Ұлыбританияның әйгілі велошабандозы, көптеген аса ірі халықаралық жарыстың жеңімпазы әрі жүлдегері, әлемдегі ең үздік спринтерлердің бірі әрі бірегейі Марк Кавендиш «Астананың» жейдесін киді. Енді ол алдағы маусымда Қазақстанда іргетасы қаланған команданың намысын қорғайды.
Жоғарыдағы жаңалықты жергілікті жанкүйерлер жылы қабылдады. Себебі Кавендиштің қандай мықты спортшы екенін жұрт жақсы біледі. 1985 жылдың 21 мамырында Ирландия теңізіндегі Мэн аралында дүниеге келген Марктің велоспортта бағындырмаған белесі кемде-кем. Ол – Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері (2016 жылы), төрт дүркін әлем чемпионы (2005, 2008, 2011, 2016), Достастық ойындарының жеңімпазы (2006). Марк «Тур де Франс», «Джиро д’Италия» және «Испания Вуэльтасы» секілді ең белді әрі мәртебелі жарыстардың барлығында ең үздік спринтерге тиесілі арнайы сыйлықтарды иеленді. Сондай-ақ Франциядағы көпкүндіктің 34 кезеңінде топ жарып, осы көрсеткіш жағынан ХХ ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары атой салған Бельгияның аты аңызға айналған велошабандозы Эдди Меркспен теңесті.
– Марк Кавендишті таныстырып жатудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол велоспорт тарихындағы ең үздік спринтер екені еш дау туғызбаса керек. Осындай мықты спортшының «Астана» клубының қатарына қосылғанына мен дән ризамын. Кавендиш қай жарысқа қатысса да тек жеңіске жетуді көздейді. «Астананың» да мақсаты сол. Сондықтан да алдағы маусымда біз жарқын жеңістерімізбен өз жанкүйерлерімізді қуанту үшін еш аянып қалмаймыз, – дейді «Астана» клубының бас менеджері, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров.
Биыл көктемде Марк 38 жасқа толады. Соған қарамастан ол әлі де бабында. Былтырғы маусымда Кавендиштің «Милан-Турин» додасында дара шығып, «Джиро д’Италия», «Оман туры» және «БАӘ туры» секілді жарыстардың кезеңдік сайыстарында жеңімпаз атануы осы сөзіміздің айқын дәлелі.