Жамбылдық шаруалар ағын судың азабын жазда ғана емес, қыс мезгілінде де қозғап жүр. Мұнысы өзекті мәселе өте тез шешілсе деген ниеттен болса керек. Сарысу ауданының шаруалары бұл жолы өңірге салаға жауапты министрлерді шақырды. Жергілікті халықтың жанайқайын еститін адам бар ма екен?
Досбол мен Түгіскен ауылдары тұрғындарының айтуынша, елді мекендер табиғи апаттың алдында тұр. Ал атқамінерлер жұрттың жанайқайына алты жылдан бері құлақ аспай келеді. Қамыққан халық осылайша жаздың қамын қыста ойлап отыр. Өткір мәселенің оңынан шешілгенін қалайды. Өйткені халық бұл мәселені көтере-көтере мезі болған.
«Ауыл жұрты ағын судың азабын тартудай тартып келеді. Соның салдарынан шөп те шықпай қалған. Төрт түлік мал осылайша азықтан қағылып отыр. Сондықтан да бұл мәселенің дер кезінде шешімін тапқаны мақұл болмақ», дейді Досбол ауылының тұрғыны Пернебек Алтынбеков ашынып.
Елді мекен тұрғындары Ауыл шаруашылығы және Экология министрлерінің ауданға арнайы ат басын бұрып, жағдаймен толық танысқанын қалайды. Сол үшін де салаға жауапты ведомство басшыларын ауылдарына шақырып отыр. Министрлер келсе, мәселе өздігінен шешімін табардай үміттері басым.
Сарысу ауданының сартап даласын қоныс еткен жұртшылық төрт түлік малдың қырылуынан әбден шаршаған, мезі болған. Судың тапшылығынан бірнеше ауылдық округте жайылым жерлер жарамсыз болып қалған көрінеді. Салдарынан диқандар егін салудан, шопандар шөп шабудан қағылған екен. Қысқасы, аудандағы бірнеше елді мекеннің ахуалы дабыл қағарлықтай-ақ болып тұр.
«Бірнеше жылдың бедерінде 300-400-ге жуық ірі қара мал шығын болды. Себебі мәлім ғой. Судың жоқтығы малдың тоқтығына тікелей әсер етіп тұрғаны түсінікті. Тіршілік нәрі болмағаннан кейін мал атаулыда неше түрлі ауру тіркелуі ықтимал екенін қаперден шығармаған абзал. Тіпті төрт түлік паразит ауруынан өлексеге айналуы да мүмкін. Қысқасы, мәселеміз тезірек шешімін тапқаны дұрыс», дейді Досбол ауылының тұрғыны Талғат Маханов.
Ағын суға сусаған сарысулық шаруалар көрші Талас ауданына кіріптар болып отырғандарына күйінеді. Аталған ауданның атқамінерлері ағын су өздеріне жетпей жатқандықтан, көршілеріне өте аз мөлшерде жіберіп отыр екен. Осылайша, көршінің қабағын баққан шаруалардың жүзінен ызаның табы айқын аңғарылып тұр.
Аудандағы жергілікті атқарушы биліктің өкілдері бірнеше ауылдық округте төрт түлік мал қырылды дегенді жоққа шығарып отыр. Әйткенмен ағын су мәселесінің өткір екенін біледі. Айтуларынша, су жеткізуде мәселесі өткір болып тұрған Нұрабай каналын кеңейту жұмыстары алдағы жылы қолға алынбақ. Соған қарағанда шаруалардың жанайқайы жақын бірнеше айдың бедерінде шешімін таба қоюы екіталай сияқты. Кім білсін, жауапты министрлер келіп, іске жедел кіріссе, бәлкім жергілікті жұртшылықтың алғысын арқалап та қалар.
«Анығырақ айтар болсақ, Талас өзені бойындағы Ойық су торабынан кейінгі орналасқан су реттегіш құралдарды Сарысу ауданына дейінгі аралықта «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Жамбыл филиалы теңгеріміне беру бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Осы бағытта жұмыстар жүргізілмек», деді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Аманов мәселенің мәнісіне үңіліп.
Салы суға кеткен сарысулықтар болсын, басқа ауданның шаруалары болсын, қысы-жазы ағын судың мәселесін көтеруден шаршаған емес.
БАҚ өкілдерін жиі шақырып, көкейкесті мәселелерін көтеріп жатады. Өткір проблемалар БАҚ беттерінде қозғалудай қозғалып келеді. Алайда өңірде бұл мәселе өрши түспесе, басылатын түрі жоқ. Сарысулықтардың мәселесін жедел шешуге кімнің құзыреті мен қауқары жетеді екен? Кім білсін... Бәрін уақыт көрсете жатар...
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы