• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қаңтар, 2023

Батыс Қазақстан облысының жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді

234 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Алмаз Ыдырысов Қазақстанның батыс өңірлерінде іске асырылып жатқан автожол жобалары туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Спикердің айтуынша, еліміздің батыс өңірінде «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат» жол учаскесін жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, «Қандыағаш – Мақат» учаскесінде негізгі жұмыстар аяқталып, биыл аталған бағытта жол қозғалысы ашылады деп жоспарланған. Сондай-ақ ұзындығы 96 шақырым болатын «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесі бойынша да жыл соңына дейін жол жүрісі ашылады.

«Атырау – Астрахан»  учаскесі жайлы айтатын болсақ, оның 277 шақырымының 140 шақырында көлік қозғалысы қамтамасыз етілген.

Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысында 248 шақырымдай жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, оның 129 шақырымында жол жүрісі қамтамасыз етілді.

«Қазір тиісті жұмыстарды уақтылы аяқтау үшін қажетті материалдар дайындалып жатыр. Ақпан айынан бастап инертті материалдарды тасымалдауға арналған вагондар паркін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді вице-министр.

ИИДМ басшысының орынбасары өткен жылы автожол жобаларының сапасын арттыру мақсатында заңнамалық деңгейде бірқатар түзету қабылданғанын еске салды. Мәселен, кепілдік мерзімі кезеңінде авторлық қадағалау мен техникалық бақылаудың жауапкершілігі ортақ болады.