай жаққа ауыстырылыпты. Неге деген сауалға логистика мәселесінен туындады деген жауап алдық. Жарайды, жүк көлігі пойызы аэропорт аумағындағы вокзалға бара қойсын. Жолаушыларға арналған вокзал бәрібір бөлек болуы керек қой. Ипподром айналасы рекреациялық аймаққа жатады. Сондықтан ол жерден әу баста көпқабатты үйлер салуға қарсы болғанбыз. Енді қазір тұрғызылып жатқан үйлер зоопарктің рекреациялық қорғау аумағына кіріп кеткен. Ертең ол үйлерге зообақтағы иіс барады, аңдардың у-шуы естіледі. Сонда тұрғындар оны да көшіру керек деп айқайлап шықпасына кім кепіл. Ал зоопаркті қайта жаңғыртуға осының алдында ғана қыруар қаржы жұмсалғанын ұмытпайық. Осы мәселенің де шешімін қабырғасынан қойғанбыз. Шымкентті агломерация жүйесі бойынша дамыту қажет-ақ. Өйткені келешекте мегаполиске жақын ірі қалалар мен елді мекендер түбі Шымкентке қосылуы бек мүмкін. Сондықтан Ленгір, Темірлан секілді қала, елді мекендердің де бас жоспары әзірленсе деген ұсыныс тастадық. Сосын мегаполис ауызсуды Ленгір мен Ақсукенттен келетін жерасты суларынан алады. Бұл ретте аталған елді мекендердегі жерасты су көздерін таза ұстау өте маңызды. Өкінішке қарай, тұрғын үйлердің әр ауласынан қазылған септиктердің лас суы жерге сіңіп, Шымкенттің жерасты ауызсу көзіне үлкен зиянын тигізгелі жатыр. Мұндай экологиялық зардаптың алдын алу үшін шұғыл Ленгір мен Ақсукентте кәріз жүйесін қолға алу қажет екенін ескерттік», деді А.Мамырбаев.
Қаланың бас сәулетшісі Е.Нұразхановтың мәлімдеуінше, бас жоспар биылғы көктемнің басында сараптамадан өтсе, мамыр айының соңында Үкіметтің бекітілуіне тапсырылатын болады. Сонымен бірге бас жоспарға сәйкес үшінші мегаполис солтүстік бағытқа қарай дамиды. Бұдан бөлек шаһардағы әр аудан әкімдігі өз алдына бөлек көркейеді. Яғни бұрынғы жүйе секілді қаланы бір орталық қағидатымен өркендету ендігі үрдіс алмайды.
ШЫМКЕНТ